"Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа"

1793

Адам баласы өмірге келеді, жарық дүние есігін ашады. Алайда, «Өмірге не үшін келдім?», «Менің атқаратын қызметім қандай?» деген сауалға тап болатын пенделер көп емес секілді.

Қасым Аманжолов айтқандай: «Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа, Мен қайтып, босқа жасап, босқа өлемін?». Және де бұл өлең жолдарына дейін ол: «Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп»,- шырқайды. Яғни, ұлы ақынымыздың дүниеге келгендегі басты мақсаты өзінің соңынан мол мұрасын, қадірлі туындыларын, жеке шығармашылығын қалдыру болды.

Тарихымыздағы ұлы тұлғалардың, қасиетті ата-бабаларымыздың өмірбаянына үңілетін болсақ, олардың белгілі бір мақсатты меңзегеніне тағы да бір мәрте көзіміз жетеді. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді»,- демекші, ұлы қайраткерлеріміз есімдерін тарихқа таңбалап кетті.

Оралхан Бөкей айтпақшы: «Өмір ешқашан шешуі табылмас жұмбақ, Ешкім шығара алмас қиын есеп». Иә, мойындаймыз. Өмірге келген соң, оның жұмбақ тұстары өте көп. Түрлі сынақтардан өтеміз, түрлі жағдайларға тап боламыз, түрлі адамдарға кез боламыз. Шешуі жоқ қиын есепті шешу жолында еңбек етеміз. Шешу барысында, мүмкін мәндер жиынын болжаймыз.

Стив Джобстың айтқан бір сөзі бар. «Мен соңғы 33 жылымда таңертең айнаға қарап, өзіме былай деп сұрақ қоямын: «Егер бүгін менің өмірімнің соңғы күні болса, бүгінгі ойлаған жоспарымды іске асыра аламын ба?». Кез-келген адам осындай сұраққа тап болған кезде, еш өкінбестей жауап беруіне әрекет етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Өмір – мектеп. Сондықтан қазіргі ұрпақ, үйренетін нәрсемізді үйреніп, өмірде босқа жасап, босқа өлмейік. Келер ұрпақ біздің тарихымызды білу үшін барынша әрекет етуіміз керек. Адамзат сапарының мейманы болған соң, қадірлі мейман болғанымыз артық емес пе?

 Айару Дәулет,

 «Тұран» университеті

Журналистика факультетінің

2-курс студенті

Пікірлер
Редакция таңдауы