Әміржан Қосан: «Беларусь: Тәуелсіздік пен тақталастың тағдырлы таңдауы»

2246

Беларусь еліндегі жағдайға бүкіл әлемнің назары ауғаны рас. Беларусь халқы табандылығы мен ауызбіршілігін көрсете білді. Әлі де шегінер емес.

Осы орайда «бұл елдегі жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді, жалпы бізге қандай да бір қаупі бар ма, осыдан сабақ алғанымыз жөн бе әлде үлгі алсақ бола ма?», деген сұрақтарды саясаттанушы Әміржан Қосан мырзаға қойған едік.

Беларусьтегі президенттік сайлаудан кейінгі жағдай Қазақстанға қалай әсер етерін сөз етпестен бұрын екі ел несімен ұқсас және несімен ерекшеленетіні туралы айтсақ.

Қарап отырсақ, Қазақстан мен Беларусь бір жағынан ұқсас, екінші жағынан мүлдем бөлек.

Ұқсастықтары: екеуі де Советтік империя құрамында болды, экономика инфрақұрылымында, саяси өмір мен қоғамдық санада сол тоталитарлық кезеңнің рецидивтері әлі де сақталған. Екі елде де 90-жылдардың басынан ауыспайтын, авторитарлы жүйе орныққан.

Бір геосаяси ұқсастығы тағы бар: ЕАЭО мен ОДКБ-ның белді де белсенді мүшелері ретінде іс жүзінде екеуі де Ресейге жіпсіз байланған.

Айырмашылықтары сол: Совет Одағы құлағаннан кейін Қазақстан либералдық, нарықтық экономика жолына түссе, Беларусь жоспарлы-директивті жүйені мейлінше сақтап қалуға тырысты (бұрынғы колхоз басшысы Лукашенконы кейбір сыншыларының осы күнге дейін солай атауының тағы бір себебі осы). Беларусь географиялық орны жағынан ресми түрде еуропалық ел боп саналады.

Сайлауалды ахуал де өзгеше болды: Беларусьте Лукашенко тағы да, алтыншы рет сайлауға түссе, бізде Назарбаевтың орнына басқа тұлға – «реформаларды қолға аламын» деп жариялаған Тоқаев қатысты.

Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынасына тигізер әсеріне келсек, Беларусьте болуы мүмкін өзгерістердің екі жағы бар.

Біріншіден, Қазақстан экономикасы Беларусь экономикасына соншалықты телініп қалмаған. Екі ел арасындағы тауар айналымы 900 млн долларға жетпейді де. Оның үстіне бізден ол жаққа экспортталатын қазба байлықтарына (атап айтқанда, мұнай мен металл) Беларусь кез келген билік тұсында зәру бола бермек. Ол ел алмаса, басқалар алады.

Екіншіден, Минскіде билік басында кім қалса да, оған кім келсе де, экономикалық өмір, басқа елдермен, соның ішінде бізбен, байланыстар өз жалғасын таба береді. Рас, жаңа билік келіп, Беларусь ЕАЭО-дан шығып жатса, осы одақ тарифтерімен келетін тауарлар қымбаттап, бірлескен кәсіпорындардың жұмысының қарқыны бәсеңсуі мүмкін. Бірақ ол Қазақстан үшін соншалықты қауіпті емес. Өйткені Қазақстанның ЕАЭО аясындағы тауар алмасуының Беларусьқа тиесілісі 3,2 процент қана.

Мен болсам, басқаша сабақтар туралы айтар едім.

Өткенде Украина мен Грузия, бүгін Беларусьтағы революциялар көрсетіп отырғандай, кез келген ішкі саяси катаклизмнің сыртқы салдары болады. Бүгінде шын мәнінде Минскіге ықпал жасау үшін халықаралық деңгейде күрес жүріп жатыр. Оның алғы шебінде – Ресей. Өйткені, оның неоимпериялық саясатының түпкі мақсаты белгілі – постсоветтік кеңістікте өз ықпалын сақтап қалу. Енді, міне, Лукашенко жекебас билігін сақтап қалу үшін өз елінің Тәуелсіздігі секілді ұлы мұратты тәрк етіп, құрбандыққа шалуға дайын екенін ашықтан-ашық көрсетіп отыр! Құланның қасуына – мылтықтың басуы деп, Кремль дәл осы жағдайды өз пайдасына шешкісі келетіні де көзге ұрып тұр.

Ішкі, соның ішінде сепаратистік, қауіптері бар Қазақстан үшін бұл сабақ емей не?!

Екінші сабақтың саяси күреске қатысы бар. Ол - президент сайлауы кезінде Беларусь оппозициясының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлік танытуы. Басқасын айтпағанда бірнеше кандидат бірігіп, бір-бірін шын ниетімен қолдап, ел ықыласына ие болды. «Анау пәленшенің, мынау түгеншенің адамы, биліктің шпионы» деп бір-бірін қаралап, бір-біріне қарсы жұмыс істеген жоқ. Ортақ мүдде жолында ауызбіршілік таныта білді. Бұл да саяси мәдениеттің жоғары деңгейдегі болғанының белгісі болды. Сөйтіп, Беларусьтің антибиліктік күштері әлеуетін еселей түсіп, нақты нәтижеге қол жеткізе білді. Бізде болса, өкінішке орай, өткен президенттік сайлау кезінде оппозиция ондай бірлік көрсете алмады.

Бұл үлкен сабақ! Беларусь оппозициясы сайлауға дейін де, одан кейін де, «бас-басына би болмай», ортақ іс-қимыл жасап, дегеніне жетіп жатыр.

Бізде алда парламент сайлауы келе жатыр. Сол кезде Беларусь демократиялық күштерінің дәл осы тәжірибесін біз де мейлінше тиімді әрі ұтымды пайдалануымыз керек деп санаймын!

PS. Дәл осы күндері Минскідегі жағдай өте-мөте ушығып жатыр. Тіпті азаматтық соғыс басталып кетуі ықтимал. Лукашенко әртүрлі сылтауларды желеу етіп, бағзы дәстүр бойынша бәрін өзіне және Беларуське қарсы сыртқы күштерге теліп тастағысы келеді.

Осы орайда осыдан біраз уақыт бұрын бір орталық телеарнаның «алаңға шыққан жұрттың әрқайсысына шетелдік күштер 100 доллардан үлестірді» деген бір ақпараты есіңе түсіп кетеді екен.

«Лукашенко өз халқына қарсы қару қолдана ма, жоқ па?» деген сауал күн тәртібіне шыға келді.

Өз басым, постсоветтік кеңістікте қызметтері қаншама қарама-қайшылыққа толы болса да, биліктен өз еркімен кеткен Ельцинді, халқы бас көтергенде өз отандастарына қарсы оқ атпаған Шеварднадзе мен Ақаевты мойындаймын...

Ерке Жомарт,
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы