СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауы тіркелді

275

Солтүстік Қазақстан облысының 7 ауданында құс тұмауының ошақтары табылды, - деп хабарлайды Adyrna.kz сайты Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, СҚО-да жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр: вакциналар алынды, індет тіркелген аумақтар залалсыздандырылуда, құстардың өлекселері жойылуда, құс шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды.

"Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында (Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев) ағымдағы жылдың 9-16 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құстарының өлімі тіркелді.

Ұлттық анықтамалық орталық қанаттылардың қырылуының себебі жоғары патогенді құс тұмауы екенін анықтады. Қабылданған ережелерге сәйкес, Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымына аурудың өршуі туралы хабарлады", - делінген хабарламада.

"Аса қауіпті ауруды жою үшін ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды және Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясы қазіргі уақытта міндетті іс-шаралар кешенін, оның ішінде құстардың өлекселерін жою, үй-жайлар мен аула аумақтарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде. Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 873 мың отандық препарат бөлінді", - дейді министрліктегілер.

Министрлік мәліметінше, өңірдің эпизоотиялық жағдайы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы