«Қазақтардан жерді қайтарыңдар деп талап ету керек», -дейді ресейлік шенеунік (видео)

9309
Adyrna.kz Telegram

Үш күн бұрын ғана қазақ қоғамын дүр сілкінтіп, наразылығын оятқан ресейлік шенеунік В.Никоновтан кейін оның әріптесі, Ресей думасының тағы бір депутаты Евгений Федоров «Қазақстанды қайтарыңдар» деп сұхбат берді. Бұл туралы ол Ютубтағы БЕЛРУСИНФО  арнасында айтты деп жазады «Адырна» ұлттық порталы.

Тілшінің Никоновтың Қазақстан жеріне қатысты айтқанына қатысты пікірін сұрағанда, Федоровтың берген жауабы: «Никонов анау айтқан жаңа нәрсе туралы айтпады ғой. Бұл туралы осыған дейін Путин де талай рет айтып жүрді. Тек Путин Қазақстан деп атын атап көрсетпеген еді. Белгілі бір елдерге жер сыйлық ретінде берілгенін субъекті ретінде айтқан болатын. Бірақ бір қазақстандық шенеунік «Путин бұл жерде Украинаны айтқысы келді» деген. Неге қазақстандық әлдебір шенеуніктің Путиннің нені айтқысы келгенін түсіндіргенін түсінбедім.  Қазақстанның Никонов айтқан сөзге қатысты реакциясын әрине, түсінемін. Алайда сіз өзіңіз ойлаңызшы, жақын танысыңызға көлік бересіз де, бір жылдан соң келіп: «Менің сыйлығым қалай, Вася?» деп сұрайсыз. Ал сіздің досыңыз Вася «қандай сыйлық? Бұл сыйлық емес, бұл көлікті мен өзім сенен тартып алдым» десе, сіз бұл досыңызға не айтар едіңіз?

Әрине, сіз бұл досыңыздың лақтырбай екенін, жақсы адам емесін түсінесіз ғой, солай ма? Жақсы адам мұндай сыйлыққа «көп рақмет, керемет көлік екен, бұл жақсылығың есімде және оның қайтарымын міндетті түрде жасаймын, мүмкіндігім болған кезде» дейді. Міне, бұл жақсы адамның әрекеті. Ал Қазақстанның ресми өкілі «ешқандай сыйлық алғанымыз есімізде жоқ. Бұл сыйлық емес, біз оны сендерден тартып алдық» дейді, әрине ол кезде басқаша сөйлесуге тура келеді емес пе. Сондықтан берген сыйлықты бағаламай, басқаша сөйлессе, қазақстандықтар, сіздермен басқа тілде сөйлесуге тура келеді. Сыйлықты алып, алғыс айту бар, сыйлықты алып, достыққа түкіру бар.

Жомарт орыс халқы жасаған сыйлыққа ҚР СІМ-нің қарсы жасаған әрекетіне қарай 1991 жылы жердің аймақтық бөлінісіне қатысты заңсыз шешімді қайта қарауды талап етуімізге болады. Бұл талапты жасауымызға тек моральдық тұрғыдан ғана кедергі болуы мүмкін. Қанша дегенмен, достарымыз, оның үстіне көршіміз болғандықтан араздыққа баруды жөн көрмейміз. Ал егер сендер достарың жасаған сыйлықты бағаламай, Сыртқы істер министрлігі әлгіндей әрекетке барса, онда Ресей тарапы мұны талап етуге тиіс. Ақыры орыстар берген сыйлықты бағаламасаңдар, онда кері қайтарыңдар деп талап етуіміз керек. Себебі ол жерлерді қазақтар заңсыз алған.

Неге заңсыз? 1990 жылғы заңда КСРО құрамынан Қазақстанның шығуына байланысты заң бар. Сол заңда орыстың түсінікті тілінде «қандай да бір ел КСРО құрамынан шығатын болса, онда ол ел одақ құрамына кіргенге дейінгі пайдаланған жерін қайтарып береді» деп анық жазылған.  Мысалы, сіз үйіңізді жалға берсеңіз, пәтершіге оны тегін бере салмайсыз ғой? Дәл сол секілді Қазақстан да кезінде жерді КСРО-дан жалға алған болатын. Демек, жерді жалға беруші «босатып, кет» десе, Назарбаевы бар, Тоқаевы бар, бәрі қазіргі тұрып жатқан Алматы-Верный қаласынан бастап, біраз жерді босатып беруі керек. «Біз қайда барамыз?» деуі мүмкін. «Қайда баратындарыңда біздің шаруамыз жоқ. Сендер кезінде бұл жерді жалға алғансыңдар, қайда кетсеңдер онда кетіңдер, жоғалыңдар!» деуіміз керек. Әрине, біз халықты ешқайда қумаймыз. Бұл жерде осыған жеткізген билікке қатысты айтып отырмын. «Қазақстанның территориясын қайтарыңдар да, Қазақстандарыңды Америкада салыңдар, жоғалыңдар!» деу керек".

P.S Бұл не сандырақ? Ресей тарапының бұл әрекетінің астарында не жатыр? Арандату ма, әлде адасу ма? Бұл сұрақтарға ресми өкілдер жауап береді деп күтеміз. Алайда ата-бабасынан қалған жерді Қазақ қасық қаны қалғанша қорғайтынын басқалар естен шығармағаны жөн. Қазақты атқа қондыратын ең бірінші нәрсе - жер екенін де көршілеріміз ескеруге тиіс.

Меруерт ХУСАИНОВА,

"Адырна" ұлттық порталы. 

Фото ашық дереккөзден алынды.

">

 

Пікірлер