АҚШ Ресейдегі соңғы екі консулдығын жабады

2055
Adyrna.kz Telegram

Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ-тың Ресейдегі екі Бас консулдықтарының жабылуы туралы жариялады. Санкт-Петербургте консулдық 2018 жылы жабылғандықтан, Владивосток пен Екатеринбургте соңғы екі бөлімшелері ғана қалған.

Associated Press айтуы бойынша, өткен аптада АҚШ Мемлекеттік департаменті Владивостоктағы консулдықты біржолата жауып, Екатеринбургтегі консулдықтың жұмысын уақытша тоқтататындығы жайлы хабардар етті.

Агенттіктің хабарлауынша, екі консулдықтың жабылуы жайлы ақпарат АҚШ Конгрессіне 10 желтоқсанда жіберілген. Яғни бұл АҚШ тарихындағы ең үлкен кибершабуыл - Sunburst болмай тұрып, үш күн бұрын шешілген.

«Дипломаттық визаларға байланысты қиындықтар»

2017 жылы Ресей билігі, жұмыс істеуге рұқсат берілген АҚШ дипломаттарының санын азайтуға шешім қабылдады. Бұл АҚШ консулдықтарының жабылуының басты себебі. Ресейдің 2017 жылы енгізген штаттық шектеулері дипломатиялық визалармен байланысты қиындықтардың пайда болуына әкелді.

ТАСС АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкіліне сілтеме жасай отырып, Мемлекеттік хатшы Майкл Помпео осындай шешімге келді деп хабарлайды.

Мемлекеттік хатшы Ресейдегі АҚШ елшісі Джон Салливанмен ақылдаса отырып, дипломатиялық миссияның қауіпсіз және сенімді жұмысын қамтамасыз ету аясында Владивостоктағы АҚШ Бас консулдығын жабу және Екатеринбургтегі АҚШ Бас консулдығының жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

ТАСС-тың сұхбатшысы жұмысты оңтайландыру үшін консулдықтарды жабу мақсатын атады: «АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігінде дипломатиялық персоналды қайта құру бізге Ресейдегі сыртқы саяси мүдделерімізді барынша тиімді және қауіпсіз түрде дамытуға мүмкіндік береді».

«Бұл Ресейдің АҚШ-тағы бас консулдықтарына еш әсер етпейді», - деді ол.

Пандемия әсері

Консулдықтар жабылғаннан кейін АҚШ-тың Ресейдегі жалғыз дипломатиялық орталығы Мәскеудегі елшілік болады.

2018 жылы Ұлыбританияда Скрипалдардың улануынан кейін Сиэтлдегі Ресей консулдығы өз жұмысын тоқтатты. Нәтижесінде, Ресей АҚШ-тың Санкт-Петербургтегі Бас консулдықтың жабылуын талап етті.

Наурыз айында пандемияға байланысты Владивостоктағы консулдық өз қызметтерін іс жүзінде тоқтатты. Ал қызметкерлері жабдықтар мен құжаттарын шығара бастаған. Владивосток пен Екатеринбургтегі консулдықтарда 10 американдық дипломат және 33 ресейлік қызметкер жұмыс істеген.

Консулдықтардың қашан жабылатыны нақты анықталған жоқ. Американдық қызметкерлер Мәскеудегі елшілікке ауыстырылып, жергілікті тұрғындар жұмыстан шығарылады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Владивостоктағы консулдықтың жабылуы жылына 3,2 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.

Салдарында, Ресейдің кең аумағы АҚШ-тың дипломатиялық өкілдіктерсіз қалады. Консулдықтың азаюы американдық саяхатшыларға ғана қолайсыз емес, ресейліктер де тек Мәскеуде ғана виза алуға мәжбүр болады.

Наурыз айынан бастап Екатеринбургтегі консулдық тек төтенше жағдайларда қызмет көрсетеді деп шешілген болатын. Ал Владивостоктағы консулдықтың қызметі пандемияға байланысты толығымен тоқтатылды. Бұған Ресей азаматтары мен американдық қызметкерлердің денсаулығына алаңдау себеп болды. Сонымен бірге, Мемлекеттік департамент консулдық Владивостоктағы жұмысын «жағдай жақсарған соң» қайта бастайды деп үміттенген.

Жақында BBC-ге Екатеринбургтегі консулдық қандай жұмыстар атқаратынын түсіндіріп өтті: «Біз иммиграциялық емес визаларды саяхаты гуманитарлық мақсаттармен байланысты, төтенше жағдайдағы өтініш берушілерге ғана бере аламыз, мысалы, АҚШ-тағы жақын туыстарын жерлеу немесе шұғыл емделумен байланысты болған кезде. Студенттерге оқуын жалғастыру үшін, сондай-ақ ұшу және кеме экипаждарының мүшелеріне де виза береміз.»

АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Екатеринбург пен Владивостоктағы консулдықтардың жабылуына өкініш білдірді. «Бұл қате. АҚШ Ресей қоғамымен тікелей қарым-қатынас орнатуға ұмтылуы керек, ал консулдықтар оны жүзеге асыруға көмектеседі. Мен сайланған президент Джо Байден бұл шешімді өзгертеді деп үміттенемін», - деп өзінің Twitter-де екі қаладан түскен суреттерімен бірге жариялады.

Дипломатиялық қақтығыс

2016 жылдың желтоқсанында Мәскеу мен Вашингтон арасында дипломатиялық қақтығыс басталды. Қызметтен кетіп бара жатқан президент Барак Обама 35 ресейлік дипломатты және олардың отбасыларын АҚШ-тан Отанына қайтаруға шешім қабылдады.

2017 жылдың шілдесінде Ресей АҚШ-тан Америкадағы Ресейдің дипломатиялық миссия қызметкерлерінің санын 755 адамнан - 455 адамға дейін қысқартуды талап етті. Осыдан кейін Вашингтон Сан-Францискодағы Ресей консулдығын жабуын өтінді. Ал 2018 жылдың наурыз айында Ресейдің дипломатиялық миссиясының тағы 60 қызметкері қайтарылды. Оған қоса, Скрипальмен улануына байланысты Сиэтлдегі консулдық жабылды.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтуы бойынша, Екатеринбург пен Владивостоктағы АҚШ-тың бас консулдықтарының жабылуы екі ел арасындағы қатынастарына ешқандай әсер етпейді.

«Консулдықтардың негізгі мақсаты консулдық және визалық қызметтерді ұсыну. Бұл қызметтер біздің жеріміздегі Американдық өкілдіктерінде көптен бері жүзеге асырылмаған. Сондықтан бұл ештеңеге әсер етпейді. Егер сіз жалпы қарым-қатынастар туралы айтатын болсаңыз, онда бұл шешім оған да ықпал етпейді» - дейді Дмитрий Песков.

Дереккөздер:

  1. 2020/США закроют последние два консульства в России

https://www.bbc.com/russian/news-55374254

Пікірлер