Қытай ұшағы Қазақстан көгіне химиялық заттар шашып жүр ме?

990

Алматы көгінде қалықтаған "Қытай ұшағы химиялық радиоактивті заттарды шашып жүргені" туралы ақпарат мессенджерлерде тараған болатын. Белгілі болғандай, бұл ақпарат жалған болып шықты деп хабарлайды "Адыран" тілшісі KAZ.NUR.KZ - ке сілтеме жасап.

"Коронавирус - бұл өкпе мен бронхтың радиоактивті күйік шалуы" - деп сендірді аудиожазбаны таратқан әйел.

Stopfake.kz ақпаратына сәйкес, аудиожазбамен бірге лайнердің маршруты көрсетілген скриншот таратылған.

Кейін анықталғандай, бұл скриншотта Qatar Airways әуе компаниясының қарапайым ұшағының маршруты көрсетілген болып шықты. Аталмыш ұшақ Бейжің-Доха бағытында тұрақты түрде рейс орындайды екен.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұшақтың Бейжіңнен Дохаға ұшып жүргенін растады.

"Qatar Airways әуе компаниясының "Бейжің-Доха" маршруты бойынша QR8069 тұрақты рейсі A7-BAL нөмірімен тіркелген Боинг-777 ұшағымен 2020 жылдың 13 қыркүйегінде жүзеге асырылды. Борт ҚР әуе кеңістігіне RULAD нүктесі арқылы таңғы 06:08-де енді және SULET нүктесі арқылы таңғы 06:46-да ҚР әуе кеңістігінен шықты. ҚР әуе кеңістігін кесіп өткен ұшақтың ұшу биіктігі 11 мың метрді құрады. Аталмыш рейс күнделікті орындалады", - деп мәлімдеді мекеме.

Одан бөлек құзырлы мекеме ұшақтың қандай да бір заттарды әуеден шашқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Басылым мәліметіне сәйкес, Бейжіңнен Дохаға бет алған ұшақ жолай Қытайды, Моңғолияны, Қазақстанды, Қырғызстанды, Өзбекстанды, Түркіменстанды, Иран мен Катарды кесіп өтеді. Лайнер 6 мың шақырымнан астам қашықтықты еңсереді. Басылымның жазуынша, көпшілік химиялық заттарға ұқсатқан із ұшақтың конденсациялық ізі болып табылады.

Еске салсақ, бұған дейін де ұшақтың химиялық заттар шашып жүргені туралы жалған ақпарат тараған болатын.

Сол арада Қытай ғалымдары коронавируспен ауырып шыққан адамдардың ағзасында антиденелер бір айдың ішінде азайып кететінін анықтаған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы