Румынияның Конституциялық соты 6 желтоқсан күні Румыния президентінің алғашқы сайлау нәтижелерін жарамсыз деп танып, дауыс беру қайта өткізілуі керек деген шешім шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы DW сайтына сілтеп.
Енді сайлау алдағы күндерде өтеді, оларды үкімет анықтайды, деп мәлімдеді сот.
Екі күн бұрын қазіргі президент Клаус Йоханнис Ресейдің әлеуметтік желілерде ультраұлтшыл саясаткер Кэлин Джорджескуды қолдаған ауқымды науқаны туралы барлау деректерін жариялады. 24 қарашада өткен алғашқы сайлауда Джорджеску күтпеген жерден Румынияның "Құтқару одағы" либералды партиясының өкілі Елена Ласкониден озып кеткен еді.
Кэлин Джорджеску айтарлықтай сайлау науқанын жүргізген жоқ. Теледебаттарға қатыспады және өз мәлімдемесіне сәйкес, тіпті ақша да жұмсамаған. Әлеуметтік сауалнамалар бұрынғы ультраұлтшылдық "Румындардың бірігуі альянсы" партиясының мүшесі болып, тәуелсіз кандидат ретінде қатысқан Джорджеску тек бірнеше пайыз дауыс жинауы мүмкін деп көрсетті. Алайда алғашқы сайлауға екі апта қалғанда TikTok әлеуметтік желісінде оның қолдауына арналған ауқымды науқан басталды, онда Румынияның барлау қызметінің мәліметі бойынша 25 мыңнан астам аккаунт пайдаланылған.
Нәтижесінде Джорджеску шамамен 23 пайыз дауыс жинады. Елена Ласкони 19 пайыздан астам қолдауға ие болып, қазіргі премьер-министр, социал-демократ Марчел Чолактан сәл озып кетті. Төртінші орында – ұлттық радикал Джордж Симион, ол шамамен 14 пайыз дауыс жинады.
28 қарашада Конституциялық сот Орталық сайлау комиссиясын алғашқы сайлау нәтижелерін қайта есептеуге міндеттеді. Бірақ 2 желтоқсанда оны бекітті. Екінші тур 8 желтоқсанда өткізілуі тиіс еді.