Елімізде электрондық сауда дамып келеді

2600
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде елімізде салаларды цифрландыру процесі жүріп жатыр.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты - электрондық сауда. Ол компьютерлік желілердің көмегі арқылы бизнес үдерістерді жүргізуге бағытталған.

Елімізде электрондық қаражатпен сауда жасау 2005 жылы басталды.

Қазіргі таңда  2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді.

Дүниежүзілік сараптама қорытындыларына назар аударсақ, электронды саудада Солтүстік Америка көш бастап тұр. Еуропаның дамыған елдерінде электронды сауда 50 пайызға, ал Ресейдегі мұндай сауда 18 пайызға жеткен.

Электрондық сауданың ерекшеліктері қандай?

Басты артықшылықтары:

-қауіпсіздік;

-уақыт үнемдеу;

-тәулік бойы қызмет көрсету;

-таңдау мүмкіндігі;

-жеңілдіктер;

-кэшбэк жинау.

Сауда жасаған кезде нені ескеру қажет?

Ең алдымен, компанияның қаншалықты танымал екеніне көз жеткізіңіз. Сондай-ақ, жеке шоттарыңызды әлеуметтік желілерге жүктеуге болмайды.

Карантин кезінде электронды сауда нарығының көлемі артты

Бұл туралы ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады.

«Бүгінде тұтынушылар тауар сапасына көбірек назар аударуда. Халықаралық есептерге сәйкес сауалнама жүргізілген тұтынушылардың 40%-ы тауарды брендтің сенімділігіне қарай таңдайды. Электрондық сауда саласындағы компаниялардың көпшілігі сатып алушыны тартудың негізгі факторлары ретінде тауарлар туралы деректердің өзектілігі мен тауарларды белсенді өңдеп сатып алушыға дейін жеткізуді атап өтуде. Басқа әлемдік трендтердің ішінде трансшекаралық онлайн-сауданы және логистиканы дамыту үшін елдер арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың күшеюін атап өту маңызды», — деді министр. Сондай-ақ, ол сауданың бұл түрін одан әрі дамыту мақсатында электрондық сауданы жүзеге асырудан түскен кірістер жылдық жиынтық табыстың кемінде 40% құраған жағдайда, салық кодексіндегі жеке кәсіпкерлер үшін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын төлеуден босату нормасы жөніндегі өзгерістерді қолдауды сұраған болатын.

Тауарлармен электронды сауда жасаудағы жеңілдіктер

Жеңілдіктерді қолдану үшін, мынадай шарттар сақталуы тиіс:

- тауарларды өткізу жөніндегі мәмілелерді ресімдеу электрондық нысанда жүзеге асырылу қажет;
- тауарлар үшін ақы төлеу қолма-қол емес төлеммен жүргізілу қажет;
- тауарларды сатып алушыға (алушыға) жеткізетін өз қызметі болса, не жүктерді тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді, курьерлік немесе пошталық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен келісім-шарттары болуы тиіс.

Жоғарыда көрсетілген жеңілдіктер тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асырудан түсетін кірістер жылдық жиынтық кірістің кемінде 90% құраған жағдайда қолданылады.  Ал бұл шарттар сақталмаған кезде салық төлеуші жеңілдіктерді қолдана алмайды.

Қазіргі таңда онлайн-сауда саласында satu.kz‎, market.kz, kaspi.kz, flip.kz, AliExpress сынды ойыншылардың қызметі күннен-күнге сұранысқа ие болуда.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер