Түріктің "Байкар Макина" әскери компаниясы өз дамуында одан ары кетіп жақында "Акинжи" атты ұшқышсыз басқарылатын ұшақты құрастырып шығарды. Бұның қасында Қарабақ аспанында жасындай жарқыраған "байрактар tb2" ойыншық боп қалатын тәрізді.
Мына нажағайдың салмағы 5 жарым тонна.
Өзі 1350 келі салмақ қару жарағын көтереді. Зымырандарымен бірге.
Бұл шабуылдаушы ұшақ 250 шақырым аумағында көкте ұшып келе жатқан ұшақты, жерде жүріп келе жатқан техниканы дәлдеп тұрып атып қағып түсіреді. Іші толған электроникамен жабдықталған қару - жарақ.
Анадолы түріктерінің бұның алдында жасап шығарған "Ақсүңгір" деген беспилотнигі барлаушы болатын, ал мынау "Акинжи" 24 сағат бойы төбеден қадалып қылт еткенді, шылт еткенді демде бұрқ еткізіп отқа орайды екен. Өзі көкте 12 мың метрге шейін көтеріле алатын қабілетке ие.
Бұның қасында түріктің басқа пулеметше атқылайтын дрондары туралы айтудың қажеті де жоқ. Олар ойнамай қалады.
Түрік инженерлері жасап шығарған бұл ұшақ Түркияны лезде әлемдегі көкті билеген үш әскери державаның қатарына қосты. Яғни, АҚШ пен Израильдің қатарына.
Жалпы, Түркия бұл теманы жақсы ұстап алды. Бұлар енді бұл бағыттан ажырай қоймас.
Тағы түріктер кәрістермен бірігіп "Алтай" деген танкі шығарады.... Өз жаяу әскерінің саны НАТО дағы АҚШ тан кейінгі саны мол әскер екені бесенеден белгілі. Қысқасы, Түркия әскери салада өзге елдерден оқ бойы озық тұр.
Бұлар ол жағынан жарады.
Ал біз "Қаратеңіз бен Сібірдің арасы бұрын біздің жер болған, ол Түркі Қағанаты еді",
"Шыңғысхан біздің бабамыз" деп күмпілдегеннен басқа дәнеңе де білмейді екенбіз.
Сол ғаламды дүбірлеткен бабаларымыздың өз заманында қандай теңдессіз әскери инженер болғанын,
олардың сол заманда ең озық, үздік әскери технологияларды меңгергенін, соны соғыс алаңында сәтті пайдаланғанын,
олардың қандай керемет әскери стратег, тактик болғанын,
олар өздерінің сондай қабілеттерінің арқасында азғантай жауынгер халқымен тас қамалдарды талқандап миллиондаған парсы, қытай, үнді сияқты халықтарды соғыс алаңында оп - оңай жеңіп, топалаңын шығарып кете беретінін әлі өзіміз де түсінбеген сияқтымыз.
Бұл туралы кезінде әлемнің көне заман тарихшылары, мүйіздері қарағайдай жылнамашылары тамсана отырып, жеңілгені мұңая отырып аңыз қылып талай жазды.
Қазір де батыстың "Експлорер", "Нэшонал Джеграфик"' сияқты телеарналары Шыңғысханның жауынгерлерінің пайдаланған сауыт - сайманымен қару жарақтарының қандай ағаштан, садағының оғы қандай материалдан жасағанын, найзасының ұшына не салғанын, қандай от шашатын қару сүйрегенін,
олардың соғыс алаңында қандай әскери тактика қолданғанын, біліктілігін, мықтылығын, тағы басқаларын әлі зерттеп тауыса алмай жатыр..
Әлемде зеңбіректі де тұңғыш жасап шығарған осы Шыңғыстың оғландары болатын.
Олар кезінде қытайдың от шашатын күкіртін сарттың арбасына салып бүгінгі заманауи зеңбіректің алғаш нұсқасын жасап шығарған еді. Қамал талқандайтын катапульталарды да ең алғаш сүйреткен сол көшпенділер. Олардың соғыс саласында жеткен жетістіктері - өз заманында сұмдық инженерлік инновация еді.
Олар сол заманда үздік соғыс технологияларын меңгермегенде мынадай ұланғайыр жерді түркі жұртына мұра қып тастап кетпес еді.
Өкінішке орай бұны кейін біз жалғастыра алмай көрінгенге жем болдық, қор болдық.
Меніңше, біздің сол ата жолды бүгінде осы түріктер шама - шарқынша жалғастырып жатыр.