Қазақ жерінде ортағасырлық қала мәдениеті негізінен, Ұлы Жібек жолының бойында шоғырланғаны белгілі. Соның бір тармағы Жетісудың солтүстік шығысында, Жоңғар қақпасы бойына таралған.Жетісудың ортағасырлық қалалары мен қоныстарын зерттеу, олардың пайда болу, қалыптасу үдерістерін бір жүйеге түсіру принципті түрде алғанда, Қазақстанның орта ғасырлық тарихының толық бейнесін жасауға айтарлықтай әсерін тигізеді. Жетісу өлкесі оның ішінде Іле өлкесі жайындағы зерттеулердің алғашқысы ретінде, С.О.Гуляевтің «Вестник Руского географического общетвада» жарияланған жұмыстарында өлкенің ортағасырлық мәдениеті жайында сипаттамалар кездеседі [1, 22-25 бб.].
1856-1857 жылдары Ш.Ш.Уәлиханов Іле өлкесіне екі рет саяхат жасап, өзінің «Поездка на Иссык-Куль» және «Запсики о киргизах» атты еңбектерінде ежелгі қорғандарға, қираған қалалардың қалдықтарына, егін шаруашылығымен байланысты дүниелерге назар аударады [2. 280-281, 245 бб.]. Тарихнамалық тұрғыдан Н.А. Абрамовтың мақалаларын ерекшелеп айтуға болады. Аталған ғалымның еңбектерінде Іле өңірі мен Жоңғар Алатауының аймағындағы ескерткіштер жөнінде мәліметтер кездеседі [3. 59-63 бб.]. 1884 жылғы Г.В. Фишердің мақаласы Балхаш көлінің маңындағы орта ғасырлық қала мәдениетіне арналады. Онда табылған сырлы қыш ыдыстар жайында да біршама мағлұматтар келтірілген [4. 3-21 бб.].
Жетісудың солтүстік шығыс бөлігінің XIX ғасырдың 90-шы жылдарына дейінгі зерттелген ескерткіштерінің тізімі В.М. Флоринскийдің жасаған жинағында көрсетілген [5. 16-31 бб.]. Жетісудың солтүстік Шығыс бөлігі, Жоңғар қақпасы мен Алакөл аймағының қазан төңкерісіне дейінгі жайындағы зерттеу жұмыстары В.В.Бартольдтың зерттеулерімен және Түркістан археологиялық үйірмесінің жұмыстарымен байланысты. В.В. Бартольдтің «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью 1893-1894» атты шығармасында Жетісу жерінің көне заманнан орта ғасырға дейінгі тарихына толықтай шолу жасап, біршама іргелі мәселелердің басын ашып кеткен. Бірақ В.В. Бартольд Жетісудың солтүстік шығысы, Алакөл аймағы және Жоңғар қақпасы жайында яғни қарлұқ, қимақ және қарақытайлардың мекендеген жерлері жайында абайлап қана, өз көзқарасын білдіреді [6. 21-91 бб.]. Аталған мемлекеттердің шекаралық қоныстануы жайында да аса бір тиянақты пікір келтермейді. Тек орта ғасырлық араб-парсы деректеріндегі айтылған ойларды салыстырған. Мүмкін ол кезде әлі де болса, археологиялық толық зерттелмеген өлкенің тарихына қатысты батыл пікір айту ертерек болған шығар. Сондай-ақ, төңкеріске дейінгі археологиялық зерттеу жұмыстары И.А. Кастаньенің шолу еңбегінде қарастырылған [7. 121 б.]. Жетісу өңіріндегі орта ғасырлық қала мәдениетінің зерттелу мәселелері А.Н. Бернштамның жүргізген зерттеу жұмыстарымен тікелей астасып жатыр. А.Н. Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экспедициясы 1938-1941 жылдары аталған өңірге жүргізген зерттеулер барысында табылған және анықталған мол материалдар біраз жылдар бойына баспа беттерінде жарық көріп келді [8.]. 1935 жылы К.Ходжиковтың еңбегінде бірнеше қорғандар, тасқа салынған суреттер, көне суландыру жүйесі жайында деректер келтіріледі [9. 42-45 бб.]. 1956 жылы ҚазССР ҒА археологиялық бөлімі Археологиялық карта жасауға материал жинақтау мақсатымен Алматы мен Талдықорған аймағына экспедиция ұйымдастырып, бірнеше орта ғасырлық қалалардың орналасқан орындарын анықтап, ғылыми айналымға енгізді. Бұл жұмыстың нәтижелері Е.И.Агееваның мақалаларында көрсетілген [10. 65-69 бб.]. Жетісудың біз нысанға алып отырған бөлігі 1960 жылы шыққан Қазақстанның Археологиялық картасында жақсы сипатталып, біраз ортағасырлық қалалардың орындары анықталды [11. 303-312 бб.]. Бұл өңірлер 1962-1965 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы негізінде зерттеуге түсіп, ғылымда белгісіз болып келген 18 жаңа қалалар ашылды. Сондай-ақ, Сүмбе Антоновка, Кеген, Құлан, Мерке қалаларына қазба жұмыстары жүргізілсе, Басқанд, Сарқанд, Ақсу, Лепсі және Іле өзенінің төменгі ағысындағы қалаларға шурфтар салынды [12]. Жетісудың солтүстік шығыс аймағын зерттеу жұмыстары К.М.Байпақовтың басшылығымен 1995-1997 жылдары зерттеліп, орта ғасырлық қала мәдениетіне қатысты материалдар саны толыға түсті [13.16-18 бб.]
Соңғы жылдары жүргізілген далалық барлау жұмыстары нәтижесінде, Алакөлді бойлай, Жоңғар қақпасына дейін жалғасатын ортағасырлық қалалардың тізбегі анықталды. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, т.ғ.д. Ә.Т.Төлеубаев басқарған Алакөл археологиялық экспедициясы тарапынан жүргізілген барлау жұмыстары барысында анықталған қалалардың қатарында Ақтүбек, Қайнар, Жайпақ I, Жайпақ II, Ақши, Асусай, Қоскеліншек, Ырғайты, Тау Ақши, Найманқала, Еміл (Омыл) секілді қалаларды атауға болады [14].
Қазақ халқының негізін құраған түрік тектес тайпалардың ежелгі замманнан мекені болған қасиетті Алакөл өңірінің тарихы осы күнге дейін зерттелмей, археологтардың назарынан тыс қалған аймақ.
Өңірдің есте жоқ ежелгі замманнын бері тіршіліктің қайнар көзі болып, бұл жерде қаншама тарихи оқиғалардың өткені жайлы сыр шертетін археологиялық ескерткіштер (қола, ерте темір дәуірлері, ортағасырлық қалалар мен мекендердің орындары) тау бөктерін қуалай созылып жатқан жазықта, өзендер мен тау бұлақтарының маңдарында мыңдап кездеседі. Сондай ескерткіштердің бірі Асусай қалашығында 2011 ж. басталған қазба жұмыстарының бастапқы мақсаты – қалашықтың топографиясын зерттеу, ескерткіштің өмір сүрген уақыты мен жергілікті тұрғындардың өмірінде алған орны, атқарған қызметі жайлы мағлұмат беретін мәліметтер алу болатын. Осы және бірқатар қосымша ой-тұжырымдарды нақтылай түсу мақсатымен қалашықтың бірнеше жеріне қазбалар салынды (Сурет 1,2,).
Асусай қалашығы Алматы облысы Үшарал ауданының Ақши кентінен оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде, Асусай шатқалының маңында орналасқан. Төрт бұрышты қамалмен қоршалған қалашықтың бұрыштары дүниенің төрт нүктелерімен бағыттас орналасқан. Гографиялық координаттары С.45º53'061"; Ш. 81º27'181" теңіз деңгейінен биіктігі 533 м. Қалашықтың өлшемі 75х75 м. Сыртқы дуалдың құландысының биіктігі 1,5-2 м шамасында. Құлаған қабырғасының жайылған жалпақтығы 10 м. аумақты алып жатыр. Қорғаныс дуалының сыртынан қазылған ордың іздері анық байқалады. Оның оңтүстік шетін тау шатқалынан шығатын кішігірім өзен суы жуып кеткен. Қазір бұл өзен құрғап қалған. Дегенмен көктемде еріген қар мен жауған жауын сулары толып ағатыны қалған су ізерінен анық байқалады. Қалашықтың қақпасы шығыс қабырғаның орта тұсында болса керек деп болжадық. Өйткені осы бөлікте қабырға 10 м. қашықтықта басқа бөлігімен салыстырғанда анағұрлым төмен көрінеді. Аталған қалашыққа біз үш жыл қатарынан зерттеу жұмыстарын жүргіздік.
Асусай қалашығына жүргізілген қазбадан сырлы ыдыстардың фрагменттері тіпті кездеспеді. Уақыт анықтауға көмектесетін нумизматикалық материалдар да табылмады. Қалашықтың өмір сүрген уақытын қыш ыдыстардың салыстырмалы сипаты негізінде ғана болжауға болады. Археологиялық әдебиеттер мәліметтеріне қарағанда солтүстік-шығыс жетісуға сырлы ыдыстар ХІІ-ХІІІ ғғ. ғана тарала бастаса керек. Осындай мәліметті негізге алар болсақ, Асусай қалашығындағы тіршілік ХІ-ХІІ ғасырлардың арасындағы 50-60 жылды ғана қамтыған. Тағы айтатын нәрсе бұл қалашықтың ешқандай шекаралық бекетке немесе сауда керуенініне қатысы жоқ, қарапайым егіншілердің маусымдық (уақытша) мекені болғаны анық. Қалашықтың айналасында сақталған суғару жүйелері мен шағын егін алқаптары, қазбадан табылған тас дирмендердің түрлі көлемдегі бөліктері осындай болжам жасауға негіз береді.
2014 жылы Асусай қаласынан шығыста шамамен 15 шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Қоскеліншек қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздік. Ортағасырлық Қоскеліншек қаласы Алматы облысы, Үшарал ауданы, Көктұма ауылынан оңтүстікке қарай шамамен алғанда 5 шақырым жерде орналасқан. Қоскеліншек қаласының географиялық координаттары С.45º49'43.13"; Ш. 81º35'16.63", теңіз деңгейінен есептегендегі биіктігі 556 м. Қаланың жалпы пішіні шаршы тәріздес. Орналасу реті, қаланың төрт бұрышы дүниенің төрт бұрышына қарап тұрғандай. Шығыс қабырғасының ұзындығы 83 м, солтүстік қабырғасының ұзындығы 78 м, оңтүстігі 76 м, батыс қабырғасын, кейінгі жылдары жергілікті халық егін суғару үшін канал қазған сәтінде бұзып жіберген. Жалпы жергілікті антропогендік әсер қаланың қабырғасын ғана емес, қала ішіне де зиян тигізген. Барлау жұмыстары барысында анықтағанымыздай, арнайы жарықтардың ізіне қарап, қаланың ортасына егін салғанын анықтадық. Сондықтан, біздің зерттеу жұмыстарымыз негізінен қаланың солтүстік және оңтүстік қабырғасына жанастырыла салынды. Енді бір қазба қаланың батыс қабырғасының бұзылған жеріне салынды.
Жалпы Қоскеліншек қаласы біз бұған дейін зерттеген Асусай қаласымен өзара ұқсастықтары көп болып шықты.
Қазба I қаланың солтүстік шығыс бұрышына салынды. Бастапқыда 7х5 етіп түсірілген қазба, зерттеу жұмыстарының барысында кеңітілді. Яғни шығыстан батысқа қарай 10 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 12 м дейін кеңітілді. Қазба 1 ортасы жалмен бөінген екі құрылымнан тұрғанымен, бір-бірімен астасып жатқан бірнеше құрылыс бөліктері бар, күрделі кешен болып шықты. Алдымен сотүстікте орналасқан секторды алып қаралық. Қазба 1, сектор 1 қаланың солтсүтік және шығыс қабырғалары қиылысқан жерге дөп келіп отыр. Мұнда үш құрылыс орны анықталды. Оның біріншісі қазбаның солтсүтік шығыс бұрышынан білінді. Зерттеу жұмыстары барысында анықталғандай, әрбір қабатты алған сайын құлаған шикі кірпіш іздері анық байқалды. Біз бұл құбылысты қаланың күзет мұнарасының құланды қабырғасы болуы мүмкін деп болжаймыз. Екінші құрылыс бөлмесі бұл ортасы қабырғамен бөлінген, кең бөлме орны болып шықты. Көлемі шамамен 5х5 болады. Үшінші құрылыста өзіндік ерекшеліктер бар. Мұнда солтүстіккен оңтүстікке қарай созылып жатқан суфа үстіне қатар етіп екі ошақ орналастырылған. Ошақ ауыздары батысқа қаратылған. Қазан қоюға арналған аузының диаметрлері 20-30 см аралығында ауытқиды. Бірақ ошақтың екеуі де жер бетіне жақын орналасқандықтан, әрі жоғарыда айтқанымыздай, егін суғару кезіндегі су ылғалы тым тереңге сіңіп, тарихи ескерткішті бүлдірген. Қазбаның яғни қаланың мәдени қабатын анықтау мақсатында, қазба 1-дің солтүстік батыс бұрышына шурф салынды. Шурфтың бастапқы көлемі ұзындығы 2 м, ені 1 метр етіп салынғанымен, кейін тереңдеуіне байланысты аздап кішірейтілді. Шурф қазу барысында біз бұған дейін Асусай қаласын қазу барысында кездеспеген екінші құрылыс қабатына кез болдық [15, 322-332 бб.]. Екінші құрылыс қабаты бірінші құрылыс қабатының еденінен 35-40 см тереңдікте шықты. Екінші құрылыс қабатынан тандыр ошақтың бұзылып жоғалуға айналған ернеуі мен құрылыс қабатының едені шықты. Шурф тереңдігі мерикке дейін 140 см құрап отыр. Шурфтың қабырға стратиграфиясын анықтап қарау барысында, үстіңгі құрылыстардың құлаған топырағын анық байқадық. Қазба 1-дің екінші секторындашығыстан батысқа қарай ұзыннан созылған қабырға байқалды. 6-7 метрден кейін бұрылып, бірінші сектордағы бөлмелермен жалғасады. Дәл осы тұста тағы бір ошақ ізі анық байқалды. Жалпы қазба 1-ден бірнеше құрылыс қабаты, үстіңгі қабаттан бірнеше бөлме анықталды. Қазба барысында табылған заттардың негізін қыш бұйымдар құрайды. Сонымен қатар бірнеше диірмен тас сынықтары кездесті. Бұлар жайына төменде кеңірек тоқталамыз.
Қазба II қалашықтың оңтүстік батыс бұрышына салынды. Өлшемі 7х8 м, тереңдігі 50-60 см құрайды. қазба салынған бұрыш, кейінгі кезде салынған егінді суғару барысында жерге сіңген көп мөлшердегі ылғал көне құрылыстар мен одан қалған қылдықтарды ажыратылмастай етіп біріктіріп жіберген. Сол себепті айқын көрінетін құрылыс қабаты кездеспеді. Тек қазбаның орта тұсында орналасқан ошақ құрылысы бұзылмай қалыпты (Сурет-3,4,5). Ошақ орналасқан сыпаның сыртқы формасы байқалмайды. Тек мұқият зер салып қарағанда, оның көлемі 3х3 м болғандығын байқауға болады. Бірақ сыпа сыртқы құрылыс құландалырамен бірігіп кеткен. Сыпаның батыс шетінен оңтүстіктен солтсүтікке қарай қабырға өткендігі байқалады. Ол да өте нашар сақталған. Қабырғаның қалыңдығы қазбаның шетіндегі стратиграфияға қарағанда 65-70 см болған. Сыпаның еден бетінен биіктігі 35-40 см. Ошақ дөңгелек келген, от жағатын ауызы шығысқа, түтін шығатын мұржасы батысқа қаратылған. Қазан тұратын қуысының диаметрі 50 см. От жағатын камерасының тереңдігі 45 см. Мұржа қуысының ені 10 см, ұзындығы 15-16 см. Суфаның артқы жағынан өтетін батыс қабырғаның сыртқы жағынан тізбектеле орналасқан үш шұңқыр ашылды. Ортада орналасқан ең үлкенінің диаметрі 120 см, тереңдігі 40 см. Екі шетіндегі шұңқырлардың көлемі бірдей, диаметрлері 70 см, тереңдіктері 40 см. Шұңқырлардың ішінен мал сүйектері мен бірнеше қыш ыдыстардың сынықтары шықты. Қазбаның оңтүстік қабырғасының батысында жартылай кіріп тұрған тағы бір шұңқыр аршылды. Оның диаметрі 110 см, тереңдігі 25 см. Осы шұңқырдан ірі малдың бас сүйегі мен басқа да уақ малдардың сүйектері шықты.
Қоскеліншек қаласының қазыргі сақталу деңгейіне қарай, толықтай зерттелді айта аламыз. Себебі біз қазба жүргізген жерден басқа аймақтарының барлығында, егін суғару кезіндегі ылғалдың сіңіумен, тарихи құрылыс қабаттарын жойып жіберген.
Бізге дейін сақталып қалған бөліктеріне жоғарыда айтылған қазба жұмыстарын жүргіздік. Қаланың құрылыс ерекшеліктері мен табылған тарихи жәдігерлеріне қарап, аталған қала осыған дейін зерттелген Асусай қаласының жасымен шамамалас келеді деп болжаймыз. Себебі, қазба барысы мен негізгі ақпарат беретін материалдар көрсетіп отырғандай, екі қаланың орналасу ерекшеліктері мен құрылыс кешендерінде ұқсастықтар өте көп кездесіп отырды. Мәселен, топтық жалпы жерлеу қорымдары екі қалада да оңтүстік жағында, қаладан шамамен 200-300 м жерде орналасқан. Әрі жай жерлеу орындары мен арнайы кесенелер де бір-біріне жақын орналасқан. Кесенелерінің құрылысы мен есіктерінің шығысқа қарай қаратылуы да, қаланы мекендеген халықтардың дүниетанымының бір-біріне етене жақын екендігін дәлелдей түседі. Қыш бұйымдары мен тұрмыстық-шаруашылық бұйымдарының жасалу ерекшеліктері мен құрамы, сондай-ақ жасалу тәсілдерінде де аса үлкен алшақтық байқай қоймадық. Мұнымен қоса, Қоскеліншек қаласынан Асусай қаласы секілді сырлы ыдыстардың фрагменттерін кездестірмедік. Уақыт анықтайтын нумизматикалық материалдар да табылмады. Археологиялық әдебиеттердегі мәліметтерге назар аударсақ, Жетісудың солтүстік шығысына қарай сырлы ыдыстар XII-XIII ғасырлардан кейін ғана келе бастаған. Осындай мәліметтер негізінде, Қоскеліншек қаласында тіршілік X-XII ғасырлар аралығында өрбіген деп айта аламыз.
2015 жылғы зерттеу маусымында, аталған экспедиция ортағасырлық Жайпақ қаласына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ерекше атап өтетін мәселе, аталған қалаға бұған дейін ешқандай қазба жұмыстары жүргізілмеген. Бір қызығы бұл жерде екі қала қатар орналасқан. Біз бұл қалаларды жергілікті елді-мекеннің атауымен Жайпақ деп, орналасу реті мен өлшемдеріне қарап шартты түрде Жайпақ I, Жайпақ II деп белгіледік.
2015 жылғы зерттеу мауысымында негізгі қазба жұмыстары Жайпақ I қаласына жүргізілді. Жайпақ I қаласы, Жайпақ II қаласынан бірнеше есе үлкен. Жайпақ I қаласының жалпы пішіні трапеция тәріздес. Қаланың географиялық координаттары С.45º59'44.19"; Ш. 81º11'34.20". Жайпақ қаласы Үшарал ауданы, Жайпақ ауылынан оңтүстік батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан. Жайпақ қаласының сыртқы қоршау қабырғасының орналасу реті мен ерекшеліктері, нақтырақ айтсақ, батыс қабырғаның орта тұсы сыртына қарай сүйірлене шығып барып, ауызы ашық күйінде қалуына қарап, қала қақпасы батысқа қарауы мүмкін деп болжаймыз. сыртққы дуалының құландысының биіктігі 1,5-2 м шамасында. Құлаған қабырғасының жайылған топырағы 8-9 метрден бастап, кей жерлерінде 22 метрге дейін жайылған. Сыртқы дуалының оңтүстік және шығыс бөлігін тау шатқалдарына шығатын маусымдық ағын сулар шайған. Осы тұста айт кетер мәселе, қаланың сумен қамтамасыз етілуі де осы таудан келетін ағын сулармен тікелей байланысты болуы мүмкін. Себебі таудан ағатын судың орындары бүгінге дейін терең ор болып сақталып қалған, әрі су жүретін ірі жылға қаланың оңтүстігінен келіп, шығыс қабырғаны сыртынан бойлай отырып, солтүстігіне қарай жайылып жоғалады. Мұндай жүйе оңүстік өлкелердегі қалаларда жиі байқалады. Мәселен, ортағасырлық Аспара қаласының да сырты тура Жайпақ секілді арнайы су ағатын ормен қоршалып, ағын суды қала іргесінен өткізген. Жайпақ қаласы тек қала ішінде құрылыстармен шектеліп қалмайды. Қаланың сыртын айнала бірнеше жүздеген метрге дейінгі аймақта үйілген төмпешіктер, қаланың оңтүстік батысында шамамен 200-250 метр жерде көп мөлшерде жерлеу орындары (сақталғандары 180-200 шамасында), сонымен қатар, қаланың шығысында үлкен ірі көлемдегі, іргесі ірі тастармен қаланған кесенелер орналасқан.
Кесік I. Қалашықтың қорғаныс құрылысының жүйесін анықтау мақсатымен батыс қабырғаның орта тұсына қима салынды. Батыстан шығысқа қарай сыртқы қабырғаны қиып өткен кесіндінің ұзындығы 18 м., ені 2 м., тереңдігі 2,3 метрді қамтыды. Қимадағы стратиграфиялық қыртыстардың көрсетуіне қарағанда қорғаныс қабырғасы арнайы үйіліп, тапталған топырақтан түзілген тұғырдың үстіне салынған. Қабырға пахса блоктарынан немесе қам кесектерден қаланып тұрғызылмаған. Таза сары топрақтан иленген балшықтан домбаздап, тұтас етіп ұру тәсілімен тұрғызылған. Оның бастапқы бөлігінің қалыңдығы төменгі жағында 3,5 м, жоғарғы жағында 2,5 м болады. Қабырғаның құланды топырағының құрамы бірыңғай қоңыр топырақ пен қиыршық тастар аралас келеді. Қиманың құрылымына қарап, құланды топырақ екі жаққа да бірдей мөлшерде жайылғанын көруге болады.Қиманың ішкі жанай отырып ашу барысында байқағанымыз, қала қабырғасының ішкі жағын жағалай құрылыстар салынғанын байқадық. Қиманың ішкі жағын бөлігінде, құрылыс еденінде үлкен көлемде арнайы кесек плита (қазан тұғыр болуы да мүмкін) шықты. Аталған плита ошақтың дәл алдына орналасқан. Тұрқы П әрпі тәріздес. Ортасына қарай еңістеліп барып, шұңқырлана айқталады. Плита көлемі 80х80 см. Қалыңдығы шамамен 3-4 см, диаметрі 35 см. Қимадан табылған қыш бұйымдар негізінен ас үйлік және асханалық ыдыстар топтамасына кіреді. Жақсы сақталғандары аз. Кейбір ыдыс түптері мен ернеулеріне қарап, табақ, қазан және құмыра сынықтары болуы мүмкін деп болжаймыз (Сурет-6,7,8,9).
Кесік II Жайпақ қаласының солтүстігінде, қаланың сыртқы қабырғасынан 40 метр жердегі ұзын жалға түсірілді. Жал батыстан шығысқа қарай созылған күйі сақталған. Сақталған жалдың жалпы ұзындығы шамамен 500 м шамасында. Бірнеше жерден үзіліп, қайта жалғанады. Біздің ойымызша бұл қабырға қаланың сыртқы қорғанысы үшін салынған болуы мүмкін. Сыртқы қорғаныс қамал қабырға қаланың шығыс бұрышына жеткенде үзіліп жоғалады. Мұның себебін біз, кейінгі жылдары жүргізілген егін-шаруашылық жұмыстары барысында бұзылған болуы мүмкін деп болжаймыз. Сыртқы қорғаныс қамал қабырғанң батыс бөлігі бірнеше жерден үзіліп, қайта жалғанып барып, шамамен 300-350 метрден кейін тегістелген. Бұл жағының да бұзылуын егін суғару мақсатында салынған ірі көлемдегі арықтардың салынуымен байланыстырамыз. Кесік II жалпы ұзындығы (солтүстіктен оңтүстікке қарай) 15 м, ені 3 м. Кесік екі сатылы болып, арнайы техниканың көмегімен жасалды. Ішкі, негізгі кесіктің ені 143 см, сыртқы екінші сатысының ені сәйкесінше 157 см. Кесіктің жалпы құрылымы өте қызық. Кесік шетінен ортасына дейін бірыңғай қатты топырақ болып келеді де, шамамен 3 метрден кейін тура бур астау секілді майда құммен толтырылған қабатқа ұласады. Ішкі астау секілді қабаттың ұзындығы шамамен түбі жағы 1,5-2 метрден басталып, жоғары қарай кеңейе береді. Одан әрі бірінші бөлік секілді қатты қабатқа ұласады. Ортағасырлық мамандардың пікірінше, мұндай қабырғалар ортағасырлық қалаларда кездескен. Кесіктің астау секілді құмды қабатының астынан өте қатты темір тотығы секілді топырақ қабаты шықты. Әрбір қабаттың топырағынан химиялық таладу мақсатында арнайы түйіршіктер алынды. Қабырғаның мәдени қабатын анықтау мақсатында кесіктің екі шеті мен нақ ортасынан шурф салынды. Оңтүстік шурфтың жалпы өлшемдері 170х140х110 см. Солтүстік шурфтың өлшемдері 137х132х111 см. Кесіктің ортасына салынған шурфтың өлшемдері 210х140х93 см. Кесіктің жалпы орталық бөлігінің ең терең жері 170 см құрайды. Кесіктің беткі қабатынан бірнеше қыш бұйым сынықтары мен мал сүектері кездесті. Оның ішінде, 3 ыдыс тұтқасы (1 қазан тұтқасы), 3 дана ернеу және ыдыс түптері. Мал сүйектерінен 3 дана жілік, 1 дана жамбас және 1 дана асық. Сүйектердің барылығ да ұсақ малға тиесілі.
Қазба I қаланың оңтүстік қабырғасын бойлай, ішкі жағына салынды. Қазбаның көлемі 14х15х1 м. Қазбаның қақ ортасында, батыстан шығысқа қарай 0,5 м арнайы жал қалдырылды. Қабырғаға іргелес жерден 3 бөлме, қазбаның шығыс жағынан 1 бөлменің орны шықты. Қабырғаға іргелес салынған бөлмені қабырға қалыңдықтары кей жерлерінде 110 см, енді бер жерлерін 35 см аралығында ауытқиды. Бөлме қабырғаларының кейбіреулерінің сыртында арнайы жағылған сылақтың сақталған бөлшектері кездеседі. Бөлмелердің барлығының еденінен күл шықты. №1 бөлменің қабырғасының солтсүтік қабырғасына жанаса ошақ пен алдында арнайы шоқ қоюға арналған, арнайы жасалған шаршы тәріздес шұңқыр шықты. Ошақтың жалпы диаметрі 40 см. Ошақ қабырғасының қалыңдығы 5 см. Ал, арнайы шоқ немесе күл қоюға арғанған шаршының қалыңдығы 5-6 см, биіктігі 6 см. 2-ші бөлме мен 3-ші бөлменің қиылысқан жерінде ірі суфа орналасқан. Суфаның үстіне үлкен тандыр ошақ орналасқан. Суфаның солтүстігінде тағы бір ошақ, шығыс жағында бір жағымен қисайтып қойған үлкен құмыра секілді ыдыс шықты. Ыдыс сынып, тек жартысы ғана сақталған. Ошақтың ауызы солтүстікке қаратылған. Жалпы өлшемдері: сыртқы ені 47 см, ішкі ені 25 см, қабырғаларының ұзындықтары 10х10 см, жалпы ұзындығ 110 см. Тандыр ошақтың жалпы өлшемдері төмендегідей болып шығады. Сақталған биіктігі 33 см, ернеуінің диаметтрі 50 см, түбінің диаметрі 65 см, қабырғасының қалыңдығы 2,3 см аралығында ауытқиды. қазбаның солтүстік бөлігінен 3 шұңқыр шықты. Диаметрлері 70х90х110 см аралығындағы дөңгелек тәріздес шұңқырлардың тереңдіктері 15-20 см аралығында ауытқиды. Қазба I мәдени қабатының тереңдігін анықтау мақсатында, қазбаның солтүстік батыс бұрышына стратиграфиялық шурф салынды. Өлшемдері 220х110х80 см болып келетін шурфтың қабырға стратиграфиясына қарасақ, жердің беткі қыртысынан материкке дейінгі дейінгі тереңдігі 80 см екендігін байқадық. Негізгі топырақ құрылыс қабырғасының құланды топырағы екендігі анықталды. Шурфтан шыққан материалдар негізінен қыш бұйымдар. Оның ішінде қызын ернеуінің сынықтары мен ыдыс түптері. Барлығы дерлік арнайы шарықта жасалып, сапалы күйдірілген. Қазба I шыққан материалдар негізінен тұрмыстық және шаруашылық мақсатта пайдаланған қыш бұйымдар, өзеннің жұмыр және жақпарлы-қатпарлы тастары, арнайы өңделген тастар, дән үккіштер мен дән үгуге арналған тоқпақ тастар. Қазба I шыққан тастарды сыртқы пішіндері құрылымына қарап, тау тасы және өзеннің жұмыр тасы деп екіге бөліп сипаттама беруді дұрыс деп ұйғардық. тау тастарын көбінісіне жақпарлы болып келуіне байланысты құрылысқа пайдаланған. Ал, өзен тастары көбіне тұрмыстық-шаруашылық мақсатта пайдаланылған.
2016 жылы ортағасырлық Жайпақ қаласын зерттеу жұмыстары өз жалғасын тапты. Археолоиялық қазба жұмыстары негізінен қаланың ішкі орталық бөлігі мен сыртқы шаруашылық аймағына жүргізілді.
Нәтижесінде бұған дейін зерттелген асусай, Қоскеліншек қалаларынан анықталған құрылыстармен ұқсас және өзіндік ерекшеліктері бар құрылыс орындары, тұрмыстық заттар табылды (Сурет-10,11,12,13).
Қазба I. Жайпақ қаласының солтүстік батыс қабырғасына жақын жерден, көлемі 30х10 етіп түсірілді. Қазба жұмыстары барысында, жекелеген құрылыс орындарын анықталғанымен, мәдени қабат жер бетіне жақын болғандықтан, әрі қаланың ортасында бір кездері егін салу мақсатында су жібергендіктен, көпшілігі бүлінуге ұшыраған. Қазба барысында екі үлкен бөлме орны анықталды. Бірінші бөлменің оңтүстік шығыс бұрышына саздан өрнектеп жасаған ошақ ашылды. Ошақтың маңында отқа күйген қыш ыдыс сынықтары, оның ішінде қазан ернеулері өте көп шықты. Екінші бөлме қаланың солтүстік қабырғасына ірггелес аймақтан табылды. Бір қызығы бөлме ішінде қабырғалары біршама сақталған тандыр ошақ пен оның алдына арнайы жасалған плита табылды. Дәл мұндай көрініс 2015 жылы қаланың оңтүстік қабырғасына жақын маңнан ашылған бөлмеден шыққан болатын. Табылған керамикалық бұйымдардың дені арнайы шарықта жасалған. арасында қолмен жапсырылып жасалғандары да кездеседі.
Қазба II. Жайпақ қаласының сыртында, шаруашылық аймағында жүргізілді. Алдын ала анықтау үшін салынған шурфтың стратиграфиясынан байқағанымыз, мәдени қабаттың тереңдігі 50-60 см-ге дейін жетеді. Қазба көлемі 15х15 етіп түсірілді. Қазба нәтижесінде бір-бірімен жалғасқан 4 бөлменің орнф анықталды. Бірінші бөлменің едені жақсы сақталған. Бөлменің орталық бөілігінде, ұзыннан құлаған, бірақ отқа күйген бөрененің ізі байқалады. Бөлменің ішінде бірнеше шұңқыр шықты. Нақты қандай мақсатта жасалғаны әзірше белгісіз. Табылған жәдігерлердің ішінде хұм сынықтары, қазан ернеулері мен шырағдан сынықтары кездеседі. Екінші бөлме, бірінші бөлмемен ортақ қабырға арқылы жалғасады. Екінші бөлменің батыс қабырғасына көлемі 3х1,5 м суфа, оның жанында аса үлкен емес екі тандыр ошақ қатар ораналасқан. Тандыр ошақтардың диаметрлері 35х40 см аралығында. Бұл бөлмеден аса көп керамикалар шыға қоймады. Үшінші бөлмеден қабырғаға жанаса салынған тандыр мен оның алдына түсірілген плита анықталды. Тандырдың қабырғасы нашар сақталған. Тандырдың ауызы өрнектеле жасалып аяқталған. Төртінші бөлмеден бір-біріне жалғастырыла салынған екі тандыр ошақ табылды. Мұндай бір-біріне тіркесе салынған тандыр ошақтар, алғашқы зерттелген қалалардан кездеспеген болатын. Жайпақ қаласының сыртындағы шаруашылық аймағына жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында, қаланың маңында қоныстың өте көп болғандығы анықталды.
Жайпақ қаласына жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында өте көп мөлшерде қыш бұйымдар мен мал сүйектері табылғанын жоғарыдағы мәліметтер дәлелдейді. Біз жоғарыда сол қыш бұйымдар мен мал сүйектеріне ғылыми сипаттама беріп, жіктеп, саралауға тырыстық. Бір ерекшелігі Жайпақ қаласының қыш ыдыстарында, бұған дейін біздің экспедиция тарапынан Асусай, Қоскеліншек қалаларына жүргізген зерттеу жұмыстары барысында табылған қыш бұйымдардан аздап айырмашылықтар байқалады.
Біріншіден, Жайпақ қаласынан табылған қыш бұйымдар санының молдығы. Бұған дейінгі зерттеулерден мұндай аз қазба кезінде мұндай көп мөлшерде қыш бұйымдар кездеспеген болатын.
Екіншіден, қыш ыдыстармен қатар, тұрмыстық-шаруашылық мақсаттағы қыш бұйымдар саны артқанын көре аламыз.
Үшіншіден, темір бұйымдар саны біршама артып отыр.
Төртіншіден, мал сүектерінің мөлшері алдыңғы зерттеу нысандарынан табылған мал сүйектеріне қарағанда, біршама артқан. Міне осындай ерекшеліктеріне қарап, сонымен қатар қала құрылысы мен шаруашылық аймағының алып жатқан аумағының кеңдігіне қарап, Жайпақ қаласы қатардағы керуен сарай немесе шағын қала емес, халық тығыз қоныстанған, біршама ұсақыт өмір сүрген, өзіне тән иррегациялық жүйелері бар, жерлеу орындары мен шаруашылық аймағы бар ірі қала деп атауға әбден болады.
Зерттеу материалдарын талдай келе, қорытында жасайтын болсақ, Жоңғар қақпасын халықаралық сауда жолының бір тармағы деп қана қарау азшылық етеді. Себебі, соңғы жылдардағы зерттеу жұмыстары айқындағандай, аталған аймақта бірнеше тармақта тізбектеле орналасқан ортағасырлық қалалар, керуен сарайлар және уақытша қоныстар көптеп кездесті. Тарихи ескерткіштерді зерттеу барысында, ондағы материалдар, оның ішінде құрылыс жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктер, әрі олардың ұзақ қолданыста болғандығы, сонымен қатар тұрмыстық материалдардың да аймақтық ерекшеліктерге бай болғандығы, өлкедегі ортағысрлық өркениеттің дамығандығын көрсетеді. Біз зерттеген ортағасырлық Асусай, Қоскеліншек, Жайпақ қалаларынан өте көп тандыр ошақтар кездесіп отыр. Тіпі бір бөлмеде жеті, кейде сегіз тандыр ошақ шықты. Бұл аталған қалалардың халықаралық сауда жолында ерекше маңызға ие болғандығының бір дәлелі. Далалық барлау жұмыстарының нәтижесінде анықталып отырған жиырмаға жуық ортағасырлық қалалар бір-бірінен аса алшақ орналаспаған. Шығыстық өлшеммен алсақ 2-3 фарсақ болады. Бұл сол кезеңдегі түйе жүрісінің күнделікті жүріс қашықтығы. Қалалардың мұндай арақашықтықта орналасауы, өзара тығыз қарым-қатынаста болғандығын дәлелдей түседі. Қазақ жерінде оңтүстік өлкелерден басталып, Жетісуда тармақталатын ортағасырлық қала мәдениеті Жетісудың солтүстік шығыс бөлігінде, Жоңғар қақпасына дейін өз жалғасын табатыны анықталып отыр.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Алматының мыңжылдық тарихы: археология және жазба деректері» атты Халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтті. Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев аталған тақырыпта баяндама жасады. Баяндаманың жазбаша нұсқасын оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.
Ә.Т. Төлеубаев, т.ғ.д. профессор
Р.С. Жұматаев, ҚазҰУ PhD докторанты
М.С. Шағырбаев, ҚазҰУ магистрі
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Гуляев С.О. О древностях, открываемых в Киргизской степи // Вестник РГО., 1853. Ч. 8, отд. 7.
- Валиханов Ч.Ч. Избранные произведения / Под редакцией А.Х.Маргулана. Алма-Ата, 958.
- Абрамов Н.А. Алматы или укрепление Верное с его окрестностями // Записки Русского географического общества по общей географии – СПб., 1867. Т.1. С. 255-268; Абрамов Н.А. Древние кургани и укрепление в Семипалатинской и Семиреченской областях // Известия РАО. 1873, т. 8, вып. 1. С. 59-63.
- Фишер Г.В. Озеро Балхаш и течение р. Или от выселка Илийского до ее устьев // Записки Западно-Сибирского отделения русского географического общества. 1884. Т. VI.
- Флоринский В.М. Топогрофические сведения о курганах Семипалатинской и Семиреченской областей // Известия Томсокого университета. Томск, 1898. Т.1.
- Бартольд В.В. Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью 1893-1894 // Сочинения. М.: Наука ГРВЛ, 1966. Т.IV.
- Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и Оренбургского края // Турды Оренбургской ученой архивной комиссии. Оренбург, 1910. Вып. 22.
- Бернштам А.Н. Археологические работы в Казахстане и Киргизии. ВДИ. 1939, №4 стр. 169—181. Его же. Прошлое района Алма-Ата. 1948. Сборник.Тр. Семиреч. археол. экспедиции «Чуйская долина», МИА, 14,
- Ходжиков К. Древнейшие памятники Семиречья // Труды Казахского научно-исследовательского института национальной культуры. А.-М., 1935. Т.1.
- Агеева Е.И. Новые данные по археологии Семиречья // Краткие сообщения Института истории материальной культуры. М., 1960. Вып. 80.
- Археологичесая карта Казахстана. Алма-Ата, 1960.
- Байпақов К.М. Раннесредневековые города и посления Семиречья Извести АН КазССР Серия общественная. 1966. № 2.
- Байпақов К.М., Савельева Т.В., Чанг К. Средневековые города и поселения Северо-Восточного Жетысу. Издание второе, дополнительное. – Алматы: 2005. – 188 с., вклейка
- Төлеубаев Ә.Т., Талеев Д.Ә., Омаров Ғ.Қ., Шағырбаев М.С. Алакөл жағалауындағы Асусай қалашығында 2012 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары // ҚР ҰҒА Хабарлары. – Қоғамдық және Гуманитарық ғылымдар сериясы. 5 (297). – Қыркүйек-қазан. – 2014 ж.
- Төлеубаев Ә.Т., Шағырбаев М.С. Жетісу Алатауы мен Тарбағатай арасындағы орта ғасырлық ескерткіштердің тарих-хронологиялық сипаттамасы // «Археология және этнологиядағы мәдениеттер сабақтастығы мәселесі» атты тақырыппен өтетін дәстүрлі «VІ Оразбаев оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – 25 сәуір. – 2014 ж.