Құрбангүлдің өлеңдері қыз балаға ғана тән құпиялау сезімдерімен ойлантады

3220
Adyrna.kz Telegram

Жас ақындардың өлеңін оқығанды жаным сүйеді. Олардың өлең жазған кездеріндегі алаулаған жүздерін, нұр ойнаған көздерін елестетемін, лүпілдеген жүректерін тыңдап отырғандай боламын.

Міне, мен қазір Құрбангүл Ағабек деген жас ақын қыздың өлеңдерін оқып, өзін әлі танып, білмесем де, нәзік сезімдеріне ризашылығымды сездіргім келіп отыр.

«Бүлдірген балалық» деген өлеңнің өн бойынан бой жетіп, ой тоқтатқан қыз баланың өтіп кеткен балалық бал дәуренге деген сағынышы аңқып тұр екен.

Ақын қыз алты‑ақ шумақтан тұратын осы өлеңінде бала кездегі бүлдірген тере барған сәттерін елестете келіп, адам өмірінің өткіншілігін, сол үшін әр пенденің көкірегі күрсініске толатынын бір леппен ғана жеткізе салған.
Сөкпеуші еді әжеміз, анамыз да.

Сеніп өскен бала едік сан аңызға.

«Қазақ жері – кең!» дейтін әжем жиі,

Неге еркіндік жоқ бүгін қаламызда?!

 

Ауыл кешін сағынам – жайдары бақ,

Бұлақ ағып жататын сайға құлап...

Кейде айнадан бүлдірген қызды іздеймін,

Біртүрлі бір тұлғаға айналып ап.

Құрбангүлдің қып‑қысқа өлеңдері өзінің мөлдірлігімен, әсерлілігімен сәуір бұлтының тамшысындай болып қуантады, қыз балаға ғана тән құпиялау сезімдерімен ойлантады.

Әрине, жастық шақтың негізгі жыры – махаббат.

Міне, бұл автордың да сондай өлеңдерімен кездестім. Оқып отырып, осы өлеңдердің ортақ кейіпкері өз жүрегінің лүпілін ғана тыңдап, ансарға толы пәк‑пәк армандарын жеткізе алмай жүрген бір ару екенін байқадым.

Ол «Сылтау» деген өлеңнің басқы екі шумағында өзі ынтығып жүрген бір адамға қарата сағынып жүргенін айтады да, іле‑шала:

Хат‑хабарсыз сезіміме шек қылдың,

Қылығына қызығушы ем текті ұлдың.

Жарты ай жүріп, сылтау іздеп таптым да,

Есігіңе кеп тұрмын...

Жұбататын жалғыз сенсің жанды шын.

Өлең болды айтар саған алғысым.

Қалтыраған қолым есік қағып тұр,

Тук! Тук!

– Армысың! – деп, тілмен жеткізе алмас ішкі сезімдерін қимыл‑әрекетімен‑ақ көрсетіп тұрғандай болады.

Құрбангүлдің осы тектес кейінгі өлеңдеріне де көз жүгірте отырып, өзіне тән жазу мәнері қалыптасып қалғанын байқадым. Ол өзінің жеткізер ойының ішкі мағынасына ерекше назар аударатын сияқты. Сондықтан болар, астарлы тұспалдарынан бірталай сыр аңғарғандай болып, тұшынып қалады екенсің!

Ол, көбінесе, әр өлеңдегі әр шумақтың соңғы жолынын буын санын қысқарту арқылы ерекше екпін түсіріп, айтар ойын айқындай түсуге дағдыланып алыпты. Мәселен, бір өлеңінде:

Сіз де, мен де бір бақытты сеземіз,

Бірақ, неге ұмтылу жоқ?

Белгісіз!

Жағалауға таяп тұр ғой кемеміз,

Қол созыңыз енді сіз!

Енді бір өлеңінде:

Кесіріңнен кесіліпті гүлдей мұң,

Көңіліме келіп қонды үйдей мұң.

Саған өлең жазғандығым болмаса,

 Сүймеймін!

            Қысқартып айтқанда, бұл ақын қарындасымыздан үлкен үміт күтіп отырған жайым бар.

                                                                                             Әбубәкір Қайран,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер