Отандық вакцина ресейлік вакцинаға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз

1389

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина ресейлік вакцинаға қарағанда жақсы нәтиже көрсетті. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов онлайн брифингте мәлімдеді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы liter.kz-ке сілтеме жасап.

«Елімізде 2020 жылдың 23 наурызында вирусқа шалдыққан алғашқы науқастан патологиялық материал алынып, зерттеу жұмысы бірден басталды. 15 мамырда біздің ғалымдар ДДҰ тізіміне енгізілген кандидаттық вакцинаны дайындады. Клиникаға дейінгі сынақтар  сәтті өтті. Біздің вакцина антиденелер жағынан шетелдік аналогтардан  кем емес», - деді министр.

Қазір Қазақстан клиникалық сынақтардың бірінші және екінші фазаларына кірісіп, еріктілерді іздеуде. Алдағы уақытта екі вакцина сыналатын болады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесі бойынша, отандық вакцина ресейлік вакцинаға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз.

«Ресейде жасалған «Sputnik V» вакцинасының белгілі бір қарсы көрсеткіштері бар. Бұл вакцинаны созылмалы, жұқпалы және респираторлы аурулармен ауыратын адамдарға салуға болмайды. Сондай-ақ, оның жүкті әйелдерге, бала емізетін келіншектерге, 18 жасқа толмаған және 60 жастан асқан адамдарға қарсы көрсеткіштері бар»,-деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шоранов.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың тамыз айының соңында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация Мәскеуге барып, Ресей шығарған вакцинаны сатып алу мәселесін талқылаған еді. Сондай-ақ, делегация Ресейдің тікелей инвестиция қорымен "өзара түсіністік" келісіміне қол қойып қайтты.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы