Мектептегі коррупцияның түрлері

3509
Adyrna.kz Telegram

Шымкенттегі мұғалімдерден ақша жинауды елге жариялау -амалсыздың күні. Бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс. Маған да қаншама мұғалім жазды осы жайлы. Бірақ тікелей дәлел болмағандықтан және мұғалімнің тағдыры үшін алаңдауымнан желіге салмадым.

Ақша жинауды «заңдастыратын» бірнеше сылтау бар. Ең көп қолданылатыны СЭС-тің айыпұлы. Айыппұлды әкімшілікке салады. Төлейтін мұғалімдер. Сонда деймін-ау, әжетхана, асхана, дәліз тазалығына мұғалімнің не қатысы бар? Жұмысты ұйымдастыра алмаған завхоз бен директор емес пе? Жұмысқа келмейтін туыстарын рәсімдеп, бекер ақша алуға ұмтылмау керек. Әр мектепте директордың құрығанда (құрығанда деп тұрмын) бір-екі жақыны жұмыс істейтіні белгілі. Дипломы болса мұғалім, болмаса от жағушы, электрик, вахтер, сантехник, аула сыпырушы т.б.

Ақша жинаудың тағы бір сылтауы- директордың туған күні. Міндетті түрде бір-екі тәлпіш әйелдер шығады. «Ойбай, не дейсің, күннің шығып, кештің батқаны осы директордың арқасы» -деп. Мұндай адам үшін қолқаңды суырып берсең де, жалко емес. Ал құдалық шақыру, баласын үйлендіру, қызын ұзатуға ақша жинау, үй салғанда көмектесу сияқты экзотикалық салықтар жиі болмаса да, кездесіп тұрады екен. Бұл енді ештеңеден қорықпайтын басшылардың әрекеті.

Министр қаншама керегі жоқ қағаздарды қысқартты. Түрлі жоспарлар, есептер, суреттер, жоспарды құру үшін жоспарлар, жиналысқа барсаң алған әсерің, нашар оқитын, орташа оқитын, жақсы оқитын балалармен жұмыс жоспары, үй аралаудың жоспары, ата-анамен жұмыс жоспары.... осылай кете береді. Көп мектепте соларды әлі де талап етеді. Мен ойлайтынмын, осылар неге министрдің айтқанын тыңдамайды екен деп. Сөйтсем, сол баяғы қу ақша. Ол қағазды сен терлеп-тепшіп отырып толтырасың. Қабылдаушы завуч оны важный болып санап алады. Сосын шкафта жатады бір жыл. Болды. Тонналап көктемде макулатураға өткізеді. Ал терлеп-тепшігің келмесе, әр қағаздың өз ставкасы бар екен. Соны төлесең, болды. Списокта бірінші тұрасың. Өткізді деген белгімен. 50 процент мұғалім оңай жолды таңдағанның өзінде қаншама ақша жиналады. Баяғыда оқуға түсіреміз деп 10-баладан ақша алып, түк істемейтін аферистер болатын. Сол онның бесеуі өз күшімен түссе де пайда. Түспегендеріне ақшасын қайтарып бере салады. Мынау да сол карусель сияқты алаяқтық. Ешкімге керегі жоқ қағазды талап етсең, сені ешкім ұрса қоймайды. Ал өткізгісі келмегендер өз ставкасын төлесе болды.

Көп адам ойлайды, мұғалім карантинде үйде отырып бекер жалақы алып отыр деп. Түбірімен қате. Білім сапасына алаңдаумен қатар толтыратын қаншама қағаз бар, сабаққа қатысты. Сабақ та есепті талап етеді. Интернет нашарлығы, көз, бел, иық, арқа, сегізкөз т.б ауырғаны бір төбе. Осы жарты жылда қаншама әріптестің көзәйнегі қалыңдағанын бір құдай біледі. Модерация тек дау туғанда ғана жасалыну керек деп арнайы бұйрық та шығарды. Бәрібір. Талап етіп жатыр. Сол модерацияға жеткізбейтін тәжірибелі мұғалімдер неге соны әлі де толтырады? Немесе сабақ жоспарын қағазбен шығару міндетті емес деген норма бар. Бәрібір оны да талап етіп жатыр екен. Электронды форма жетеді. Ставканы берсең, директор электронды форманы қанағат тұтады. Ал бермесең, қағаз талап етеді. Меніңше артық қағазды талап еткендерді әкімшілік жазаға тартатын уақыт келген сияқты. Саботаждық бап болса. Болмаса ол бап қылмыстық кодексте кездеседі. Мемлекеттің ұстанған бағытына бөгет болған деп. Жалпы осы.

Шымкенттен бастап едім. Шымкентпен аяқтайын. Өткенде қала әкімінің орынбасары педагогтарды жұмысқа орналастырудың күшті тәсілі туралы айтып еді. Мына шу ол жаңалыққа кір келтіре қоймас деп ойлаймын. Бастысы ол процесс басталды және өз жемісін береді деп үміттенейік.

Мұғалім Сұлтан Сүлеевтің  әлеуметтік желідегі жазбасы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер