Төтенше жағдайға дайынбыз ба?

2408
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың көбейгенін байқауға болады. Мысалы, қыс айларында боран, өрт оқиғалары жиі тіркелетін болса, көктем шыға қар суының еруінен пайда  болатын тасқын су жиі орны алып жатады, жазда дала өрті көп тіркелуде. Көп жағдайда бұл климаттың өзгеруі және өзге де себептермен байланыстырылады.

Осындай қауіп-қатерді болдырмау мақсатында елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу мен іс-қимылдары жөнінде ұзақ мерзімді бағдарлама дайындалған. Төтенше жағдайдың алдың алу мәселесі еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ қолға алынды. Мысалы 1993 жылы Елбасының табиғи және техногендік сипаттағы түрлі апаттардың алын алу және зардаптарын жою жөніндегі қосымша шаралар туралы қаулысы шықты.

Онда өнеркәсiп апаттары, табиғи зiлзаладан туындайтын төтенше жағдайларға жол бермеу және олардың зардаптарынан келетiн шығынды азайту мәселелерi мемлекеттiк саясат жүргiзудiң басым саласы деп саналсын, делінген. Бұған қоса Қазақстан Республикасы мемлекеттiк басқару органдарының және шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң басшылары адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, экономиканың мемлекеттiк секторының экономикалық әлеуетiн сақтау жөнiнде уақтылы шаралар қабылдамағаны үшiн жеке-дара жауап бередi, деп тайға таңба басқандай жазылған.

Бүгінгі күні заман өзгеріп, технология атаулы қарыштап дамыған сайын, адамзатқа төнетін қауіптің түрлері де күшеймек. Сондықтан халықты түрлі қатерден, оқыс жағдайлардан сақтандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану және сол арқылы төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету, зардап шеккендерге алғашқы көмекті көрсету тәсілдерін үйретудің маңызды екені белгілі. Қазіргі бұл тәсіл сәтті қолданыла бастады. Мысалы ауа-райының өзгерістерін, болуы мүмкін түрлі жағдайларды ескертіп, сақтандыратын СМС-хабарламалар жүйесі кең қолданыла бастады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында, әлемнің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін – еліміздегі төтенше жағдайлардан халықты және аумақты қорғау жүйесін де әлемдік стандарттарға сай жасау қажеттігі, ол үшін заман талап етіп отырғандай, бүкіл Қазақстан азаматтарын Азаматтық қорғау саласы бойынша оқытып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт – насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керекті айтылған. Бүгінде еліміздің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті апаттардың алдын алу мақсатында барынша жұмыс істеуде.

Мәселен, 2017 жылғы тасқын кезеңіне Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарын басқару органдарының әзірлігі туралы анықтамадда 5,6 шақырым қорғау бөгені жөнделіп, 4,5 шақырым салынды, 13,5 шақырым жағалауды нығайту және 23,2 шақырым өзен арнасының түбін тереңдету, 5,2 ш су тасуы қауіпті өзен арнасын түзету және кеңейту жасалды, 456 автомобиль жолдары мен көпірлері астындағы, 33 темір жолдар мен көпірлер астындағы су өткізу құбыры тазартылыпты.

Бұған қоса халықты оқыту және құлақтандыру жүргізілуде. Телевизия бойынша 72 сөз сөйлеу, радиода 587, баспа басылымдарында 192 сөз сөйлеу ұйымдастырылған көрінеді.

2016 жылы Алматы қаласының әкімдігі халықты құлақтандыру жүйелерін ішінара жаңғыртты, оған 77 дауыс зорайтқыш құрылғысын орнату кірді. Оңтүстік Қазақстан облысында ұжымдық құлақтандыру жүйелерінің 13 жинағы және 11 электрлік сирена орнатылды. Ақмола облысының әкімдігі 2 электрлік сиренаны және аудандық буындағы құлақтандырудың 2 жүйесіне жабдық сатып алды.

«Сақтансаң - сақтаймын» деген қазақтың нақыл сзөі бар. Бүгінде апаттың алдын алу үшін елді құлақтандыру мақсатында еліміздің арнайы мамандары түрлі шараларды атқарып, әр түрлі жолдарын қарастыруда. Түрлі қысқа брошюралар мен бейне ескертулер дайындалған. Мәселен, ел аумағының 60 пайызын шөл дала саналатын дала өрті туралы және оның себептері жайлы арнайы видеода көптеген ақпараттар бар.

«Апат айтып келмейді» деген қанатты сөздің астарында үлкен мән бар. Сондықтан, қандай төтенше жағдай болмасын, біздің елдің азаматтары өз білімдерін жетілдіруді азаматтық борышы санаса артық болмас.

 

Д.Аманжолұлы,

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер