МҰХТАР СЕҢГІРБАЙ: Реформа эйфориясы аяқталған күн

2780
Adyrna.kz Telegram

Екінші президенттің екінші жолдауының саяси жағынан не түйдік:

Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жылымық әкелетін реформатор бола алмайды. Былтыр президент сайлауында заң бұрмалау мен наразылық көп болғанына қарамастан, жұрттың көбінде «жаңа президент Батыстың демократиялық құндылықтарын алып келеді» деген үміт болды. Тоқаев елдегі наразылықтың екпінін түсініп, саяси реформа жүргізу бойынша үміт күттірерлік жақсы мәлімдемелер жасаған. Бір жылда сол үміттің көбі ақталмады.

«Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң ескісінің ар жақ-бер жағы болып шықты, жаңа партиялардың тіркелуіне ерекше жағдай жасалмады, демонстрацияларды қуып тарату, көшедегі жұртты жапатармағай қамау қазіргі қоғамдағы үйреншікті көрініске айналды. Бір кездері парламенттің өзін көлеңкеде қалдырып кеткен Ұлттық сенім кеңесі деген консультативтік органнан да нәтиже көп болмады. Оның құрамына кірген өткір пікірлі азаматтардың көбі өз еркімен не ротация арқылы кеңестен шығып қалды. Кеңесте өзекте мәселелер көп талқыланды да, бірақ оның қолында ешқандай құзырет жоқ болғандықтан, бұл халықтың көзін алдау ғана болып шықты.

Екіншіден, саяси өмірді біртіндеп демократияландыру деген әдемі елес бір орында тұрып қалған доңғалақтың айналуы болып шықты. Өкінішке қарай, екінші президент бұл процесті үдетудің орнына ескі соқпаққа қайта түсіп барады. Бір кездері жүйелі оппозицияның ең басты талабы болған барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау идеясын «сатылап» жүзеге асыруды «бастаған» билік эксперимент ретінде ауыл әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастырған. Н.Назарбаевтың туған ауылындағы әкім сайлауы құдды бір демократияның триумф сияқты дәріптелген. Кейін ауыл әкімдерін мәслихаттар «сайлай» бастаған. Бірақ Қазақстандағы билік механизмдерін білетін кісі ауыл әкімінің қолында ешқандай әкімшілік, қаржылық құзырет жоқ екенін біледі. Тоқаев биылғы жолдауында ауыл әкімдерін сайлау мәселесін қайта көтерді. Президентті де, депутаттарды да сайлау, конституцияны да қабылдап жүрген халық ауыл әкімін сайлауға әлі де дайын емес көрінеді.

Үшіншіден, Қазақстанның саяси билігі олигархиялық басқару жүйесіне ойысып кету қаупі бар. Мұның қиын жері – елді тасадан басқару тізгіні билік маңайындағы ықпалды топтардың қолына көшіп, ресми институттардың, соның ішінде президенттің пәрмені азаюы ықтимал. Президенттің былтырдан бері берген тапсырмалары, олардың орындалуы мәселелерінен осындай тенденция байқалады.

Қазақстанның саяси билік жүйесі жиналыстарда министрлерді орнынан сүмірейтіп тұрғызып, үстелді қойғылап, қорқытатын қатаң директивалық тәртіпке негізделген. Тоқаевтың «осылай істеген жөн», «қарастырып көруді тапсырамын» деген сияқты жұмсақ «тапсырмаларының» арасында орындалмай қалып жатқандары, сиырқұйымшақталып кеткендері бар. Қатаң автократиялық елдегі заңдар да, шешім қабылдау механизмдері де автократ басшыға бейімделген. Ол автократ болмаса, шешім қабылдау тетігі тасада тұрғандардың қолына көшеді, оны қоғам, парламент тарапынан бақылау механизмі жоқ. Ал бұл механизмдер демократиялық тәртіпке ауыспаса, мұның салдары болуы мүмкін.

Автордың  Facebook  парақшасынан алынды.

Пікірлер