Цифрландырудың көмегімен – экономиканың құрылымы өзгереді

2110
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде цифрландыру экономика дамуының негізгі трендтерінің біріне айналып отыр. Цифрлық технологияларды дамыту бүкіл Еуразиялық экономикалық кеңістіктің басымдығы деуге де болады.

Қазақстанда технологиялардың қарқынды өсуінің және қызметтер көрсетудің электрондық форматына қайта бағдарлануының негізгі тетігі болатын  "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы әзірленгендігі белгілі.

Тұжырымдаманы әзірлеушілер атап өткендей, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының мақсаттары экономиканың даму қарқынын жеделдету және орта мерзімді перспективада цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ экономиканың ұзақ мерзімді перспективада болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшуі үшін жағдай жасау болып отыр.

Аталған бағдарламада  дамудың екі бағыты бойынша  қозғалыс болжануда: алғашқысы - қолданыстағы экономиканы цифрландыру, яғни нақты сектордағы нақты жобалардан тұратын прагматикалық стартты қамтамасыз ету, экономиканың қолданыстағы салаларын, мемлекеттік құрылымдарды цифрландыру және технологиялық қайта жарақтандыру жөніндегі жобаларды іске қосу және цифрлық инфрақұрылымды дамыту.

Екінші бағыты - болашақтың цифрлық индустриясын құру - ұзақ мерзімді орнықтылықты қамтамасыз ету, адами капиталдың даму деңгейін арттыру, инновациялық даму институттарын құру және тұтастай алғанда цифрлық экожүйені прогрессивті дамыту есебінен елдің цифрлық трансформациясын іске қосу.

Бұл тұжырымдаманың негізінде бес негізгі бағыт бар, біріншісі- экономика салаларын цифрландыру, яғни  – еңбек өнімділігін арттыратын және капиталдандырудың өсуіне әкелетін серпінді технологиялар мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, экономиканың дәстүрлі салаларын қайта құру.

Екіншісі - электрондық қызметтерді дамыту бағыты.

Үшіншісі - цифрлық мемлекетке көшу,  халыққа және бизнеске қызметтер көрсетудің инфрақұрылымы ретінде мемлекеттің функцияларын оның қажеттіліктерін алдын ала болжай отырып, қайта құру бағыты.

Төртіншісі - цифрлық Жібек жолын іске асыру - яғни деректерді ұсыну, сақтау және өңдеудің жоғары жылдамдықты және қорғалған инфрақұрылымын дамыту.

Бесіншісі - адами капиталды дамыту – жаңа болмысқа - білім экономикасына көшуді қамтамасыз ету үшін креативті қоғам деп аталатын қоғамды құруды қамтитын қайта құру бағыты.

Бағдарламаны іске асыру республикалық бюджет қаражатынан 141 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды тартуды көздеп отыр. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 169 млрд теңгеден астам қаражатын тарту күтілуде.

Бағдарламаның бенефициары бүкіл халық, бизнес және мемлекеттік органдар болады, өйткені ол тыныс – тіршіліктің барлық салаларына әсер етпей қоймайды.  2022 жылға қарай цифрландыру есебінен 300 мың жұмыс орны құрылады деп болжануда.

Мемлекеттік бағдарлама авторлары қазіргі заманғы қолжетімді телекоммуникациялық инфрақұрылымсыз Қазақстанды әлемдік экономикалық және ақпараттық кеңістікте орнықтыру мүмкін еместігін айтқан еді.  Ақпараттық-коммуникациялық технологияларға қолжетімділік цифрлық экономиканы құрудың негізі болып табылады.

Халық пен бизнесті желіге толық  қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін қалалар мен облыстарда телекоммуникациялық инфрақұрылым құрылды; алайда, бүгінгі күні ол ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандырмай отырғандығы жасырын емес. Цифрлық теңсіздікті төмендету мақсатында ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділік желілерімен неғұрлым сапалы және жан-жақты қамтамасыз ету қажет.

Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, 2007 жылдан бастап 2011 жылға дейінгі Дүниежүзілік экономикалық дағдарыста, басқа салаларда тоқырау болған кезде, экономикалық даму және Ынтымақтастық Ұйымы елдеріндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жұмыс орындарының саны әлемдік экономикаға үлес қоса отырып өскен болатын

Цифрландыру саласының ерекшелігі -  ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ұлттық экономиканың басқа салалары үшін нәтижелерге және оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуге өз үлесін қоса отырып, қазіргі заманғы бизнестің маңызды бөлігін құрап отыр. Екінші жағынан, ақпараттық технологияларды енгізу киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді шаралар қабылдауды талап етеді.

Цифрландыру барлық секторларға ықпал ете отырып, шикізаттық емес салалардың әлеуетін әртараптандыру және ашу, стартап - белсенділікті ынталандыру және жаңа салаларды ашу арқылы тұтастай алғанда Қазақстан экономикасы құрылымының өзгеруіне алып келеді.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер