Джинсы патшасы - Леви Страусс

1478
Adyrna.kz Telegram

«Levi Strauss & Co» корпорациясының алғашқы кірпішін қалаған кәсіпкер. Джинсы королі. Жаңа үлгіде тігілген джинсы шалбары оған миллионер мәртебесін сыйлады. Меценат. Еврей патриоты. Леви Страусстың есімін киім дизайнерлері әлі күнге дейін өздеріне пір тұтады.

Ол 1829 жылы 16-ақпанда Бавариядағы еврей отбасында туды. Лейб Штраусс жанұядағы жеті баланың ең кенжесі болды.
Ол заманда Германия 36 шағын князьдіктен құралған конгломерат еді. Феодалдық қалдықтар жақсы сақталған Баварияда антисемитистік көңіл-күй өршіп тұрды. Әр общинадағы еврейлердің нақты саны анықталып, тізімі жасалды. Еврейлердің санының көбеюі қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіреді деген сылтаумен олардың бір-біріне үйленуіне, бала тууына тыйым салынады. Жер өңдеумен, егіншілікпен, өндіріспен айналысуға да рұқсат берілмеді. Олардың тек ұсақ-түйек саудамен шұғылдануға мүмкіндігі болды. Жергілікті князьдердің заңды асыра пайдаланып, қоқан-лоқы көрсетуі Бавариядан қоныс аударушы еврейлердің қарасының көбеюіне үлкен себеп болды.
Лейбтің ең үлкен екі ағасы Йонас пен Липпман Нью-Йоркке басқалардан бұрын көшеді. Ол жаққа жеткен соң, ағайынды екеу киім тігумен айналысады. Йонас пен Липпман Баварияда қалған аналары мен бауырларына жазған хаттарында Америкада антисемитизм жоқ екенін алға тартып, оларға Нью-Йоркка көшіп келуге кеңес береді. Әкелерінің өлгеніне екі жыл толғаннан соң, жанұяның қалған мүшелері Америкаға жол тартады. Бұл 1847 жыл еді. Бес айға созылған кемедегі жолсапар барлығына ауыр тиді. Әсіресе, Лейбтің әпкесінің денсаулығы жаңа құрлыққа дейін әзер шыдайды.
АҚШ-қа аяқ басқан еврей отбасы мұнда да тіршіліктерін құмырсқа тірлікпен жалғастыра берді. Әрқайсысы басқа келімсектер сияқты бірінші кезекте аты-жөндерін америкаландырды. Йонас Джонасқа, Липпман Луиске айналды. Ал Лейб Штраусстың өзі бұдан былай Леви Страусс болды.

Америкадағы биік үйлерді көріп тәнті болған Леви ондағы тұрғындарға көп заттар керек екенін жақсы түсінді. Қап арқалаған жас жігіт қала көшелерін аралап, тарақ, түйреуіш, ине, жіп, түйме, қайшы және тағы басқа тұрмыстық бұйымдар сатады.
1847 жылы Американың батысындағы Калифорния штатынан алтын кен орны табылғанда, елдің түстігіндегі, терістігіндегі, шығысындағы пайда іздеген адамдар батыс тарапқа қарай ағылады. Тың жаңалық Страусстар әулетін де бейжай қалдырмайды. Барлығы ақылдаса келе Леви Страуссты Калифорнияның тыныс-тіршілігін барлауға жіберуге шешім қабылдайды. Жоспар бойынша Леви ағаларының маталары мен тоқыған киімдерін Калифорния штатындағы Сан-Франциско қаласына дейін жеткізіп, сол жақтан тауарларды сататын дүкен ашуға тиіс болды.

Сан-Франциско порты. 1850 жыл

АҚШ-тың күншығысындағы Нью-Йорктан күнбатысындағы Сан-Францискоға дейінгі жол тым ұзақ әрі қауіпті болатын. Ол үшін Солтүстік Америка құрлығына тән көгалды, шалғынды аймақтарды жара кесіп, Жартас таулардан асып өту керек. Ең бастысы үндістердің Дакота-сиу деп аталатын ірі тайпалар одағының көсемдері – әйгілі Қонжиған Аю мен Құтырған Жылқының қолына түсіп қалмауы тиіс. Сол заманда бұл екі көсемге қарасты үндіс тайпалары ақ нәсілділермен соғысып жатқан. Бұлардан басқа қарааяқты кроу және шайен атты тайпалар өмір сүрді. Қыраттар мен үстірттердің арасында дамыл таппай жортып жүретін олардың қолына түссең сөзге келместен бірден бас теріңді сыпырып алатын. Ақ нәсілділердің өз ішінен шыққан баскесерлер де фермерлер мен бақташыларды тонап, Үлкен Аңғардың ішінде өріп жүруші еді.
Ал Леви Страусс тек бас терісін емес, тауарларын да Сан-Францискоға дейін аман-есен жеткізуге тиіс болатын. Ол құрлықпен баратын жолдан бас тартып, теңіз жолын таңдайды. Жүк тиелген кемемен Мексика жағалауын бойлай, Панама мойнағына жетеді. Сол жерден басқа кемеге ауысып, бұл жолы солтүстікті көздеп, Калифорнияны бетке алады. Леви Страусс Сан-Францискоға 1850 жылы жетеді. Нью-Йорктан аттанарда ағалары оған мұнда сегіз жүздей ғана адам мекен ететінін айтқанымен, мұнда келгенде шын көрсеткіш 34 есе артық болып шықты. Алтын шыққан аймақтағы тұрғындар саны 30 мың адамға таяпты.

Жаңа орынға табаны тиіп, Сан-Францискоға орныққаннан соң, арада көп уақыт өтпей Леви Страусс өзі әкелген заттардың бәрін сатып өткізеді. Тек бір кенеп мата ғана сатып алушысын таба алмай-ақ қояды. Кенепті ары тасып, бері тасып өткізе алмай, қала шетіндегі трактирьдің қожайынына саудаламақ болып сонда барады. Әйткенмен ол да Страусстың кенеп матасын жаратпады.


Сан-Францискодағы алтын іздеушілер

Кенеп матасын ұзақ арқалаған Леви енді оны алтын өндіріп жүрген қара жұмысшыларға апарып жарнамалайды. Өйткені жұмысшылар өздері құрған шатырларда мекен ететін, Леви Страусс кенеп мата солардың шатырына жарап қалар деп үміттенген. Бірақ мұндағы алтын өндірушілер шатыр дайындайтын материалға емес, қара жұмысқа төзімді шалбар қажет екенін айтып арызданады. Кен өндірісі ауыр жұмыс болғандықтан, жұмысқа киген шалбарлары тез тозып, тез жыртылады екен. Олар жас саудагерге енді келгенінде кенеп матаның орнына шалбар алып келуге кеңес береді.
Қара жұмысшылардың сөзін байыппен тыңдаған Леви Страусс біресе алтын өндірушілердің бұтындағы шалбарларға, біресе қолындағы кенеп матаға кезек-кезек қарап, ойланып тұрып қалады. Әкесі тігінші, ағалары тігінші. Неге өзі тікпеске шалбарды? Оның үстінен шалбар қолында ұстап тұрған кенеп матамен тігілсе, ол шалбардың тозуы да, жыртылуы да қиын.

«Levi Strauss & Co» кәсіпорнының шеберханасы

Шалбар сұрап арызданған алғашқы жұмысшының өлшемін алғаннан кейін, үйіне келе сала сол өлшем бойынша жұмысшыға шақ етіп, кенеп матадан екі жанында кең қалтасы бар, тігісі екі қатар шалбар тігеді. Ол шалбарын белдік арқылы белге байлайтын емес, аспа бау арқылы иыққа ілетін етті. Леви Страусстың қолымен тігілген қоңыр шалбардың алғашқы данасы тапсырыс берушіге 1 доллар 20 центке сатылады. Шалбардың жаңа түрін көрген басқа жұмысшылар Левиге алдын ала ақшаларын төлеп, кезекке тұра бастайды. Кенеп матадан тігілген шалбарға сұрау салғандардың саны 500-ге жуықтағанда Страусс бұл іспен жанын сала айналысса, көп пайдаға кенелетініне көзі жетті.

Ол 1853 жылы Сан-Францисконың Сакраменто көшесінен «Levi Strauss & Co» дүкенін ашады. Дүкен ұсақ-түйек тұрмыстық бұйымдар сатумен айналысқанмен, оның негізгі өтімді тауары жұмысшыларға арналған шалбарлар болды.


Джинсыдың қалтасына қағылған мыс шеген. Бұл да бір кездері жаңалық болған


Леви Страусстың патенті

«Levi Strauss & Co» кәсіпорнының өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты шикізат жетіспеушілігі туындайды. Страусс жағалауға табан тіреген бүкіл кемелердегі кенеп маталарды түгел сатып алғанымен, ол да көп уақыт өтпей таусылды. 60-жылдарға таман Леви шалбар тігетін материалды Францияның оңтүстігіндегі Ниме қаласынан тасымалданатын индиго түсті (көкшіл түсті) жұмсақ төзімді матамен алмастырады. Матаның рулонында «Serge de Nime» деп жазылғандықтан, алтын өндірушілер ол шалбарға «деним» деп ат қояды. Бұрынғы кенеп матадан дайындалған шалбарлардың түсі қоңыр болатын. Енді алтын өндірушілер көк түсті шалбар киді. Иық баумен бірге тігілгендіктен, шалбар компания каталогында «жоғары белді комбинезон» (waist high overalls) деп тіркелді.
Леви Страусстың шалбары кемшіліксіз болмады. Құрамында алтынның түйіршіктері бар кесектер мен жыныстарды қалталарына салып жинайтын болғандықтан, жұмысшылардың шалбарларына жабыстырылған қалталардың тігістері ажырап, жыртылып қала берді. Олардың тігін фабрикасына әкеліп тастаған шалбарларына қайтадан қалта тігіп бергенімен, қалта тігісінің сөгілуі тым жиілейді.

1872 жылы Леви Страуссқа Невада штатындағы әріптесі, тігінші, «Levi Strauss & Co» дүкенінің тұрақты клиенті, Латвиядан ауып келген еврей Джейкоб Девистен ұсыныс хат келеді. Хат патент мәселесіне қатысты жазылған екен. Джейкоб Девис талай жылдан бері кеншілерге киім тігіп берумен шұғылданып жүргендіктен, қалта тігісінің әлсіз болуы оған да қиындық туғызыпты. Қалталарының сөгілгенін айтып, жиі шағымданған кеншілерден мезі болған Девис бір күні жаңаша қадамға барады. Үйіндегі ат әбзелдерінің бауларын бір-бірлеріне бекітіп тұрған мыс шегендерді суырып алады да, оларды арызданып келіп отырған Айк есімді вирджиниялық шахтердің шалбарының жан қалтасының астыңғы және үстіңгі шетіне қағып тастайды. Екі мыс шегенмен шалбарға бекітілген қалта өміршең болып, ол шалбардың иесі одан кейін қайтып Джейкоб Девистің алдына шағым айтып келмепті. Кездейсоқ тапқан жаңалығын патенттегісі келген тігінші патент орталығы талап еткен 68 долларды тауып бере алмай, ірі дүкен иесі Леви Страусстан көмек қолын созуын өтінген екен. Егер 68 доллар тауып бере алса, патент екеуінің атына қатар тіркелетінін ескертіпті. Леви әріптесінің ұсынысына келісті.
1873 жылы 20-мамырда киімдерге металл шегендер мен металл түймелер қағу-қадау жөніндегі 139121 нөмірлі патент Леви Страусс пен Джейкоб Девистің атына рәсімделеді. Бұл күн джинсыдың туған күні ретінде тарихта қалды. Леви Джейкоб Девисті ағаларымен қатар компанияның жауапты қызметіне тағайындап, өзі кәсіпорынның бас қожайынына айналады.

«Levi Strauss & Co» компаниясының кеңсесі және оның қызметкерлері

Леви Страусс шалбарларын екі түрлі матадан тікті. Бірі жоғарыда аты аталған Франциялық «деним» матасы болса, екіншісі Италияның Генуя қаласында тоқылатын мата еді. Кемеге жүк болып тиелген мата теңдерінің сыртына «Genoa» деген таңба басылғандықтан, ол атау тілдік тұрғыдан бұрмаланып, британдықтар мен американдықтардың аузында «джин» деп аталып кетеді. «Деним» мен «джин» шалбарлары өте ұқсас болды. Айырмашылықтары біреу ғана: «джин» ақ және көк түсті жіптен тоқылса, ал «деним» тек көк жіптен тоқылды.
Патент алған жылы «Levi Strauss & Co» кәсіпорны басқа киім түрлерінен бөлек мыс шеген қадалған 21 мың шалбар сатып өткізеді. Металл түймелі, қалтасы мыс шегендермен бекітілген, тігістері екі-үш қатардан тұратын, жанындағы қалталарынан бөлек шалбардың артына тағы бір қалта қосылған, иық баумен асылатын көк және көкшіл түсті шалбарлар «Leviʹs» («Левидікі», «Левидің шалбары» деген мағынада) деп аталады. Бұл бүгінгі джинсылардың алғашқы үлгісі болғанымен, шалбарларға Леви Страусс өлген соң отыз жылдай уақыт өткеннен кейін ғана джинсы деп ат қойылды. Оған дейін шалбар иесінің атына меншіктеліп жоғарыдағыдай атпен таралады. Сонымен қатар белдікпен буылатын джинсы шалбарлар XX ғасырдың 20-жылдарында ғана пайда болды. Оған дейінгілері комбинезон іспетті еді. Ал «Leviʹs» дизайны бүгінгі замандағы джинсы түрлерінің ішіндегі ең танымал брендтердің бірі болып саналады.
«Leviʹs» шалбарын енді тек алтын өндірушілер емес, бақташылар, фермерлер, шабандоздар киді. АҚШ-тың тәуелсіздігі үшін болған соғыс «Levi Strauss & Co» компаниясының тыныс-тіршілігіне еш зиянын тигізбеді. Себебі майдан ұрыстары Калифорния штатынан тым жырақ аймақтарда жүрді.

1886 жылы «Leviʹs»-тің логотипі жасалады. Логотипте екі жылқының «Leviʹs» шалбарын екі жақтан тартып, жырта алмай жатқаны бейнеленеді. «Leviʹs»-тің сапасын насихаттайтын логотип арнайы дайындалған тері материалдарға басылып, шалбардың артқы жағына жапсырып тігілді. Біз қазіргі күні киіп жүрген джинсылардың артқы бетінің белбеу өтетін тұсына жапсырылған түрлі сауда белгілері таңбаланған алақандай төртбұрыш терілер өмірге осылай келген.

«Leviʹs»-тің логотипі

Леви Страусс 1890 жылдан бастап компаниясына тиесілі тауарларға нөмір белгілейді. Кәсіпорын тізімінде 501-інші тұрған көк түсті, металл шегенді шалбар бұдан былай «Leviʹs 501» деп жазылатын болып шешім қабылданады.
Леви Страусс «Levi Strauss & Co» кәсіпорнынан басқа екі сақтандыру компаниясының, бір электр компаниясының және «Nevada Bank»-тің қожайыны, сонымен бірге Сан-Франциско Сауда Палатасының құрылтайшысы әрі қазынашысы болды. Жетімдер үйіне, қарттар үйіне, білім ошақтарына қаржылай қамқорлық жасады.

Л.Страусс салдырған «Имануэль Храмы»
Ол өзінің ең игі шаруасына 1850 жылы кіріскен болатын. Калифорния штатына табаны тие сала, алғашқы саудасынан түскен қаржыға Сан-Францисконың орталық көшелерінің бірінің бойынан еврейлер зиратын және «Имануэль Храмы» деп аталатын еврейлер қауымының синагогасын салуға арнайы жер телімін сатып алады. 1864 жылы биік қос мұнаралы, керемет күмбезі бар синагоганың құрылысын аяқтап пайдалануға береді. Синагога сарайы 1906 жылғы ауыр зілзалаға дейін өмір сүрді.
Жеке қазынасы 6 миллион долларға жеткен Леви Страусс 1902 жылы 26-қыркүйекте өз үйінде бақилық болады. Ол қайтыс болғаннан соң, арада төрт жыл өткеннен кейін, Сан-Францискода ірі жер сілкінісі болып, «Levi Strauss & Co» компаниясының бас кеңсесі жермен-жексен қирайды. Зілзаланың кесірінен өрт болып, қираған бас кеңсе үш күн жанған. Мұрағаттағы құжаттар түгел өртеніп кеткендіктен, компанияның тыныс-тіршілігі мен қожайыны туралы мәліметтер тым тапшы.

Сан-Франциско. 1906 жылғы зілзаладан кейінгі көрініс

Түйін
Тігіншілік – ежелден келе жатқан кәсіп. Шалбар – ежелден келе жатқан киім. Бірақ шалбарды қос тігіспен қатарлап тігетін, қалтасына мыс түйме қағатын тігінші жүз сексен жылдан сәл астам уақыт бұрын ғана дүниеге келіпті. Оның шалбарына айтылған сын да аз емес: белді қысады, бұты тар және т.б. Дегенмен, одан бері джинсы шалбары жүздеген дизайнерлердің қолынан өтті. Леви Страусс өз қолымен тіккен шалбарды көзімен көргендер жоқ. 1993 жылы Невада штатының шабандоздары атпен жортып жүріп, қоңыр түсті көне джинсы тауып алған. Мамандар оны Страусс тоқыған шалбарға балап, компанияның мұражайында сақтап отыр. Ол шалбардың стилі бүгінгі джинсылардың пошымына ұқсамайды. Қалай десек те, джинсы шалбары қазіргі таңда ең өтімді тауарлардың алдыңғы қатарында.

Ақан Бірлік
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер