Мұхтар Шерім. Бораттың басы (Ересектерге ертегі)

1138
Қазіргі өтпеген заманда, дін–мұсылман аманда, Ұлыбритания деген елінде, Лондон деген жерінде, сореп–сореп тастаған кәмпиттей тырық, ерні жырық, желкесі құйқа, шашы бұйра, еріні өліп қалған кесіртке, өзі бір секіріп жүрген шегіртке, сирақтары кеуіп қалған бұтақтай, миы құртттап кеткен ұнтақтай, лақап аты– Борат деген, біздің елді мазақтап, есектің миын жеген, шын аты– Коэн Саша, сүйікті асы–манная каша... өмір сүріпті.
Бір күні Намыс патша уәзірлерін шақырып алды:
–Борат деген біреу осыдан біраз бұрын елімізді мазақтайтын фильм түсіріп, әлемге масқарамызды шығарған еді. Енді етпетінен жатып алып, есектей ақырып алып, «Борат–2» деген мазақ фильм түсіріпті. Оның жарнамасына өзінің тыржалаңаш ескерткішін тұрғызып, жандайшаптарына көк туымызды қорлатып, таптатып, жалаңаш ескерткішке жауып қойыпты. Намыстарың бар шығар, дереу, оның басын шауып әкеліңдер, жерге кіріп кетсе де, іздеп, тауып әкеліңдер! –деп бұйырды.
–Ләббай, тақсыр, бұйрығыңыз Қазақстан қылмыстық кодексінің «Ар–намыс» бабының 00 бабы бойынша орындалады! –деді бас уәзір.
–Басын қағып алыңдар, шашын қырып тастап, пісте май жағып алыңдар!
Бас уәзір екі шпион уәзірін ертіп алып, қолдарында найза, белдерінде қайқы қылышпен Ұлыбританияға аттанды. Бұл кезде елімізде пандемия жүріп жатқандықтан, Ұлыбританияға ұшақтар ұшпайтын еді. Олар жолай ертегілер еліндегі таусоғар мен көлтауысарды ертіп алды. Тіпті, зұлымдықтың жаршысы мыстан кемпір де қосыла кетті. Оны айтасыз, «Қыз–Жібектегі» Бекежан батыр мен Төлеген де соңдарынан ілесті. Олар Лондонның «Сасықтар» кафесіне кіріп келгенде, Борат басын қасып, бір сұлу бикештің қос анарынан иіскеп отырған. Бас уәзір:
–Кто по имени Борат? –деп сұрады ағылшын тілін білмегендіктен.
–Кешіріңіз, мен ғой, –деді Борат қыздың төсінен басын жұлып алып.
–Айыпқа бұйрмаңыз, сіздің басыңыз керек еді, –деді Төлеген батыр.
–Қалай сонда?
–Патшамыз басыңызды керек етіп жатыр.
Боратттың бұтынан фонтан атқылады. Жіберіп қойды. Орнынан қалтырай тұрып:
–Сонда менің басымды шауып алмақшысыздар ма? Полиция! –деп айқай салды. Бес алты полиция жүгіріп келіп еді, Бекежан садағымен бірін мұрттай ұшырды. Екіншісін Төлеген таспен бір ұрып құлатты. Үшіншісін мыстан кемпір желкесінен тістеп жылатты. Борат кафеден тұра қашты. Олар қуып кеп берсін. Бір жерлерге келгенде, Бораттың артында тұрған саясат сайқалдары шыққан еді, уралап, таусоғар екі тауды жұлып алып, оларға қарай атты туралап. Одан да құтылған Бораттың борбайы шып–шып терлеп, шашы жалбырап, өзі қалтырап, бір көлге сүңгіді де кетті.Балық сияқты көрінбей қалды. Бас уәзір көлтауысарға қарады. Көлтауысар көлді бір рет қана ұрттап еді, біреу қарнын шапаттап құм үстінде жатыр. Борат қой. Бас уәзірді көріп, басын құмға тығып алып, құйрығын көкке қарата, тоңқайып қалып еді, мыстан кемпір құйрығын шымшып:
–Балам, саған таң қалам, не істеді менің далам? Тұра ғой! –деді кетік тісін көрсете, кеңкілдей күліп. Борат басын құмнан жұлып алып, еңкілдеп жылай бастады. Бірақ оған бас уәзір қарасын ба, қайқы қылышпен басын шауып алды. Домалап кеткен басты бір жерден мыстан кемпір тауып алды.Етегінен түсіп кетіп еді, басы домалап бара жатып кешірім сұрап жатыр. Қазақ хандығынан. Қазақ елінен. Кешіреміз бе, қайтеміз?

Мұхтар Шерімнің қышқыл сатирасы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы