Сал ауруының емі бар

3371
Adyrna.kz Telegram

Өз тағдыры қазіргі кәсібіне айдап әкелді. «Адырна» ұлттық порталының келесі сұхбаты мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «Қанат»   сауықтыру орталығының директоры Сәкен Темірқұловпен болмақ.

- Сәкен аға, сіздің уақытыңыздың тапшы екенін білеміз. Қаншама емделушілер сіздің бір ауыз сөзіңізге болсын зәру. Десе де, бізге алтындай уақытыңызды бөліп, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет! Өшкен үміттерді қайта жағып, көпке қуаныш сыйлап жүрсіз. Осы кәсіппен айналысуға не түрткі болды? Қай уақыттан бастап қолға алдыңыз?

- Мен 1985 жылы Алматы қаласында стoматология факультетін бітірдім. 15-17 жыл еңбек өтілім бар. Көп жандарға менің осы салада қалай жұмыс істеп жүргенім қызық болып көрінеді. Реабилитацияға қалай келгенім сынды сұрақтарды көп қояды. Институтта білім алып жүргенде, яғни, 1982 жылы Қанат есімді тұңғыш ұлым дүниеге келді. Содан 6 айлығында өкпесі қабынып (екіжақты пневмония), қатты қызуы көтерілді. Жедел жәрдем уақытында келмей, баланың қызуын түсіре алмадық. Кенет баланың талмасы ұстап, ақыр соңында сал ауруына ұшырады. Бірнеше жерден емін іздеп көрдік, десе де қазіргідей емес Совет Үкіметі кезінде мүмкіндіктер аз болды. Алматыға дәрігерлерге апарғанымызда үміт жоғын айтып, бірнеше рет қайтарып жіберді. Содан балам 1988 жылдың қазан айында дүниеден өтті. Тұла бойым тұңғышымнан айырылған соң өкініш өзегімді өртеді. Алла Тағала ауру берсе, оның емін де беруі тиіс қой. Осы ой мені мазалап, тағдырдың өзі осы салаға әкелді. 1999 жылы жаймен жұмыстана бастадым. Алғашқыда 3-4 баланы емдедік. Еңбектеп жүргендер балдақ ұстап, отыра алмайтындар отыруға мүмкіндіктері туды. Нәтижені көргесін  2004-2005 стаматология саласынан түбегейлі осы салаға ауыстым. Жеке стаматологиялық кабинетім болған. Оны жауып тастадым.

 - Орталықтағы аппараттарды өзіңіз жасадыңыз ба? Әлде бұл салада сізге көмекке біреу келді ме?

- Жаңа айтқандай стаматология факультетін бітіргенге көбі бізді тек осы сала айналасында білім алды деп ойлайтын. Олай емес, біз де анатомияны, физиология, патофизиологияпәндерін оқыдық. Балама емін жасай алмағасын, өзгелерге мүмкін септігім тиер деген оймен іздене бастадым. Адамның белгілі бір нүктелері мен бұлшықеттеріне әрекет еткенде олар жұмыс істей бастайды. Біздің емдеу тәсіліміздің негізі де осында жатыр. Адамдардың денесі шартты және шартты емес қимыл қозғалыстарына жауап береді. Біз шартты түрде қозғаламыз. Бала дүниеге келе сала жүріп кетпейді. Ол құлайды, солай-солай жаттығады. Тоқ етері, әрбір әдісті, аппаратты өзім ойлап таптым.  Орталықта қазір жүздеген аппараттар бар. Оның бәрі әр қимыл қозғалысқа жауап беретіндей ыңғайда жасалған.

- Қазіргі таңға дейін орталыққа келген емделушілер саны қанша болды? Ем алушылардың қатарында шетелден келетіндер бар ма?

- Бастапқыда келген адамдар саны мен олардың тұрып кеткені мынанша деп есептейтінбіз. Қазір статистика жүргізбейміз, сондықтан нақты айту қиын. Орташа есеппен 2 айлық курсқа 40-50 адам келеді. Бұл созылмалы ауру болған соң екі айға келген емделуші үшінші айға қайтадан келуі мүмкін. Кейбіреулері бір жылдап жатады. Ол жасы мен бұлшықеттеріне байланысты. Бір білетінім, 450-500-дей бала аяққа тұрып жүріп кетті. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан сынды  көрші шет елдерден көп келіп жатады.

Арман есімді азамат баласын емдетуге алып келді. Бізге келместен бұрын Токиода болған. Олар біздің қолымыздан ештеңе келмейді, тек аппарат кигізіп бере аламыз деген. Барлық бағасы 36000 мың доллар тұрады екен. Амал жоқ, қаржының жетіспеуінен елге қайтып келген. Бала 4 айдай болды біздің орталықта екінші курсын алып жатыр. Құдайға шүкір, қазір аяғын басып, әкесі қасына ілестіріп жүре алады. Бұл – бір адамның қуанышы, бұл менің еліміздің медицина саласына тигізіп жатқан үлесім деп білемін. 2004 жылы Ресей мемлекетіне жұмысқа шақырды. Алайда ол жаққа барсам маған Ресей азаматтығын алу керектігін айтты. Әрине, мен бас тарттым.

- Жаңа сауықтыру орталығы ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Осындай игі істерге еліміздің тарапынан қандай да бір қолдау көрсетіліп жүр ме?

- Құрылыстың созылғанына 8 жыл болды. Қызылордаға келген барлық әкімдердің алдында болдым деп ойлаймын. Олардың айтатын уәжі біздің саланы қай қатарға жатқызатындарын білмейді. Себебі басқа елдерде мұндай аппараттармен жұмыс жасайтын орталық болмағандықтан, мүмкін, түсінбейді. Невропотологтарды жібереді. Олар өздерінің протоколы бойынша жұмыс істейді, оларға біздің не істеп жатқанымыз түсініксіз. Қызылорда қаласының бизнесмендеріне де бардым. Нәтиже болмады. Десе де, ешкімге міндет ете алмаймын. Бірақ көмек қолын созған жандар мүлдем болмады деп те айта алмаймын. Атырау қаласынан Қағазов Құрманғали деген азамат бізге 16000 мың доллар қаржылай көмек көрсетті. Бұл қатарда қаржылай шамалары келгенше қолдау көрсетіп жатқан өзімнің інілерім де бар. Жақында Өркен есімді бауырым арнайы ат басын бұрып, жұмыс барысымен танысып, біздің еңбекті бағалап жатыр. Ол азаматқа да айтар алғысым шексіз. Әлі де әкімшіліктен келіп көрсе, нәтижемен танысса, нұр үстіне нұр бола еді.

- Ал сіздің орталықтан ем алу бағасы қанша?

- Бір курс екі ай жүреді. Бір күнде 5-6 сағат жұмыстанамыз. Курс бағасы – 380000 теңге. Қалаға келгесін пәтер жалдап тұрады. Пәтерлер елу мыңның шамасында болады. Орталықта 12 адам жұмыс істейді. Жасыратын ештеңесі жоқ, олардың жалақысы, салық, зейнетақы қоры бар. Әрине, сосын үкіметтен алған несиеміз бар. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жартылай төлеп көмектеседі. Бізге түсетін күш осы бағаға сай. Бұл баға қатып қалған баға емес. Бір үйден екі емделуші болса, екеуіне қатар көп болып кетеді. Сондықтан біреуінің еміне ғана аламыз.

- Кімнен немесе неден мотивация аласыз?

- Мен мотивацияны әрбір ата-ана мен баладан аламын. Әртүрлі жағдайда келген балалар ең болмағанда қолын аузына апарып, тамағын жесе, соның өзі – біз үшін үлкен қуаныш. Жанары жасқа толған ата-аналардың бақыттан көз жасын көріп, алғысын арқалау да маған күш береді. Ешқашан шаршадым деп айтпаймын. Сенбі, жексенбі күндері де жұмыста жүремін. Бізде әлі 150-ге тарта іске қосылмаған аппарат бар. Соларды одан сайын қалай жетілдірсем деп ойланамын. Адам баласы өмірге келгенде бір миссия орындауға келгендей ғой. Менің миссиям – осы жұмысым.

- Баласы сал ауруымен ауыратын ата-аналарға айтар кеңестеріңіз бар ма?

- Диагноз қойылса, одан сайын уайымға салынудың керегі жоқ. Осындай емдеу орталығы барын біліңіз. Үмітті үзбеңіз. Мен өз баламды емдей алмадым. Ал сіздерде қазір мүмкіндік бар. 21 жылдың ішінде қанша бала аяғына тұрып кетті. Біз институтта білім алып жүргенде әр факультеттің тақтайшасында «Человек как вселенная: в нем всегда находится нераскрытые тайны» деп жазылып тұратын. Медицина бір орында тұрмайды. Ешкімнің басына бермесінші.

-Аға, алдағы жұмысыңызға сәттілік тілейміз. Отбасыңызбен аман отырыңыз.

Әңгімелескен Балнұр РЫСҚАЛИЕВА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер