Жастармен жүздесті

2048
Adyrna.kz Telegram

Кеше Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай,  «Алаш арыстары ұлт-азаттық көтеріліс тұсында» деген тақырыппен дөңгелек үстел өткізді.

Жалпы «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған дөңгелек үстелдерге әртүрлі саланың өкілдері қатыстырылып келеді. Бұл жолы Шәмек Тілеубаев, Рашид Оразов, Берік Әбдіғали және тағы басқа тарихшы ғалымдардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелге «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты мен «Жасыл Ел» маусымдық ұйымдарының мүшелері жиналды. Дөңгелек үстел барысында жастар 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі Алаш көсемдерінің ұстанымдарын көкейлеріне түйіп, түрлі сауалдарға жауап алып қайтты.

zhetisu-audanyi-2

Тарихшы Берік Әбдіғалиевтың баяндамасынан үзінді келтірейік. Бірінші дүниежүзілік соғысқа жұмысшы ретінде адам беру керек пе, жоқ па деген мәселе төңірегінде қазақ қоғамы мен зиялыларының өзі бөлінді. Алғашында орыс билігі қара жұмысқа жарты жылға шақырды, сол үшін айына 1,5 рубль ақша төлеп тұрамыз деді. Қара жұмыс дегенде, тек иайданда окоп қазу емес, сонымен бірге соғысқа солдат болып кеткен орыс жұмысшылары мен  шаруаларының орындарына зауыт-фабриктер мен егіс алқаптарына да жұмыс істеуге де шақырды. Осылайша, қазақтар Донбасс шахталарында, басқа да кәсіпорындарда, тіпті, Қазан мен Мәскеу вокзалдарында жүк тасушы болып жұмыс істеді. Ал майданға кеткен қазақтарға келетін болсақ, Әлихан Бөкейханов сияқты Алаш зиялыларының бастамасымен Батыс майданға 13,5 мың қазақ азаматы кетті. Қалған майдандарға қанша адам кеткені белгісіз. Керек десеңіз, Бөкейханов соғыста жүрген қазақтармен жұмыс істейтін  бөлім ашып, өзі бастап, оны Міржақып Дулатов сияқты азаматтар қолдап, бәрі бірігіп, майданға барып жүрді, қазақтарға ағарту жұмыстарын жүргізіп отырды. Сол кезде ұлт зиялылары «Қазақ» газетін шығарып, «Майданға барайық, үйренейік. Орыс халқы қиналып жүр. Бір жағынан, көмектесейік, екінші жағынан, тәжірибе жинайық, кейін ол өзімізге керек болады» деп газет арқылы ұран тастады.  Көбісі оларды түсінбей, «сатқын», «орыстың тыңшысы» деп айыптап, майданға адам жіберуге қарсы шықты. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс соның негізінде туындады. Бірақ, сонымен бірге, Алаш арыстарының үндеуіне құлақ асып, біраз аймақтардың азаматтары майданға аттанып жатты. Жаңағы 13,5 мың адам соның айғағы.

zhetisu-audanyi-3

Шара барысында дәстүрлі әншілер Ж. Құжиманов, Е. Нұрханов, Ж. Сақаевтар «Он алтыншы жыл» (Самалтау), «Алаш маршы», «Жігіттер» әндерін әуелете шырқады.

Жасұлан Наурызәлі

«Адырна» ұлттық-энографиялық бірлестігінің мүшесі

Пікірлер