Аяғы жоқ, қолы жоқ, адам қайтіп күн көрер?..

5672
Adyrna.kz Telegram

   Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Асан Қайғы «аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?» деп толғанған екен... Асан абыз сияқты тереңнен толғамасақ та, аяқ-қолсыз күн көріп, күн көріп қана қоймай әлемді аузына қаратып жүрген Николас Вуйчич есімді азаматтың тағдыр жолына үңіліп көрейікші. Мүмкін, сізді де ойландырар...

Аяқ-қолсыз нәресте

  1982 жылы Борис және Душка Вуйчичтардың отбасы тұңғыштары дүниеге келер сәтті тағатсыздана күтеді.  Желтоқсан айында айтулы күн де келіп жетеді. Сәбиінің дүниеге келу сәтін тамашаламақ болған Борис қолсыз иықты көріп, тысқа атып шығады. Бірнеше минуттан кейін дәлізге шыққан дәрігерден «Менің баламның қолы жоқ па?» - деп сұрайды. Одан: «Сіздің балаңыздың қолымен қоса аяғы да жоқ» деген суық хабарды естиді. Алғашында Никтің ата-анасы ұлдарының «Тетра-Амелия» синдромымен дүниеге келгенінін бейхабар болды. Олар аяқ-қолсыз нәрестені қалай бағарын білмей, тіпті, анасы оны 4 ай бойы емізбеген. Бірте-бірте бала бойындағы кемістікке бой үйреткен ата-аналар оны қатардағы балалар сияқты тәрбиелеуге, мәпелеуге барын салады.

Ауыр кезеңдер және жетістік баспалдақтары

Ник дүниеге келгеннен кейін ота арқылы табанындағы бірнеше саусақ арасы ажыратылады. Бұл оның жазып үйренуіне, тоқарбаны жүргізуіне, скейт тебуіне септігін тигізеді. Дегенмен де, Ник өзінің бойындағы олқылығынан қатты қорланатын. Көрген көздердің ол туралы күбір-сыбыры, маңайындағы балалардың кемістігін бетіне басуы жанын жегідей жейтін. Он жасында ол өзіне қол жұмсауға шешім қабылдайды. Бірақ, жақындарын ойлаған Ник ақымақ шешімінен бас тартады. Уақыт өте келе христиандыққа бет бұрып, мінсіз адам болмайтынын, мінсіз болуды құдай да талап етпейтінін түсінген ол маза таптырмайтын ойларынан арылады. Алғаш рет 17 жасында көпшілік алдында шіркеуде уағыз оқиды. 19 жасында көптің қолқалауымен өзі оқитын Гриффит университеті студенттерінің алдында сөз сөйлеп, жиналғандардың қошеметіне ие болады.

Жаһан жұртына шабыт сыйлау

   Николас білім алуға, өзін тұрақты түрде дамытуға ашық жан.  Оның бухгалтерлік есеп және қаржылық жоспарлау мамандықтары бойынша жоғарғы білімі бар. "Аяқ-қолсыз өмір" қызметінен бөлек, ол "Attitude is Altitude" мотивациялық компаниясының иесі. Мотивациялық бағыттағы дәрістерін бүгінге дейін Николас әлемнің 50-ге жуық елінде оқыды. Спикермен жолығу үшін Үндістандағы кездесуге 110 мыңнан аса адам жиналған. Қоғамдық жұмыстардан бөлек Николас гольф, футбол, балық аулау және теңізде серфинг тебумен әуестенеді.

Отбасы

Мотиватор Канаэ Миахара есімді арумен 2012 жылы отбасын құрған. «Тетра-Амелия» тұқым қуалайтынына қарамастан, Ник пен Канаэның балалары аталмыш синдромнан дін аман. Ерлі-зайыптылар қазіргі таңда Киеши, Деян атты ұлдар және Оливия, Келли есімді егіз қыздарды тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

Талайды таңдай қақтырудан жалықпайтын Ник өмірде таңғажайып дүниелердің орын алатынына үлкен сеніммен қарайды. Оның киім сөресінде жұп бәтеңкенің тұруы соны аңғартса керек...

Ағын АЙДЫН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер