БАҚЫТЖАН БҰҚАРБАЙ: Коммунистер үшін парламентке жол жабылуы керек

3010
Adyrna.kz Telegram

Сайлаудың болғаннан боладысы қызық, алдағы саяси дода тағы да альтернативасыз өтпек, нәтижесін де іштей сезіп отырмыз. Сол баяғы партиялар, бұл енді таңғалдырмайтын болды. Бірақ бұл жолы қисынсыз көрінетін бір жайт - коммунистердің парламентке қайта өтіп кету қаупі. Әрине, бүгін олардың қоғамда ешқандай беделі жоқ. Десе де, бұлардың қазақ парламентінде отыруы коммунистік режимнің қыспағынан өткен біз үшін, біздің елдігіміз үшін сын екені анық.

Осыған дейін бір-екі ұлтшыл ағаларымыз бұл мәселені қозғап, «коммунистер парламентте болмайды» деген сыңайлы пікірлерін айтқан. Мұны басында Ақорданың белгісі ретінде қабылдадым: коммунистерге жол жабылып, алдын ала халықты құлағдар еткені шығар дедім. Бірақ, қанішерлер ізбасарларының соңғы кездегі белсенділігіне қарағанда, олар қайта сайлануға үмітті.

Парламентке жол коммунистер үшін біржола жабылуы керек. Неге екенін түсіндірейін.

• Орыстарда «сколько хрен медом не называй, слаще не станет» деген сөз бар. Олар атауларын өзгертіп, коммунистер атауынан бас тартып, Халық партиясы болып шыға келді. Өз атауынан бас тартқан партияға қалай сенуге болады?

• Тәуелсіздік алып, алашордашыларды ақтап, бағасын бердік. Оларды өлімге қиған коммунистердің ізбасарларын төрімізде тайраңдатып қою - ардақтыларымыздың аруағын қорлау, намыссыздығымдың айғағы.

• Олар қитұрқылыққа барып отыр. Электораттың саяси сауатының әлі де төмен екенін пайдаланып, «халық» деген әдемі сөзді қосып, ұпай жинамақ. Қой терісін жамылған қасқыр деуге болады. Саяси сауаты әлі де төмендеу электорат мұны ажырата алмай қалуы мүмкін.

• Өркениетті елдердің барлығы люстрация жасап, коммунизмді фашизмге теңеп, бұрынғы коммунистердің қандай да бір мемлекеттік қызметке келуіне баяғыда-ақ тыйым салып тастаған. Бізге де өркениеттік таңдау жасау керек.

Иә, қазіргі сайлауға түскен партияларды нағыз бәсекелестер, коммунистерден артық іс тындырады деуге келмес. Барлығы білетін баяғы ойыншылар, сайлаудың имитациясы. «Бірлік» «Адал» болып өзгеріп шыға келді, бұған дейін комада жатты, сайлаудан кейін тағы ұйқыға кетуі ғажап емес. «Нұр Отанның» жайы түсінікті.

Пікірлер