15 жасар бала анасын өлтірді деген күдікпен қамауға алынды

3292
Adyrna.kz Telegram

Алматыда анасын өлтірді деген күдікпен 15 жасар бала қамауға алынды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Жасөспірім жанжал кезінде анасын пышақтап, көшеге жалаңаяқ шығып кеткен. Жантүршігерлік қылмыс болған үйдің тұрғындары қатты шошып қалған.

«Баланы бір-екі рет қана көргем. Қайтыс болған келіншекті жақсы танимын. Өте ақжарқын адам болатын. Біздің подьездің белсендісі еді. Мен ештеңе естіген жоқпын. Таңертең тыныш болды. Полиция келген соң ғана қылмыс жасалғанын білдік. Тұрғындардың бәрі қорқып қалған»,-деді көршісі Евгений Васильев.

Қанды қылмыс таңғы сағат бес шамасында көпқабатты үйде болған. Көршілері бұл отбасының бұрын-соңды ұрысқанын естімедік деп отыр. Олардың айтуынша, ауруханаға жетпей жан тапсырған жалғызбасты әйел заңбұзушылыққа қарсы шығып, белсенділігімен жиі көзге түскен. Ал анасына бірнеше жерден пышақ сұққан соң кәмелетке толмаған бала далада жалаңаяқ арлы-берлі жүріпті. Қыстың көзі қырауда қар үстімен аяқ киімсіз жүрген жасөспірімнің оғаш қылығын көрген тұрғындар бірден тәртіп сақшыларын шақыртқан. Полиция оқиға орнына жетіп, бозбаланың қылмыс жасағаны белгілі болған. Күдікті бірден құрықталып, қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Қазір ҚК-тің 99-бабы, 1-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу жүргізілуде. Бұл тергеу әрекеттеріне міндетті түрде психолог мамандар қатысуда. Алдын ала болжам бойынша, бұл балада жүйке ауытқуы болуы мүмкін. Бірақ оны нақты сот-психиатриялық сараптама анықтайды»,-деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер