Зейнетақы: Қара халық маңдай тердің қызығын тағы да көре алмайды

2637

Келер жылы қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов нақты кімдердің қордағы ақшаны пайдалана алатынын егжей-тегжейлі баяндап берді.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу үшін шотыңызда төмендегідей ақша болуы керек:

20 жас – 1 млн 720 мың теңге;

30 жас – 2 млн 538 мың теңге;

35 жас – 2 млн 961 мың теңге;

40 жас – 3 млн 437 мың теңге;

45 жас – 3 млн 947 мың теңге;

50 жас – 4 млн 495 мың теңге;

55 жас – 5 млн 84 мың теңге;

59 жас және одан әрі қарай – 5 млн 586 мың теңгe. 

Бұл цифрлар қарапайым халықты шошытқан секілді. Бүгінде азаматтар  әлеуметтік желілерде өз наразылығын білдіріп жатыр.

«Аспанда қалқи бермей, жердегі есеппен есептесе қайтер еді?!»

- «Менің жасым жиырма сегізде. 7 жыл медицинаны оқып, 25 жасымда бітірдім. Жұмыс өтілім 4-інші жылға барады. Айтпағым, зейнетақы қорымдағы ақша мөлшері мұнда менің жасыма көрсетілген көрсеткіштен 5 есе аз. Сонда бұлар қалай есептеген? Аспанда қалқи бермей, жердегі есеппен есептесе қайтер еді?! Қарап отырып қарның ашады. Тағы да бай, бағланның балаларының жағдайын қарастырған. Қарапайым халық тағы да өз маңдай термен жиған ақшасының рахатын көре алмайды. 500 мың айлық алса, қазақ үй кезегінде тұрып несі бар?!»,-деп жазба қалдырды дәрігер Қуат Дәуренұлы Facebook парақшасында.

Есептеп көрелік..

Еңбек министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 30 жастағы азаматтың ЖЗҚ шотында 2 млн 518 мың теңге болуы тиіс.  Бұл ақшаны жинау үшін сіз 20 жасыңыздан үзбей жұмыс жасап, айына кем дегенде 210 мың теңге табуыңыз қажет. Осы орайда өте қызық сұрақ туындайды: дипломы жоқ студентке ай сайын бұндай ақшаны кім төлейді?  Студент дейміз ғой, бүгінде еңбек өтілі бірнеше жылдан асқан мамандардың да жалақысы бұл сомаға жете қойған жоқ. Министрлік елдегі ахуалды ұмытып кеткен-ау, шамасы.

«Халық айына 500 мың теңге таппайды»

Қайрат Серікұлының ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасап жүргеніне 25 жылдың жүзі болған. Десе де, ол зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алмайтынын жеткізді.

- Жастайымнан жұмыс жасап келе жатырмын, бірақ қордағы ақшам 3 млн теңгеге де жетпеді. Қарапайым халық айына 500 мың теңге таппайды ғой. Бұл соманы айына 100-150 мың теңге тауып, жинау мүмкін емес.

Айгүл Болатқызы:

-Мен мәдениет саласының қызметкерімін. 40 жылдық еңбек өтілім бар. Бір қызығы, жиналған сомам аз.  Зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алатын азаматтар туғаннанжұмыс жасағандар-ау, шамасы.

Майра Берік:

- Жолдауды естігенде бір қуанып едік. Әттеген-ай! 30 жасында 2,5 миллион жинаған адамның үйсіз жүруі мүмкін емес қой. Баспана ала алмай жүргендер – 100-200 мың жалақы алатын жандар. Шынайы мұқтаждардың қолы тағы да жақсы өмірге қолы жетпейін деп тұр.

Көпшіліктің пікірі осындай. Алдағы уақытта министрлік қарапайым халықтың пікірін ескеріп, оң шешім қабылдайды деп сенеміз.

 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер