Шетелдегі қазақ магистрі: Айына 508 мың теңге шәкіртақы аламын

2871
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда шетелде оқу, жер көру - кім-кімнің де арманы болса керек.  Мектеп бітіре сала, болмаса магистратура оқу үшін  шет ел асып жүрген жастарымыз көп.  Бүгінде бұрынғыдай емес, «оқимын» деген адамға мүмкіндік сыйлайтын  бағдарламалардың  қарасы да артқан. «Адырна» тілшісінің  кезекті сұхбаты осындай мүмкіндікке ие болған қызылордалық  Аякөз Мейрамбекпен болмақ.

Аякөз – қарапайым қазақ ауылынан шыққан,  орта мектепті бітірген  шетелдегі қазақ магистрі. Тек Қазақстан емес, жалпы Азиядан жалғыз.  Бакалаврды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінде оқыған. Магистратураны шетелде оқимын деп те ойламаған. Алайда бұйырмыс солай болса керек, қазір ол Еуропаның төрінде жүр.

-Аякөз, Еуропада білім алуыңызға не түрткі болды?

-  Ең алдымен,  Еуропаға қалай келгенім туралы айта кетейін.  Мен де достарым сияқты магистратураны өзіміздің қара шаңыраққа тапсыруға ниеттендім. Дегенмен балым жетпей, грантқа іліге алмай қалдым. Сол уақытта бірнеше жұмыстан ұсыныстар да түсті. Бәрін қарастырып жүріп, ғаламтордан магистратураға тапсырудың басқа жолдарын  қарай бастадым. Содан осы «Эразмус Мундус» бірлескен магистратуралық бағдарламасымен таныстым.  Бұл бағдарлама мені кемінде екі университетте ауысып оқуға болатын мүмкіндігімен және әр семестрде француз, ағылшын тілдерінен бөлек, итальян және португал тілдерін үйрентетінімен қызықтырды.

-Қандай мамандықта оқып жатырсыз?

-Оқып жүрген мамандығым «Индустриалды мұраларды басқару» деп аталады. Бұл ұғымның өзі  кейіннен пайда бола бастаған.

 - Бұл мамандық біздің елде қаншалықты танымал? Жалпы шетелде сұранысқа ие ме?

--  Шетелде сұраныс бар. Анығырақ, ЮНЕСКО-да осы сала бойынша жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстанда да мүмкін, музей, көрме ұйымдастыру бағытындағы  жұмыстарды істеуіміз мүмкін.

- Шетелдік оқытушыларыңыз жайлы айта кетсеңіз...

-  Мен қазір үшінші  ауысымда Эвора қаласында білім алудамын. Бұған дейін Францияның Париж қаласында Пантеон-Сорбонна университетінде, кейін Италияның Падуя университетінде білім алдым.. Париждегі профессорлар өз саласының нағыз маманы болды.  4 сағаттық дәріс оқып,  тапсырмаларға жіті қарайтын. Падуяда оқытушылармен жақынырақ араластық. Сабақ онлайн форматта болғасын ба, студенттер мен профессормыз дейтіндей кедергілер болмады. Бір жағынан пандемия кезінде бұл да үлкен қолдау бола білді.  Ал Португалияда оқытушы мен біздердің арамыздағы байланыс Қазақстандағыдай тек практикалық  бағытта жүріп жатыр. Мұнда классикалық профессорлар көп.

- Аталмыш бағдарламаның грантына ие болу үшін қандай талаптар қойылады? Ағылшын тілін білу қаншалықты маңызды?

- Шетелге оқуға тапсырудың «қатып қалған» бір ереже құжаттары бар. Олар:  CV резюме,  мотивациялық хат, кем дегенде бір шетел тілін білетіні туралы сертификаты, бакалаврдың дипломы. Қабылдау комиссиясы осы күнге дейін жеткен жетістіктеріммен қатар қандай тақырыпта зерттеу жасағым келетінін сұрады. Шет тілін білу туралы сертификатқа келетін болсақ, мен алдын-ала оқуға тапсыратынымды шешкен соң, алты ай  француз тілінен білім алдым. Елден А1, А2 деңгейін бітіріп кеттім. Кейін оқуға келген соң,  В1, В2  деңгейін үйретті. Ал ағылшыным Upper деңгейінде болды.

-Сіз оқып жатқан бағдарламамен тағы қандай салада білім алуға болады?

- «Эразмус Мундус» (Erasmus Mundus) бағдарламасында үш университет консорциум құрған . Осы университеттер арасында семестр сайын ауысып оқимыз. Төртінші семестрде диссертациялық тақырыбымызға байланысты осы үш университеттің біреуіне барамыз. Ал мен диссертация төңірегінде Италиядағы Падуя университетінде жұмыстанамын. Жалпы біз мұнда техника тарихын, адамзат тарихына техника қалай келді, мұраларды қорғау деген сынды сұрақтар аясында ізденеміз.

-Қаржы мәселесіне тоқталайықшы. Сіз Еуропаға қанша қаражатпен бардыңыз? Шәкіртақы мөлшері қандай?

