Әбубәкір Қайран: Өртеніп кеткен күндерімді есіме аламын...

1126

Өлең үшін өмір сүріп, өмір үшін өлең өрген ақындар кемде-кем. Солардың бірі «Менің аппақ жанымды кім улаған» деп мынау әлемнен сәбише мейірім іздеп, шарқ ұрған ақын Әбубәкір Қайран ағамыз. Ақын дейміз-ау, бұл кісі тұтас әдебиет десек те артық болмас. Ендеше өмірі әдебиетке телінген Әбубәкір Қайраннан алынған сүбелі сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Ақын өзінің ақын екенін ұмытып бара жатқанда не істеуі керек?!

– Табиғатынан ақын болып туған адам ақын болып қалады деп ойлаймын. Ақындық дарын бойына шала түрде дарыған адамды өлеңнің өзі-ақ тастап кетеді. Содан кейін қанша тырысса да, тастанды ақын тәуір өлең жаза алмайды. Ең дұрысы, ақын емес екенін сезген соң, өзгенің де, өзінің де басын ауыртпай, өлең жазбай-ақ кету керек қой.

– Әдебиетке прозамен имене аяқ басып, кейіннен поэзияға көшкеніңізді жақсы білеміз. Сізде поэзия жақсырақ шыға ма, әлде проза ма?

– Жетінші сыныптан бастап әңгімелер жаза бастадым. Анда-санда өлең де жаздым. Жиырма жасымнан поэзияға тұтас бет бұрдым. Биылғы жыл басынан бірнеше новелла жазып тастағаным да рас. Новелла деген жанр поэзия сияқты адам жүрегіне жылы тиеді. Біраз жасқа келіп, өмір таныған соң, өлеңнің өртінен қашып, прозаның тамырын басып қойғаным да дұрыс емес пе? Маған екеуінің қайсысы жақсы? Екеуі де. Бірақ… поэзия өзім ғой.

Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Сіздің ұғымыңыздағы Абай туралы білсек деп едік...

– Сексеніншы жылдары « Абай!» деп…» деген өлең жазып едім. Соның соңғы шумағы жауабым болсын.

Елдік пен ерлік байқалар әлі,

Шайқалар әлі талай көк.

Кеткенін халқым қайта алар әлі,

«Алла!» деп…сонсоң «Абай!» деп.

- «Ішіппін таныспен де, бейтаныспен,

Лағнет бәріне енді айтам іштен.

Бүлкілдеп бауырымды сорып жатыр

Шарабым үріп ішкен, шайқап ішкен» депті Жүрсін Ерман ағамыз «Маскүнем» деген өлеңінде. Арынды ақын шабыттанып жыр жазуы үшін арақты жанына серік етуі керек пе? «Жалпы ақын біткен араққа жақын» деген айыпқа келісесіз бе?

- Менің білуімше, ешбір ақын арақ ішіп отырып өлең жазбайды. Ал, шабыт үстінде өлеңдерін қайта оқығанда көңілі толса, шалқып-шалқып кететіндері рас. Ақынның көңілі теңіз сияқты. Толқиды. Шалқиды. Көптеген ақындардың бейкүнә думандарының себебін содан іздеген жөн.

– «Беу, ақыным!

Көп бұлдама махаббатын халқыңның» депті орыстың ұлы ақыны Пушкин. Сіз өз халқыңыздың мұңын мұңдай алдыңыз ба?

–  Халық деген – алып. Ақын – соның тілі ғана. Жеткен жетістігіне мастанып, тым талтаңдап, асқақтап жүретіндерді ақын тұрмақ, адамның да қатарына қоспаймын. Халықтың махаббаты да ауатын ақынға ғана ауады. Ол махаббатты бұлдау… Бұл-ұятсыздық!

Мен өз ұлтымның мұңын лирикалық өлеңдермен ғана емес, тарихи дастандар арқылы да жырлап келемін.

– Қазақ әдебиетіндегі сізді толғандыратын ең өзекті мәселе не?

– Қазақ әдебиетіндегі ең өзекті мәселе – сынның жоқтығы. Сен сондықтан осы сауалды қойып отырсың. Егер сын болса, біздің әдебиеттің несі артық, ненің кем екенін біліп отырар едім. Өмірге өз кезегімен келіп жатқан әдеби шығармалардың қайсысы несімен жақсы, несімен нашар екенін тамыршыдай дәл басып айтар сыншыларға тым зәруміз.

– Өздерін постмодернист ақынға балап, «Көлеңкеңнің тырнағына асылдым» деген секілді түсініксіз тіркестерді қолданатындарды ақын деуге бола ма, аға? Бізге баяғы төрт жолмен, қара өлең ұйқасымен жазылатын, мақпалдай жұмсақ өлеңдер керек емес пе? Әлде заманына қарай өлеңге деген сұраныс та түрленіп тұра ма?

– Шындықты айтайын, мен әдебиеттегі ағымдар дегенге тіпті көңіл аудармаппын. Жалпы, теория дегенге басымды имеймін. Теорияны оқып алып, соны санасына тоқып, қалам сорып отырғандардан ақын шықпайды. Шықса да, олардың өлеңдерінен зорлықпен құрастырылған жасандылықтың сұлбасы көрініп тұрады. Кейінгі кездерде көптеген жас ақындардың өлеңдерінен қазақы иісті сезе алмай қалып жүргеніміз де сен айтып отырған постмодернизмнің кесірінен бе деп те ойлаймын.

–  Жас ақындарға айтар ақылыңыз?

–“Жастық шақтың қадірін жасың жеткенде білерсің” деген қазақ. Енді біліп отырғандардың бірі – өзіммін. Өртеніп кеткен күндерімді, жылап қалған жылдарымды есіме алсам, тура, өзегімді бойлап, ащы өзен ағып жатқандай болады. Сондықтан болар, жас ақындардың бәрінен өтінетінім - алтын уақыттарын арзымас арзан жүріске айырбастамасын, кеуделеріндегі бос жерлерді пасықтық, пысықтық сияқты нас ойларға емес, ең бірінші иманға, содан кейін білімге толтырсын. Жаныңда жүрген жақсы ақындардың жазғандарына сын көзбен қарап, таза пікірлерін білдіруге асықсын. Ең бастысы күншілдіктен аулақ болсын.

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы