Полицейлер көпбалалы отбасыны өрттен құтқарды

2461
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласының учаскелік инспекторлары көпбалалы отбасыны өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Алматы қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Мен әріптесім, полиция аға лейтенанты Самат Нұровпен таңертең жұмысқа бара жаттым. Жансүгірова көшесінің бойымен келе жатып, жеке сектордан шыққан түтін бұлттарын көрдік. Кері қарай бұрылып, 657 үйге жүгірдік. Монша өртеніп жатыр екен, өрт үйге қарай тарап үлгерген. Ішінде адамдар болды. Қатты ұйықтап жатқандықтан, отты сезбеді. Оларды үйден терезе арқылы алып шыға бастадық. Алдымен балаларды, содан кейін ересектерге көмектестік. Отағасы арғы бөлмеден әжені шығарды, біз оны терезе алдында күтіп алдық. Сонымен қатар, көмекті де шақырдық. Патрульдік экипаж келіп, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын эвакуациялай бастады. Өрттің бір-біріне жақын орналасқан басқа тұрғын үйлерге таралу қаупі болды. Құдайға шүкір, ешкім зардап шеккен жоқ », - деді Түрксіб аудандық полиция Басқармасының учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Жайнат Молдағали.

Өз кезегінде көпбалалы ана да полицейлерге алғысын білдірді.

«Мен полицияға өте ризамын. Егер олар болмаса, біз бәріміз, бүкіл отбасы өртеніп кетер едік. Жанымыздан өтіп кетпей бізге көмектескендеріңіз үшін көп рахмет », - деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда мамандар өрт себебін анықтауда.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер