Зейнетақы қорындағы ақшаңызды алғыңыз келсе...

12121
Adyrna.kz Telegram

Аз уақыт бұрын «Адырна» ұлттық порталы зейнетақы қорындағы ақшаны қайтарудың заңды жолы бары туралы қысқаша мақала жариялаған еді. Осы мақалаға байланысты редакциямызға хабарласқандар мен әлеуметтік желіде пікір жазғандардың саны өте көп болды. Бәрінің сұрағы біреу ғана. «Зейнетақы қорында жиналған ақшамызды ала аламыз ба?» Бүгін осы сұраққа осы мәселемен бес жылдан астам уақыт айналысып жүрген танымал заңгердің берген жауабын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Зейнетақы қорындағы ақшаңызды алуға болады»

Жангелді СҮЛЕЙМЕНОВ,заңгер: «Қазіргі біздің зейнетақы қорымыз тиімсіз құрылым. Бұл туралы бес жылдан бері айтып, жазып, соттасып келемін. Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын (БЖЗҚ)  қайта құру туралы сан рет бастама көтердім. Пандемия жағдайы осы зейнетақы жинақтау қорының бірталай былығын және түкке керексіздігін осы жолы тағы да ашып көрсетті. Көп адам карантин кезінде жұмыссыз, жалақысыз қалды. Үкімет 42500 теңгеден жәрдемақы төлеген болды. Алайда бұл ақшаны жалақысыз, карантинге жабылған барлық адам алмады. Ең сорақысы, жұмыссыз, ақшасыз қалған азаматтардың барлығының да осы уақытқа дейін жиналған зейнетақы қорында ақшасы бола тұрып, оны алуына мүмкіндік берілмеді. Өте қиын жағдайға қалса да, халықтың өз ақшасынан ең болмаса белгілі бір көлемдегі ақша берілмеді. Мысалы, біреудің бір, біреудің екі миллионға жуық жиналған ақшасы бар сол қорда. Өкінішке қарай, ешкім зейнетақы қорынан бір тиын да ала алмады, яғни үкімет рұқсат бермеді. Адамдар тамаққа, пәтеріне, дәрі алуға ақша таппай сандалғанына қарамастан, билік тарапынан ешқандай мардымды қолдау көрсетілмеді.

БЖЗҚ тиімсіз қор деп не үшін айттым, осыған жауап берейін. Жұмыс істейтін барлығымыз ай сайын осы қорға айлығымыздың он пайызын міндетті түрде аударып отырамыз. Бұл өте көлемді ақша. Біріміз он мың, біріміз бес мың дегеннің өзінде ай сайын БЖЗҚ-ға миллардтаған ақша түседі. БЖЗҚ біздің осы ақшамызды Ұлттық банкке инвестициялау үшін аударады. Өз кезегінде Ұлттық банк не істейді? Біздің ақшамызды өзімізге несие ретінде он-жиырма пайызбен береді. Түсінесіз бе, біздің өз ақшамызды өзімізге осындай пайызбен береді.

Ал енді осы БЖЗҚ-да жиналған ақшамызды қалай қайтаруға болады? Естеріңізде болса, үкімет мінберінен қордағы ақша туралы ақылдасып, бәлкім азаматтардың үй алуы үшін алғашқы жарна етіп беру жағын қарастырамыз дегендей әңгімелер жүрді. Бұл сөз осы карантин кезінде де көтеріліп, аяғы сұйылып, барып басылды. Үш миллионнан артық ақша жиналса ғана қордан ақша алуға болатыны туралы бастама көтерілді. Бұл абсурд қой! Өйткені біздің елдегі азаматтардың басым бөлігінің жалақысы екі жүз мың теңгенің айналасында деп есептесек, онда БЖЗҚ-дағы ақшаның көлемі әрі кетсе, екі миллионның шамасында. Сайып келгенде, шенеуніктер құр сөзбен жұртты тағы да алдап қойды. Енді қайтпек керек?

Қазіргі заң бойынша БЖЗҚ-дағы ақшаны алудың тек екі ғана жолы бар. Бірі- зейнет жасына жетпей бақилыққа аттансаңыз, енді бірі -азаматтықтан бас тарту, басқа елге кету. Екеуі де тиімсіз. Өлгеннен соң қордағы ақшаңның саған пайдасы жоқ. Ал енді арзымайтын сол ақша үшін азаматтықтан бас тарту тағы да қисынсыз.

Басқалай жолы бар ма БЖЗҚ-дағы ақшаны алудың?

Өз тарапымнан бірнеше жолды айтар едім. Біріншіден, зейнетақыға байланысты заңға өзгеріс енгізіп, азаматтардың БЖЗҚ-дағы ақшасының бір бөлігін алуына мүмкіндік беру. Мысалы, жұмысынан айырылған адамға жинаған ақшасының бір бөлігін беру туралы заң шығару керек. 42500 теңгеден гөрі, бұл әлдеқайда дұрыс болар еді.

Екінші жолы БЖЗҚ-ны таратып, қор емес, банк секілді етіп қайта құрылымдау керек. Әр адамның жеке шоты ашылып, ай сайынғы зейнетақы жарнасы шотына түсіп отырады. Қазіргідей қиын жағдайда адамдар өзіне қажетті ақшаны шотынан қарыз ретінде немесе несие ретінде шешіп алуына мүмкіндік берілуі керек. Яғни, сіз өз ақшаңыздың белгілі бір бөлігін несие ретінде шешіп аласыз да, сол ақшаңызды пайызымен қайта құясыз. Өз есеп шотыңызға. Сонда сіздің ақшаңыз өз орнын жоғалтпайды, керісінше еселеніп өсе береді.

Үшінші жолы ең радикалды жол. Бұл жолды іске асыру үшін қазіргі зейнетақы жүйесін түбегейлі құртып, бұрынғы кеңестік дәуірдегі зейнетақы жүйесіне ауыстыру болып табылады. Айтылған үш жолдың кез келгенін жүзеге асыру үшін бір ғана жол бар. Ол заңға өзгеріс ендіруді талап ету. Ал мұны жүзеге асыру үшін әрине, жоғары жақтан бастама көтерілгені дұрыс еді. Алайда бізде ондай бастаманың көтерілуі екіталай болғандықтан, ең дұрысы халық болып талап ету ғана.

Егер жиырма, отыз мың адамның қолын жинап, осы бастаманы көтерер болсақ, нәтиже шығаруға болады деп ойлаймын. Ол үшін бастамашылар тобы құрылып, осы топтың аясында бірігу қажет. Бар болғаны осы ғана. Бұл ең төте жол және бұл ең заңды жол».

P.S Естеріңізге салып өтейік, бұл бастама әсіресе, осы карантин кезінде қатты көтерілді. Бастаманы қолдаушылар саны да аз емес. Алайда әзірге көбінесе орыстілді оқырмандарға ғана таралып жатқан ақпарат болғандықтан, өзіміздің қаракөздердің бұл бастаманы бірі білсе, бірі хабарсыз. Зейнетақы қорындағы ақшаңызға қатысты мәселе туралы, ақшаңызды қайтарудың жолын білгіңіз келсе, сілтемемен өтіп, түрлі ақапарттар мен пікірлерді оқып шығуыңызға болады.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.  

Фото: ашық дереккөздерден алынды.    

Пікірлер