«Зейнетақы қорындағы ақшамызды түгел қайтарып алуға болады»,- дейді заңгер Сүлейменов

7675

Біраз уақыттан бері Қазақстан Зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) былық- шылықтың бетін ашып, игерілген қаражаттардың заңдық жағын жіті тексеріп жүрген заңгер Жангелді СҮЛЕЙМЕНОВ «БЖЗҚ басқарма басшысын жұмыстан қуу керек» деп мәлімдеді.

Зейнетақы қорының басқарма басшысы Мәулен ӨТЕҒҰЛОВҚА ресми сауал жолдаған заңгер өз сұрақтарының тек екеуіне ғана жауап алғанын айта келіп: «БЖЗҚ-да дәретхана қағазын пайдаланудың өзіндік нормативтері бар екен! Сол себепті де Орталық аппараттағы 434 қызметкер үшін 24 000 (!) бума дәретхана қағазы сатып алынған. Есептеп шықтық, 24000ды бір жылдағы жұмыс күндерінің санына бөлдік. Бір жылда  249 күн бар. Демек, бір күнде 96,З бума дәретхана қағазы пайдаланылады екен.

Әр бумада 23 метр, демек, БЖЗҚ қызметкерлері бір күнде 2214 метр, немесе әр адам күніне 5.1 метр дәретхана қағазын пайдаланды екен. Жұмыс орнында. Әрине, егер қызметкерлер күн сайын жұмысқа түгел келсе. Ауырып, сұранып, іссапар сияқты себептермен жұмысқа келмей қалғандары болса, онда әр адам 6 метрге дейін пайдаланады», деп жазады Жангелді Сүлейменов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Заңгер жауабын алған екінші сұрақ БЖЗҚ-дағы жарнама мен маркетингке жұмсалған қаражат есебі екен.

«Делойт қателесіп кеткен сияқты, содан қате ақпар көрсетілген деген сыңайда жауап беріпті. Басқарма басшысының сөзіне сенсек, 277 млн тенге «Ақпараттық қызметтер» болып жазылып кетіпті міс. Бұлай болуы мүмкін емес! Делойт шығын атауларын шатыстырып жаза алмайды.  Өзгертті деген күннің өзінде  бұл заң бұзушылық болып табылады. Олай болса, БЖЗҚ мұндай қаржы есебін қабылдамауға тиіс еді ғой?! Ал ең бастысы, 2018 жылы Мәулен Өтеғұлов шамамен 27 млн теңге жалақы алған. Заңсыз аудитті 43 млн теңгеге қабылдап алған. Бұл ақшаның барлығы аспаннан жауған жоқ қой, халықтың, сіз бен біздің ақшамыз! Олай болса, Өтеғұлов халыққа мына миллиондар үшін ресми есеп беруі керек» деген Сүлейменовтің БЖЗҚ-дағы басқа да мәселелер бойынша сұрағын тізіп шықты:

  1. 5000 теңгелік жұмыс дәптерін не үшін сатып алдыңыздар?
  2. басшылыққа не себепті 2018 жылы ай сайын 2.2. млн. теңге, ал қызметкерлерге 400 000 теңгеден жалақы берілді?
  3. 2018 жылғы қаржы есебіндегі 306 млн. теңге деп көрсетілген басқа да шығындарға не жатады?
  4. не себепті 2018 жылы БЖЗҚ аудиторлық есептің орнына аудиторлық қорытындыны қабылдап алды? год аудиторское заключение?
  5. Неліктен БЖЗҚ актив аудитінің орынан активтердің аудит жүйесін сатып алды?
  1. Орталық аппараттағы қызметкерлер саны неге сонша көп? 434 адам Ораталық апппарат үшін тым көп емес пе?

10 548 910 зейнетақы қорына ай сайын жарна төлеп отырған қазақстандықтар осы сұрақтың нақты жауабын күтеміз!» деген заңгер: «Егер заңды түрде талап етсек, халық болып тұтасып талап етсек, зейнетақы қорындағы ақшамызды түгел қайтарып ала аламыз. Бұл үшін бар болғаны бірлесе отырып, талап ету», -дейді.

Пандемия кезінде зейнетақы қорындағы ақшасы есіне түспеген қазақстандық кемде кем. Өйткені көбі жұмыссыз, табыссыз қалды. Үкімет беретін 42500 теңгені бірі алса, бірі алмады. Сондай қиналған шақта «зейнетақы қорындағы өз ақшамызды берсін» деп ауық ауық халық тарапынан ұсыныс болғаны есте. Алайда бұл жолы да БЖЗҚдан бір тиынды кері шығарып алу мүмкін емесін, ол ақшалар болашақ үшін екенін айтып ресми билік халықтың үміт отын сөндірді.

Болатын болашақ па, болмайтын болашақ па, белгісіз. Алайда карантин онсыз да қиналған халықтың қос бүйірін қысып, күнкөрісін тіпті төмендетіп жібергені шындық. Бәлкім, билік басындағылар ашыға бастаған халқын аман сақтау үшін БЖЗҚ жаққа назарын бір аударып, ойланып көрер, кім білсін?

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы