«Бақытты күндер саған келмейді,
Сен өзің оған қарай жүруің керек»
(с)Мәулана
⠀ Гарвард университетінің профессоры Джон Ачор өзінің "Бақыт басымдығы" атты еңбегінде адамдардың өмірде белгілі бір жетістікке жетуінің, қадамдарының сәтті болуының, кәсіптік баспалдағының алға қарай өрлеуінің 70%-ы оның біліктілігіне, біліміне яки таланты пен талабына емес, адамның өзін қаншалықты "бақытты" сезінуіне байланысты екендігін айтыпты. Адамдардың бақытты болуына екі фактор әсер етеді: сыртқы және ішкі. Сыртқы дегеніміз - сенің жақындарыңның, достарыңның жаныңда болуы, олардың қиын сәтте сені қолдауы. Одан бөлек материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген болсаң, яғни ақша, үй, жұмыс, қалағаныңды жасай алуың барлығы дерлік сыртқы бақыт факторларына жатады. Ал ішкі фактор қандай болады? Ішкі фактор- сенің сыртта болып жатқан жағдайларға қарамастан, өзіңнің ішкі балансыңның тұрақты болуы, өзгеше айтқанда көңіліңнің бір орында болуы. Көбіне өзін-өзі түсінген, ұққан, жан дүниесімен үндесе білген адамның бақыттылық деңгейі жоғары болып жатады. Қанша сыртқы факторларың толыққанды болып тұрғанымен, ішкі тұрақтылық толық қалыптаспай жатып, бүтіндей бақытты болу мүмкін емес. Расында да, байқайсыздар ма? Біздің өмірімізде жақсы жаңалықтар толассыз ағылып, көңіл-күйіміз көтеріңкі болған сәттерде жасаған әрбір ісіміз максималды түрде өзінің өнімділігін көрсетеді. Яғни, мұның себебі - біздің бақыт коэффицентіміздің жоғары болуы.
Ақбота ТҮГЕЛБАЙҚЫЗЫ