- Басында билетті 1 ай бұрын ертерек алдым.  Ол шамамен 130 мың теңгеге шықты. Сондай-ақ өзіммен 1000 еуро ала бардым. Себебі  барған соң  шот ашу керек ол әркімде әрқалай дайын болады. Алғашқы стипендиям қазан айында түсті. Негізі шәкіртақы беруде «еуропалық студент» және «еуропалық студент емес» деп  бөліп қарастырады. Бағдарлама оқу ақысын,  әр оқу жылының басында елге бару-қайту жол шығынына, келген еліңе байланысты бөледі. Шәкіртақы айына 1000 еуро.

-Франция, Италия, Португалия сынды елдердегі  білім беру жүйесі мен  отандық оқу жүйесіндегі айырмашылықтарды айта аласыз ба?

- Біздің бағдарламаның оқыту жүйесі біз барған елдің білім беру, бағалау жүйесінен әлдеқайда өзгеше болады. Сабақ барысы дәріс ретінде жүреді де, оқу соңында диссертацияға қатысты тақырыпта жоба қорғап, сол арқылы жмысымызға сай бағаланамыз. Біздің мамандықтың өзі зерттеумен айналысатын болғасын осындай бағытта оқытады, ал өзге мамандықтар әр түрлі жүйеде болуы мүмкін. Бағалау жүйесі тіпті өзгеше. Мысалы, Францияда шекті балл 20 балмен есептелсе, ал Италияда 30 балл, Португалияда 20 баллмен есептеледі.

-Пандемия кезінде Италияда болдыңыз.  Бұл мемлекетте  эпидемиялық ахуалдың алаңдатарлықтайболғаны барлығына мәлім.  Жалпы ел ішінде жағдай қалай болды? Үкімет  вируспен қалай күресті?

- Басында, иә, біз де елге қайтудың амалын қарастырдық. Алайда бағдарламаның ұйымдастырушылары бізге барынша  қамқорлық таныта білді. Біріншіден, бізде куратормен байланыс жақсы болды. Ол дәрі-дәрмек жағынан көмектесуді де өз міндетіне алды. Мүмкіндігінше біздің басқа нәрсеге алаңдамауымыз үшін сабақ санын көбейтті. Италияда анау айтқандай азық-түлік жағынан мәселелер кездеспеді. Халық сақтық шараларын сақтап, үйде отырды. Бұл тұста полиция қызметкерлерінің  жұмысы да ерекше көрінді.

-Сізді тек шетелдегі студент емес, саяхатшы ретінде де білеміз. Мәселен Еуропа стилімен Қазақстанға ортақ нәрсе бар ма?

- Осы уақытқа дейін көп жерлерді саяхаттадым деп айта алмаймын . Десе де, сабақ уақытынан тыс әртүрлі қалаларды аралап, тарихымен танысу ерекше әсер қалдырады.  Тобымда әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатарластарым бар. Мысалы, Бразилия, Куба, Аргентина, Солтүстік Африка, Мексика, Италия, Франция. Ортақ  ұқсастық: Италияда өзгелерден бөлек туысқандық қарым-қатынас жақсы сақталған. Латын Америкасының студенттері ашық мінезді,  біз  сияқты қонақжай болып келеді. Ортақ нәрседен гөрі айырмашылық көп: мәдениет, стиль, қалалардың архитектурасы.

-" Бізде осындай болса ғой" дейтіндей жағдайлар кездесті ме? 

- Еуропада жүріп, адамдардың мақсатынан таймайтынын байқадым. Олар оқуға түспеген жағдайда біз секілді қолды бір сілтеп кетпей, жас айырмашылығына қарамастан қайтадан тапсырып көруге ұмтылады. Мысалы, менің тобымда 35 жастағы ер адам оқиды. Ең жасы – мен. Осы орайда тағы бір мысал келтіре кетейін  Парижде жүргенімде автобусқа мінгенмін. Жолаушылар жүргізушімен  амандасып кіріп, жағдайын сұрап, межелі жеріне жеткенде рақметін айтып түсіп жатады. Шыны керек, бұған мен таң қалдым. Бұл елдің мәдениеттілігін көрсетеді. Ал енді үлкен масштабта қарап көрелік, біздің елде студенттер қысқы  демалыста ауылдарына қайту үшін билет таба алмай қиналса,  мұнда  қала арасына кемінде 5 сағат сайын, күніне екі-үштен қатынауға поездар табылып жатады.

Елге оралу ойыңызда бар ма? Әлде шетелде тұрақтап қалғыңыз келе ме?

-Мүмкін оқу біткесін қайтамын немесе бір-екі жыл тәжірибе жинақтау үшін осы елде қаламын. Әзірге нақты шешім қабылдамадым.

-Өзіңіз вирустан қалай қорғанып жүрсіз?

- Сол әдеттегідей қолды антисептикпен тазартып, көпшілік орындарда маска тағып жүремін. Қазір Португалияда оффлайн оқып жатқандықтан  қаланың ішінде маска тағу міндетті.  Италияда  аптасына бір рет азық-түлік алуға шыққанда киетін бір киім дайындап қойғанмын. Дүкеннен алып келген азық-түліктермізді бөлек  жерге қоятынбыз. Былайша қойылған  стандарт ережелерді орындап жүрміз.

- Сұхбатыңызға рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз! Елге аман-есен оралыңыз!

 

Әңгімелескен Балнұр РЫСҚАЛИЕВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер