"Құрғақ қасық ауыз жыртады"

3930
Adyrna.kz Telegram

Ендігі өмірдің пандемияға дейін және  пандемиядан кейін деп бөліне бастағанын байқау қиын емес. Адамдар арасындағы қарым-қатынастар да айтарлықтай өзгерістер орын алуда... Бұрынғыдай қажет болсын-болмасын бейберекет сабылып жүретін жұрттың аяғы тыйылып, ойын-сауық орталықтарында иін тіресе сабылысқан елдің қарасы бұл күнде көрінбейді. Тіпті, бұрын әр нәрсеге  аса мән бере бермейтін халық енді көшеде бір-біріне үрке қарап, қоғамдық орындарға кірерде, көліктерге мінерде дереу бетпердесін тағып тап-тұйнақтай жинақтала қалатын, кез келген жерде антисептик қолданып, тазалық сақтап, айналасындағыларға тазалық талаптары туралы ескерту жасай бастайтын әдеттер пайда болды.

Күнделікті тірлікте «аттыға еріп жаяудың таңы айырылып», бір-бірінен асып түсу үшін даңғазалықтың буына ұрынғандар қазір ес жия бастады. Атақ үшін алыс-жақын жүз таныстарды жүздеп, мыңдап жиып алып, зәулім сарайларда той жасап, тіпті өзгелерден артық екенін көрсету үшін қалтасы тесік, шамасы жоқ болса да кредитке қымбат киім киіп, көлік мініп, ішкен-жегенімен мақтанатындардың қарасы шектен шыққаны өтірік емес. Дүниені дүр сілкіндірген тәжді тажал осының бәрінің бекер екенін ұқтырып, материалдық байлықтан гөрі, моральдық құндылықтардың қай кезде де маңызды болатынын көзге шұқып көрсетті. Әркім осыған дейін не істеп, не қойғанына есеп жасап, алда қандай өзгерістер жасау керек, қандай жағдайда неге дайын болу керек деген сұрақтардың жауабын іздеуге көшті. Әншейінде жай сөзге айналып, тілек айтқанда ғана қолдана бастаған бірінші байлықтың басқа емес, денсаулық екенін анық ұқты. Адамға ең қымбаты атақ пен байлық емес, ет жақын туысы, бірге туған бауыры, алысып-беріспесе де қуана көрісіп, қуанышын бөлісетін, қайғысына ортақтасатын ағайыны екенін шын сезінді. Себебі, бай-бағлан, кедей-кепшік, хан мен қара деп таңдап жатпай, елді баудай түсіріп, қынадай қырып жіберген COVID-19  талай адамды қимасынан айырып, жанын шүберекке түйіп, тығырыққа тіреді. Кеше аяғы жерге тимей, мұрны көкке шүйіріліп ешкімді көзге ілмей, жалғанды жалпағынан басып, өздерін жердегі  жарты Құдай санап жүргендер басқаны емес, бір жұтым ауа мен бір қасық судың қадіріне қалай жеткенін, жан қысылғанда өткен өмірінің көз алдынан қалай көлбеңдеп өткенін айта бастады... Иә, пандемия талайдың көзін ашып, көкірегін оятып, күллі жұртқа сабақ болды.

Бұған дейін жүздеген адамға арналған хан сарайындай тойханаларды мұртынан тізіп салып тастаған той бизнесмендері мен тойды табыс көзіне айналдырған өнер иелерін де шатқаятатып жіберді. Бұрын үйдің қасына  үлкендеу шатыр тігіп қана ағайын-туыстың батасын алып, барымен базарлап ырымын жасап жүрген елдің тоғышарланып кеткені сонша, тойханаларды ішкі-сыртқы әрленуіне қарап таңдап, банктерге белшесінен қарызға батса да жаппай жарыса жалдап, бәсекелесе той жасап, соңында бір-бірінен қаншалықты артық-кем түскенін сөз қылатын төмен деңгейге жеткенін көзбен көрген бір кезеңді өткіздік. Өкінішті болғанымен, әйтеуір дарақылықты ит жеп, даңғазалық уақыттың келмеске кетіп, кештеу болса да санаға сәуле түскені қай жағынан алғанда да дұрыс болды демеске лаж жоқ. Көпке топырақ шашты деп сөкпеңіздер, тоғышарлықтың буына ұрынбай, одан аман қалғандарды басында дымы, қолында түгі жоқ деп сөккендердің қатары аз болмағанын адамнан жасырғанмен, Алладан жасыра алмаймыз. Тіпті, «той болмасын деп едіңдер, қырылып қалдыңдар ғой» деп табалағандардың да болғанын көрген, иә, естіген боларсыз. Рас, не десе де әркімдікі өзіне жөн, әркімге бір-бірден берілген ауыз бен тіл барда ешкімнің аузына ешкімнің қақпақ бола алмайтыны анық. Десе де уақыт өз еншісіндегі дүниелерді қашан, қалай реттеуді адамның ырқына салмайтынына тағы бір мәрте көз жетті.

Қазіргі кезде карантин талаптарының кезең-кезеңімен жеңілдетілуіне қарамастан, тойханалардың жақын арада ашылмайтыны, олардың жұмысының жуықта жанданбайтыны туралы үкіметтен арнайы пәрмен де берілді. Ол дұрыс та. Ауру азайды дегенмен, одан келер қауіп-қатер сейілген жоқ. Адамдардың шамадан тыс жиылуына рұқсат берілген жағдайда «таз кейпімізге» қайта түсетініміз де түсінікті. Мұны халық бірден болмаса да, біртіндеп түсініп келеді. Бір қуаныш, бір қайғыға ортақсатар ет жақындар ғана жиналып, дабыраға толы жиындардың бас-аяғы жинақталып, адамының саны шектеліп, ел ертеңін ойлап, жөнге келіп қалды.  Сол себепті қазіргі кезде алыстан көз тартып «мен мұндалап» тұратын сәулетті ғимараттар – тойханалар қаңырап бос тұр. Олардың ендігі тағдыры қалай шешілетіні бізге беймәлім, ол иелерінің еншісінде. Дегенмен, мұңсыз, қамсыз кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған тойханалардың ендігі «тағдыры» туралы қоғам пікірі екіге жарылғанын көріп жүрміз.  Біреулер ойын-сауық, сауда орталықтарына айналдыру керек десе, енді біреулер ондайлар онсыз да аз емес, оларды мәдени, ғылыми бағыттарды дамытатын, жастармен жұмыс жасайтын орталықтарға, ғылым-білім ордаларына айналдырған жөн деп жатыр. Біз өз тарапымыздан көңілге қонатыны екіншісі нұсқа екенін айтқымыз келеді және соны қолдаймыз. Өйткені «көгалды қуып гөлайттап, Қызықпен жүріп жазды алатын» уақыт келмеске кетті.  Тоғышарлықтың дәурені өтіп, барды базарлап отыра бермей әлемдік өркениетке, оның ішінде ғылым мен білім өркениетіне ұмтылу қажеттілігі талқылауды талап етпейтін деңгейге шықты. «Ана тілі» газетіне сұхбат берген  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та технологияның қарыштап дамып жатқан уақытында той-тойлап, жыр жырлап отыратын уақыт емес екенін ерекше атап өткені белгілі. «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», - деп кесіп айтты. Ендеше «Дүниенің кеңдігінен не пайда, киген етігің тар болса» дегендей, жан қысылып, азамзат біткен жанталасып жан сақтаудың қамын жасап, озық технологияларды жасап жатқанда «алма піс, аузыма түс» деп отыратын уақытымыздың жоқтығы аян. Сондықтан ұрпақ болашағы үшін мемлекеттің дауы барысында бірлесе еңбек етіп, ғылым мен білімімізді дамытып, өзгелерге үлгі болмасақ та өзімізді аяққа тұрғыза алатын, басқалармен тең дәрежеде санаса алатын деңгейге жетуіміз керек. Ол үшін, әрине, ең алдымен даңғазалықтан арылып, дарақылықты қойып, өркениет жолында ғылым мен білімге ден қоюымыз шарт екені айтпаса да түсінікті. Бұл – уақыт талабы.

Ауру дендеген шақта жиған дүние, киген киім мен сауық-сайранның емес, ғылым мен білімнің, озық технологияның аса маңызды екенін және дүние көшінен кенде қалып, кенжелеп кеткенімізді түсіндік. Осыған байланысты ендігі жерде қандай ғылымды дамытып, нені үйренуіміз керек деген тұрғыдағы сан сауалдың  туындағаны анық. Елдегі эпидемиологиялық ахуал сын көтермей тұрған шақта экономистердің алдағы дағдарыс туралы, медицина саласының ғалымдары мен дәрігерлердің коронавирусқа қатысты екінші толқынның болу-болмауы жайлы болжамдары да көңіл көншітерлік емес екенін көріп-біліп отырсыз. Бұл жағдай еліміздің қай саласына болса да оңай тимеді, білім саласына да үлкен соққы болды... Олардың ішінде үрей туғызып, көңілге қаяу салатындары мен дақпыртқа толы өсек-аяңның да аз емес екеніне қарамастан, «Жарақты кезде жау келмегенімен», «Жау жоқ деме, жар астында» екеніне, қамсыз отыруға болмайтынына көзіміз әбден жетті. Сондықтан алда болуы мүмкін жағдайларға қалай төтеп береміз, пандемияның бірінші кезеңін «Құдай, Құдай деп жүріп» әупірімдеп әрең өткіздік, екінші толқын келер болса не істеуіміз керек, дайындықты қандай мақсатта, қалай жасауымыз керек деген сияқты мәселелер алға шықты. Жағаны жайлауға жіберіп қойып, арқаны кеңге салып отыратын уақыт жоқ. Нақты шараларды қолға алып, мықты шешімдер шығаратын уақыттамыз.

Дұрыс, өркениеттен қалмауымыз керек, ол үшін білім мен ғылым керек. Ұрпақ саналы, тәрбиелі, білімді болуы керек. Оған барлығымыз ат салысуымыз қажет және міндеттіміз. Оған талас жоқ. Бірақ осы көптеген «керектердің» көп айтқанымызбен, ешқайсысының мәселесі толық шешіліп жатқан жоқ.

Осылай бола тұра, білім саласының алға жылжып, балалардың толыққанды білім алуына кедергі өте көп еккенін айтпасқа болмайды. Өйткені «ауруын жасырған өледі». Бұл салада атқарылып жатқан жақсы істер мен жаңалықтарды жоққа шығармаймыз. Бірақ  сабақ басталды, ал үш тілде оқытылғалы отырған жаратылыстану пәндерінің оқулықтары барлық оқушыға жетпейді. Неге? Мәселен, басқа жақта жағдай қандай білмеймін, біздің мектепте әр 9 сыныпқа биологиядан бар-жоғы 5 оқулық берілген. Қалған балаларға оқулықтың электронды нұсқасының сілтемесін жібереміз депті. Енді қараңыз, не оқулығы жоқ (компьютердің жырын айтпай-ақ қояйық – авт.) не смартфоны жоқ, ол болса аулында интернеті немесе тарифке қосылатын тиыны жоқ баланың құқын кім қорғайды? Пандемияның кесірінен карантиннен карантинге кетіп, салдарынан жұмыс тоқтап, ата-анасының айлықсыз қалып, ақша таба алмағаны үшін, үкіметтің осы күнге дейін білім саласындағы қордаланған, әрі кезек күттіруге болмайтын аса мәселелерді шешпегені, барлық аумақты интернетпен қамти алмағаны үшін, білім министрлігінің оқулықты жеткілікті бермегені үшін, жалпы қашықтан оқудың миға қонбайтын талаптары мен қаптаған сұрақтары үшін оқушы мен мұғалім, ата-ана  неге қиындық көріп, жауапты болуы  керек деген үлкен сұрақтың жауабын кімнен, қайдан, қашан алуға болады? Ата-аналар кімге жүгініп, кімнен көмек сұрауы керек? Бұл мәселелерді еріктілер мен қолынан келгенше елге көмек қылып жүрген жанашыр азаматтар түбегейлі шеше алмасы анық. Бұл мәселе, әсіресе  көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға өте ауыр соғып отыр.

Аз айлыққа күндері қарап, бір аш, бір тоқ жүрген мұғалімдердің де шекесі қызып тұрған жоқ. Білім саласына қатысты  әр түрлі платформалара бірнеше сайтты қолдану арқылы сабақ өтуге міндеттелгенімен, оның да қолында талапқа сай не компьютері, не ноутбугы, не нетбугы, тіпті планшеті жоқ. Тәжірибе ретінде ZOOМ-нан қайыр болмаған соң,  PADLET платформасында сабақ өтіп көрді. Алайда тәжірибе көңілден шықпады, себебі сол ZOOM-ның кебін киіп, оқушылар мен мұғалім бір-бірін не толық көре, не дұрыс ести алмай әбден әуре сарсаңға түсті. Ең болмаса мұғалімнің мәселесін толық шеше алмай отырып, оқушыға қатысты мәселеде ата-анаға қандай талап қою керек?! Абсурд жағдайлар өте көп... Шын мәнінде, тек сөзбен жұмыс істеуге ет үйреніп кеткеніміз сонша, іске келгенде үнемі өтірік айтып, құрғақ уәде беріп, мимырт митыңнан аспайтынымыз өкінішті.

Құрғақ уәдеден қуырдақ қуырып, сұлу сөзден сарай салып отырғанда елдің зарынан құлақ тұнып барады. Енді «сырты бүтін, іші түтін» балаларды өсірмекшіміз бе? Басқасы басқа, ертең қолында оқулығы жоқ баланың қоғамның сауатты, саналы мүшесі болуын талап етуге қақымыз да қалмайды ғой. Өзгерістерді талап етіп отырған өтпелі және қиын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Оны барлығы түсініп отыр. Алайда сол өзгеріс  бізді жақсы жаққа апаруы керек қой. Бірақ қажетті оқу-құралдармен толық қамтамасыз етілмеген ұстаздар мен оқушылар қайпек керек? Бұл - Білім министрлігі мен білім саласына қатысты барлық мекемелер дереу шешуі керек мәселелер. Өйтпеген жағдайда елге «бізде бәрі керемет» деп өтірік айтып, шын мәнінде дымсыз әлі қанша отыратынымызды Құдай білсін. «Құрғақ қасық ауыз жыртатынын» ұмытатын уақытта емес едік қой...

Жанбота Сұлтанмұратқызы, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер