Гүлге айналған Гүлнар (Башқұрттың білімпаз қызы хақында)

2409
Adyrna.kz Telegram

Гүлнар – түркі халықтарына ортақ есім. Қазақта да, қырғызда да, өзбекте те, түрікменде де, татарда да, башқұртта да, қарақалпақта да Гүлнарлар жеткілікті. Солардың ішінде бұл Гүлнардың жөні бөлек еді. Башқұрттың біртуар бойжеткені, ғибратты ғалымы, әлеуетті эпостанушысы Гүлнар Юлдыбаева мәңгілік мекеніне мезгілсіз аттаныпты. Жастығына қарамастан түркі тілдес елдерге кең танылған зерделі зерттеуші іргеден кіріп, ілгерілеп келе жатқан індеттің дауылына ұшырапты.

Гүлнар – башқұрт жұртының Жерұйығы іспетті, талай тұғырлы тұлғалар шыққан әйгілі Саитбаба ауылының қызы еді. Өз халқының эпостық шығармаларын жеріне жеткізе зерттеп, академиялық үлгідегі ғылыми еңбектер жазған-ды. Әсіресе елдіктің ескерткіші, ерліктің еншісі – «Урал батыр» эпосын түркі әлеміне танытуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Түркі тілдес елдердегі әріптестерінің алақанға салып аялаған аяулы қызы болатын.
Талантты ғалым екені өз алдына, жүрегінің жылуы мол, жаны таза, жүрген жері берекеге толы арманшыл ару еді. Жұртты жатырқамайтын, ағайынды алаламайтын. Күллі әлемнің күлкісін езуіне жинап, жымиып қана тұратын. Бақыттылықтың белгісі бар-ды башқұрттың бұл қызында...
Қазақ ғалымдарымен ерекше сыйласты. Біздің елімізге деген құрметінде шек жоқ-ты. Бағзы дәуірден тамыр тартатын әрбір мұрамызды өз халқына таныстыруға асығатын. Жалпы, түркі халықтарының қастерлі құндылықтарының қай-қайсысын да башқұрт тіліне аударуға аса ықыласты еді.
Сол Гүлнар бүгін гүлдестеге оранып, өзі де әсем гүлге айналып, жастайынан жете зерттеген Урал батырдың сенімді серігі – Ақбозатқа мініп, ғарышқа жол тартты.
Хош, сәулетті Саитбабаның сұлуы! Алла алдыңнан жарылқасын!
Йәнең йәннәттә булһын, Гөлнар!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

Әдебиеттанушы-ғалым, журналист-публицист

Пікірлер