"Жоқ, ұмытуға болмайды!". Ж.Нәжімеденовтың туғанына 85 жыл (Видео)

14019
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 85 жыл бұрын, яғни 1935 жылы 28 қарашада, Атырау облысы Құрманғазы ауданында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов дүниеге келді. Осы мерейлі күнге орай "Адырна" ұлттық порталы ақын өмірі туралы қысқаша деректер ұсынады.

Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ұлт аспаптары факультетін, М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары курсты бітірген. 1959-1965 жылдары – «Жазушы» баспасының кіші редакторы, 1965-1966 жылдары –республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі. 1966-1971 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші.

1974-1978 жылдары – Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, 1978-1983 жылдары «Мектеп» баспасында редакция меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Тұңғыш кітабы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Алпысыншы жылдардан бастап өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарық көрген. «Балауса», «Сыбызғы сыры», «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Күй кітабы», «Мезгіл әуендері», «Ұлым, саған айтам», «Қызғалдақ жайлы баллада», «Темірқазық», «Менің топырағым» кітаптары, үш томдық шығармалар жинағы, «Мен – тамырмын» дастандары, «Қасірет пен қайсарлық», «Жұмекен», «Жаңғырық», «Жарық пен жылу», «Весенние ветры», «Мен туған күн», «Жеті бояу», «Шуақ», «Ашық аспан», «Қыран қия», «Тебе говорю, потомок» толғау, поэмалары мен жырлары, «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты романдарының авторы.

1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ақын жырлары бірнеше шет ел тілдеріне аударылған.Жұмекен Нәжімеденов мәтінін жазған «Менің Қазақстаным» 2005 жылы әнұран болып бекітілді.

Жұмекен Нәжімеденов – 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.

2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (қайтыс болғаннан кейін) берілді.

Ақынның есімі өзінің туған жері Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы ауылға берілген.

Ақын 1983 жылы 22 қарашада Алматы қаласында өмірден озды.

 

Пікірлер