Әділет Ахметұлының жаңа кітабы жарық көрді

10689
Adyrna.kz Telegram

Терең тынысты жырларымен оқырмандар жүрегінен орын алып жүрген ақын Әділет Ахметұлының  «Жұмжұма сұлтан» атты екінші кітабы басылым көрді. Бұл жаңалықпен автор  Facebook желісіндегі ресми парақшасында бөлісті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

 «Жұмжұма сұлтан» – Алтын Орда әдеби мұраларындағы шоқтығы биік, кесек туынды. Соны нәзиралық (қайталай жырлау) дәстүрімен қазіргі қазақ тіліне аударып, көркем поэзия үлгісінде кітап етіп шығардым. Бұл өзі кішкентай кітап. Бірақ салмағы ауыр мұра. Кітапқа өзге бірнеше поэма, өлеңдерім енді. Бұл еңбегімізді Алтын Орданың 750 жылына және Алтын Орда мұрагері – сіздерге арнаймын!» ,-деп жазды ақын.

Алтын Орданың әдебиетшісі Хұсам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтаны» 1370 жылдары жазылған. Авторы жайында жөнді мағлұмат жоқ. Тірлігінде көп жамандық жасап, күнәға батқан адамдардың о дүниеде тозақ азабын тартқандығы туралы әңгіме, аңыздар Хұсам Кәтибтің поэмасынан бұрын да күншығыс, батыс елдеріндегі ақындар шығармаларына негіз болған: Иранның атақты ақыны Фарид-ад-дин Аттар (1119 жылы туған), Италия Оянушылығының алыбы Данте (1265–1321) осы тақырыпта «Тәңірі комедиясын» жазған.
Күллі түрік жұртына ортақ, тіптен әлемдік деңгейдегі әдеби туындының бірі атанған осы дастанды Ә. Ахметұлы нәзиралық дәстүрмен қайтадан жырлап, кітап етіп шығарыпты. 30-қараша күні Алматыдағы «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханада онлайн-офлайн форматта бұл кітаптың тұсауы кесіліп, ақынның «Алтын орда аманаты» атты шығармашылық кеші өтеді. Беташар ретінде жаңа кітаптан автордың бірер шумақ жырын ұсынайық:
Алтын орда – киелім,
Маған ие болдың сен, мен де өзіңе иемін.
Арқасына аңыз көмген,
Тау-тасына бәдізделген
Тарих.
Құлай-құлай сүйемін!
Жылай-жылай сүйемін!

Қаһарымен аспан астын қалтыратқан Қағанат,
Ақ қағазға қалтырыпсың алты батпан аманат.
Сені таптым Ертісті өрлеп,
Еділ бойын сағалап,
Жайық бойын жағалап.

Бақшасарай алтын діңгек,
Тұрған шақта даңқың бүрлеп,
Ғұламалар маңдайларын нұр сәждеге тигізген.
Ер Тоқтамыс, Жошы, Бату,

Басы барды игізген.
Қайран алып Алтын Ордам,
Тәңірі мінез хандары-ай,
Ауызы түкті кәуірлерді етегінен сүйгізген...

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер