ҰЛАРБЕК НҰРҒАЛЫМҰЛЫ: Ғасырлар қойнауынан жеткен көмбе нан

3767
Adyrna.kz Telegram

Алдыңғы күні кеште Әбекем (Абай Қалшабек) хабарласып: «Ұлеке, анау бір көшіп бара жатып күлге күлше көмген келін туралы жазғаныңыз бар ғой?» дейді. «Иә, бар. Не болды?» деймін мен. «Соныңыз ғасырларға жалғасып жатқан ұлы құндылық екен. «Қобыландыны отырып «Дайағашшы» кітабыңыз есіме түседі деп ойламаппын. Міне, оқиын», - деп 2009 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Батырлар жыры» кітабындағы «Қобыланды батыр» жырынан (106 бет) мына жолдарды оқи жөнелді.

«Күл ішінде не бар деп,
Қобыланды күлді қарады.
Ашып күлді қараса,
Жая менен жал екен.
Түрлі тамақ бар екен.
Өзін қалмақ алғанда,
Көк арбаға салғанда.
«Кез болса бұған батыр – деп –
Тауып азық қылсын» – деп,
Ақылды туған Құртқаның –
Бөтен нәрсе тастарға
Шамасы келмей сұлудың,
Көміп кеткен наны екен.
«Бұйырған Құдайдың
Осы шығар бізге» - деп,
Шетінен тістеп алады,
Қоржынға батыр салады».

Орнымнан атып тұра жаздадым. Ғажап қой! Менің жазған күлдегі күлшем ары кетсе бұдан 70-80 жылдың алдындағы болған оқиға. Кәдімгі кейіпкерді көзімен көрген ауылдағы ақсақалдан тыңдаған әңгімем ғой. Сол ұғым, сол таным, сол әрекет «Қобыланды» жырында болса ғажап емес пе!?
Ендеше, бұдан екі-үш жыл бұрын "пісірген" көмбе нанымды да ұсынайын. Дәм тата отырыңыздар!

АҚЫЛДЫ КЕЛІН ҺӘМ КҮЛДЕГІ КҮЛШЕ

Көшпелі қазақтың көргенді салты, тәлімді дәстүрі көп-ақ. Көшпелі тұрмыстан ажырағаннан кейін, оның көбі жұмбақ күйінде қалды. Мысалы, қазақтың “бір шәйнек шәй бөлінбеген енші” деген керемет сөзі бар. Сөз емес, бұл – қағида. Әдетте еншіні арнайы бөледі, ал, мынау бөлініп қойылған енші. Таны, таны ма, шөлдеп келген жолаушы үйіңнен бір шәугім шәй ішуі оның өз құқы деген сөз былайша айтқанда. Әр қазаққа енші бөліп кеткен аталарымыздың даналығы деген осы. Дәстүр дегеніңіз осы!

Моңғолия мен Қытай шекарасын арлы-берлі жылқы айдаған қазақтар тоздырып тұрған заманда мынадай бір оқиға болған екен. Хасен дейтін адуынды азаматты Моңғол үкіметі ұстамақ болып, күзеуде жалғыз үй отырған жерінде шеріктер жетіп келеді. Хасен аң аулап кеткен екен, сыбысты естіп үйіне жоламай қояды. Әскерлер Хасенді бір-екі күн күтіп, ақыры үйді көшірмек болады. Астаң-кестеңін шығарып жүктерін түйеге артады.
Аң аулауға шыққанда артық оқ арқалап жүрмейді ғой, Хасеннің мылтығы қолында болғанымен оғы үйде қалған екен. Енді қайтпек?
Жүк артылып болып қалғанда Хасеннің кемпірі келініне: «Әй, балам, күлге күлше тастадыңдар ма, күлше көміңдер, ашыққан жолаушы келіп қап жейтін ештеңе таппаса «көргенсіздің ауылы екен ғой» деп күліңді шашып кетеді» дейді. Шынымен ол бұрыннан бар салт. Қараңызшы, қазекең үйіне келген қонақты қойып, жұртына келген жолаушының несібесін қалдырып кетіп отырған. Міне, көшпелі халықтың даналығы! Міне, біздің осы күнге қандай қарым-қатынаспен жеткеніміздің белгісі!

Келіні де, қағылез адам екен: «Иә, апа, күлге көмбе нан тастаймын ғой» деп, нан мен қоса мылтықтың оғын да апарып күлдің шетіне көміпті. Моңғолдар да, көшпелі жұрт емес пе, қазақтарың бұл салтын баяғыдан білетін олар күлге күлше қалдырып жатқан келінге назар да салмапты. Көш кетеді. Алыстан аңдып жатқан Хасен түнделетіп жұртқа келеді…

Кейін айтады екен жарықтық: «Келінім дегдар, текті жердің қызы еді, оғымды күлшемен қалдыратынын біліп едім, ойлаған жерімнен шықты. Нан мен оқты алып қайта тауға шығып кеттім. Сол оқпен аң атып жеп, айшылық жол басып Алтайға өттім, жыл аттатып ауылға келдім. Ары қарай ұзақ әңгіме…», – деп сақалын сауып қойып, әңгімесін айтады екен….

 

Пікірлер