ЕҰУ-да дарындыларды даралайтын дода өтті

3021
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығы аясында бүгін, 6 қарашада Журналистика және саясаттану факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұйымдастыруымен «5В042200–Баспа ісі» мамандығы бойынша cтуденттер арасында ІV Республикалық пәндік онлайн олимпиада өтті.

«Баспа ісі» білім беру бағдарламасы бойынша олимпиадаға Қазақстанның жоғары оқу орындары ғана емес, ресейлік студенттер де бақ сынады. Атап айтсақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Армандастар», «Паблишерс» (Publishers), «Мұзбалақ», «Қыран», «Фортуна» командалары. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің Қолтаңба», «Сөзмерген», «Тастүйін», «Бітік»  командалары және Ресейден Қиыршығыс федералды университетінің (Дальневосточный федеральный университет) «Дальиздат» командасы сайысқа түсті.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы дәстүрлі доданың шымылдығын ашып, университетіміздің тарихы мен жетістіктеріне аз-кем тоқтала келе, айтулы шараның халықаралық деңгейде өткізілу маңызын тілге тиек етті.

Одан әрі сөз алған университеттің Академиялық мәселелер департаменті директоры Байжұман Қашқынбай бүгінгі олимпиаданың мақсат-міндетін айта келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тағылымы терең, мазмұны бай, жауапкершілігі жоғары халықаралық сайыстың ұйымдастырылуына ұйытқы болып, басшылық еткен Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Өмірбайұлы Сақ: «1920 жылы 3 қарашада Қазақ АССР-і Орталық атқару комитетінің «Қазақ мемлекеттік баспасын құру туралы» декреті қабылданған болатын. Еліміздегі тұңғыш қазақ баспасының ашылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Олимпиаданың осы мерекелік датамен тұспа-тұс келуі бекер емес. Баспа ісі мамандығы бойынша өткізіліп отырған бүгінгі халықаралық олимпиадамыз ғасыр бұрынғы баспа саласының ізін жаңаша жаңғыртып қана қоймай, студенттердің редакторлық шеберліктерін дамытуды және болашақ баспагерлердің жаңа технологияны меңгеру деңгейін анықтауды көздейді. Қатысушыларға жеңіс пен жеміс тілеймін!», - деді.

Қазақ және орыс тілінде өткізілген ІV Республикалық онлайн олимпиаданың мақсаты – болашақ баспа ісі мамандарының кәсіби құзіреттілігін дамыту болатын.

Баспа ісі мамандығының сапасын арттыруды, талантты, білімді, үздік студенттерді анықтау, студенттердің өзіндік ой-көзқарасын қалыптастыру, креативті ойлау қабілетін арттыруды мақсат еткен білім бәйгесінің қазылар алқасы құрамына танымал тәжірибелі баспагерлер мен редакторлар бекітілді.

Олар: Әділқазылар алқасының төрағасы - «Фолиант» баспасының бас директоры Нұрлан Сәрсенбіұлы Исабеков. Әділқазылар алқасының мүшелері - «Фолиант» баспасының бас редакторы Александр Юрьевич Серов, ҚР Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Асыл Ұланұлы Сағымбеков, «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейіт, «Aйқын» газеті бас редакторының орынбасары Амангелді Құрмет.

Болашақ баспагерлердің білім бәйгесін Санакова Саяна, Әл-Фараби Серіков, Байментаев Ерасыл сынды факультеттің өнерлі жастары әнмен айшықтап, күймен көмкерді.

Дараларды даралайтын дүбірлі дода ІІІ турдан құралды.

І турда әр команда өздерінің ұраны мен эмблемасын слайд немесе видеоролик түрінде таныстырса, ІІ турда «Қазіргі баспа ісі», «Баспа-редакциялық үдерістің технологиясы», «Баспа ісінің негіздері», «Кітаптану», «Қазіргі полиграфиялық технологиялар» бойынша тест сұрақтарына жауап берді. Ал ІІІ турда сайыскер «Үздік эссе», «Үздік редактор» номинациялары бойынша бақтарын сынады. Яғни, «Үздік эссе» номинациясында әр топқа «Кездейсоқ сандар генерациясы» арқылы эссе тақырыптары ұсынылып, қатысушылар генерация арқылы таңдаған тақырып бойынша эссе жазды. Эссе  жазу барысында қатысушылар видеокамера алдында отырып, қазылар алқасы қатысушылардың жұмыс барысын бақылады.

«Үздік редактор» номинациясында ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған қате мәтіндерді өңдеді. Номинация бойынша жазба жұмыстары видеокамера алдында орындалды.

10 топ сайысқан онлайн-олимпиада қорытындысы бойынша қазақ бөлімінде 1 орын - Құрмансейітов Серік (ЕҰУ); 2-орын - Мұхитқызы Диана (ҚазҰУ), Болатбек Хуралай (ЕҰУ); 3-орын - Алпысбай Аружан (ЕҰУ), Аралбек Жібекке (ҚазҰУ) бұйырды. Ал үздік өнер көрсеткені үшін Нұрбек Қошкелген (ҚазҰУ) мен Құрақпаева Нұрай (ЕҰУ) марапатталды

Ал орыс бөлімі бойынша 1 орынды Слабоспицкая Анастасия (ДВФУ) мен Өмірбай Ақбота (ЕҰУ); 2 орынды Дюсюкеева Дана (ЕҰУ) мен Шевелева Александра (ДВФУ), ал 3 орынды Гришина Владислава (ЕҰУ) мен Якушева Анна (ДВФУ) иеленді.

Гришин Владислав «Үздік редактор», ал «Үздік эссе» номинациясын Попенко Ксении қанжығалады.

Ал үздік өнер көрсеткені үшін Попенко Ксения, Кожекова Салтанат және Мурат Мадина марапатталды.

Сайыс барысында факультет деканы Қайрат Сақ пен Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, доцент Гүлмира Шайтмағанбетқызы Әшірбекова қазылар алқасы мен қатысушыларға айрықша алғыстарын білдіріп, өмір жолдарына сәттілік тіледі.

Әділетті, объективті бағаға риза болған қатысушылар ұйымдастырушы тарапқа шынайы лебіздерін білдіріп, алдағы уақытта білім бәйгесінің офлайн өмірде жалғасын табуына тілекші болып, тарасты.

 

Гүлжазира ЕРТАСОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер