Роллан Сейсенбаев: Мемлекетіміздің атауы ҚАЗАҚ ЕЛІ болуы керек еді

3209
Adyrna.kz Telegram

Елдің атын сатқын қазақ депутаттары Қазақстан Республикасы деп атаған…

Саяси бюроны өткізіп отырған Сталинге Берия:

– Иосиф Виссарионович, мемлекетімізде кітапханалар тым көбейіп кеткенге ұқсайды. Бюджетті үнемдеп ұстау үшін, солардың көбін жабу керек, деп ұсыныс жасайды.
Асықпай трубкасын сорып отырған Сталин:
– Лаврентий, сен маған тағы бір түрме сал деп отырмысың?- деп зілдене қарапты.
– Жоқ, мен Сізге өз ойымды жеткізгенім ғой, деп Берия сасқалақтап қалады.
Лаврентий, ой түрмеде асқақтамайды, кітапханада, кітап оқып отырғанда асқақтайды.
– Иосиф Виссарионович, жазушылар ортасында көлденең, келеңсіз сөздер көбейіп кетті. Қаншасын түрмеге тықсақ та болатын түрі жоқ,- деп Лаврентийдің көз әйнегі жалтылдап тіксіне сөйлейді.
Сталин оған жақтырмай қарап, трубкасын тағы бір бұрқ еткізіп:
– Лаврентий, менде басқа жазушылар жоқ, солармен келісіп жұмыс істе. Соғыстан соң әдебиетке, өнерге, өндіріске жаңа ұрпақ келеді. Қан кешкен, отқа жанған, өжет ұрпақ. Солармен қалай жұмыс істейміз? Оларға не айтамыз? Ұранымыз қандай болады? Ой шегін, сөз шегін қандай қалыпта ұстаймыз, соны зерделе, соны ойланыңдар. Сталин қайтып түрме салмайды, соны ұқ,- деп әңгімені кілт үзіп тастайды.

Мәдениет пен ғылым ұлт қауіпсіздігінің ең көрнекті құралдары деп мен сарнағалы да отыз бес жыл болыпты. Бірақ, ол сөзді елеп-ескерген, құлаққа қыстырған адам да жоқ. Бұл сөздің түп-төркіні 1944 жылдың соңында Сталин айтқан ойдың аясында жатқан болатын.

Мәдениет, білім һәм ғылым, шын мәнінде, қай елдің болса да ұлттық қауіпсіздігі болып табылады.
Өкінішке орай, мемлекет құруда осы үш басты тағандарды таптауырынға түсірдік. Бұл біз сияқты халық саны аз, жас мемлекет үшін кінә де, күнә де.
Мемлекет атын белгілеуде жіберілген ағаттық, отыз жылғы өмірімізде, аяғымызға шырмауық болып жабысып, жиі-жиі сүрінуімізге әкеліп соқтырды. Рухымыз бен намысымызды талқандады.

Қазақстан Республикасы деген атау – географиялық белгі. Ұлттық атау – Дешті-Қыпшақ Республикасы; немесе Қазақ Елі болып белгіленуі керек еді. Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы деген көршілердің атауына иек артқан сол кездегі депутаттардың сілтемесі барып тұрған сатқындық болатын. Сол жағымпаз депутаттардың қақ ортасында қазақ елінің асыл ағалары – ел зиялылары болғаны жанға батқан. Бұл кешірілмейтін күнә еді. Дәл сол жиында бірде-бір орыс депутаты Қазақ Республикасы – Қазақ елі деген атауға еш қарсылық көрсетпейтін. Қайта қолдап шығар еді. Елдің атын жағымпаз, сатқын қазақ депутаттары Қазақстан Республикасы деп атағанда сол кездегі қарағандылық ақылды екі орыс депутаты түкке түсіне алмай, бастары айналып залда отырып қалған. Қазақтардың бұл адасуын олар ұқпаған. Қазақ өз-өзіне жау болады, деп кім ойлапты? Орыстар үшін бұл атау таптырмайтын олжа еді. Бұл уақиға туралы Лондон қаласында, сол қарағандылық екі ақылды орыс азаматтары маған дұрыстап айтып берген. Сонан да, олардың ағынан жарылған ақиқат сөздері менің жүрегімді талқандаған, санамды өртеген.

Лезде Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы құрылды. Қазақстанда тұратын халықтардың мәдениеті, тілі, діні туралы ойлау, оларға көмек көрсету қазақ елінің қасиетті борышы болатын. Ол борышына қазақ халқы ешқашан қылау түсірген емес. Ал ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары қазақ даласына ауып келген халықтармен қазақ халқы бір тілім нанын бөліп жеді. Қанына сіңген қонақжайлығын жасап бақты. Әлі де жасап келеді. Дала этикасын қазақ халқы бұзған емес. Оны сайын даламызды мекендеп тірлік құрып жатқан барлық ұлттар өкілі біледі. Бесіктегі баласынан, қартайған шал-кемпіріне дейін қазақтың көңіл аясының кеңдігі айғақ.
Мәскеу қаласында отырғанымда теледидардан Қазақ Республикасының аты, Қазақстан Республикасы болып бекіді деген хабарды естідім. Сол атауды бекіткізген сатқын қазақ депутаттарын да көзіммен көрдім. Қазақ елінің атын, Қазақстан Республикасы деп атаумен қазақ даласы өзіне үлкен ор қазды. Қазақ халқы тәуелсіздігінен айырылды. Бұл адам айтса нанғысыз сатқындық болатын.
Мен шукшиншілеп туфлиімді теледидарға аттым. Қаным басыма шапты. Еденге құлап түстім. Есімді жиғанымда, Мәскеудің ауруханасында жатыр екем. Айнымас мәскеулік достарым басымда тұр еді. Дүниеде денсаулық пен достықтан асқан ешнәрсе жоқ екенін сол жолы анық танып, анық түсіндім.
Қазақстан Республикасы деген атау, өз мойынымызға өзіміз ілген қыл бұғау болатын. Бұл көзсіз қателікті түзеу үшін жылдар керек. Ең ауыры, бәлкім, ешқашан түзей алмай да кетуіміз. Сол өкініш. Сол қайғы. Бұл тоқсаныншы жылдары қапы жіберген көп кемшіліктеріміздің, әттеген-айларымыздың түбі көрінбейтін терең зынданы еді.
Американың жансыздары жаһандану саясатын Қазақстанға оңай өткізді. Қазақтардың шенеуніктерінің сатқындығын Батыс ерте ұғып болған. Үкімет адамдарын сатып алу лезде қарқын алған еді.
ХХ ғасырдың 85–95-жылдары халқымыздың рухани-адамгершілік (нравственность) бағаны қирады. Бұл беймәлім, өліара кезең еді.
Ақ қайда? Қара қайда? Ақиқат қайда? Жалған қайда? Қайырымдылық қайда? Қастандық қайда? Не жақсы? Не жаман? Біліп болмады. Кәдімгі адамдар оны әлі күнге білмейді. Білгісі де келмейді. Көнбіс қазақтың күн көрісі осы. Халық бойындағы немкеттілікті билік басындағылар өте жақсы біледі. Өте жақсы ұғынған. Соны өте тиімді пайдаланады. Ал, шын мәнінде, қоғамда болып жатқан қайшылықтар мен қақтығыстарды соқыр мен саңырау ғана білмес. Қазақтың қара жерін басып жүргендер жақ ашпайды. Үрей ет түгілі сүйектен өтіп кеткен.
Қазақ елінің заманалар бойы бойына жинаған адамгершілік (нравственность) қағидасы талқандалды. Баукеспелер кәсіпкерлерге, кәсіпкерлер саясаткерлерге айналып болды. Бүгінгі қазақ даласының тынысын, санасын, тірлік аясын енді солар анықтауда. Солар жүргізуде. Солар жол салуда.
Үшінші әлемнің заңы осы.
Ол заңның басты қағидасы Ана-Жердегі қай мемлекетті де жою жолына жаулары әуелі ауыл шаруашылығын қиратуды таңдап алады. Онан соң қазақтың ұлттық мәдениетін жою, қазақ халқын азғындату, деградацияға ұшырату, ұлттың моральдық адамгершілік деңгейін құлату. Қазақ даласын күйрету. Қазақ баласын еңірету.
Совет Одағының «темір құрсауы» күйрей салысымен, — ертеде Батыстың мәдени құндылықтары тегеуірінді тежеуде болған – бұрынғы Совет еліне Американың үшінші сортты көпшілік мәдени күлтөкпесі тоқтаусыз ағып келіп жатты. Теледидар, кинотеатрлар Американың баскесерлерінің ашық айуандыққа, анайылыққа, зорлық пен зомбылыққа құрылған кинолары біздің жан дүниемізді лезде жаулап алды. Бүкіл Совет Одағы – ата, әже, әйел, күйеу балалар, немерелер бірлесіп алып нағыз сұмырай фильмдерді тамашалауға ден қойды.
Халықтың жан дүниесін жаулап азуға (деградацияға) түсіру үшін төленер ақы, наша сату концерндерінен кем емес еді. Нағыз демократиялық елдерде адамды азғындауға, адамды зорлық-зомбылыққа итермелейтін нақақсыз өлтіруге бағытталған қойылымдар балалардың көзіне түспейтін. Оны жіті қадағалайтын мемлекет болатын.
Нашақорлық бизнесімен күресуді әр мемлекет ашық жолға қойған. Сол үшін күрескен. Қазақстан да шамасы келгенше күресіп бағуда. Әрбір отбасындағы электрондық көпшілік ақпараттық құралдар арқылы, әр үйге ағып келіп жатқан адамды азғындауға (деградацияға) ұшырататын кесепаттардан бізді кім арашаламақ? Бір кезде бізге таңсық болып, табалдырығымыздан еркін аттаған зорлық пен зомбылықты уағыздаған фильмдер, тәнімізді таптап, жанымызды мұрнымыздың ұшына тықты. Ешкім тексермейтін, толассыз тасқын судай жөңкіп, психикамызды уландыратын, зорлыққа итеретін ақпараттар легі біздің жас буынның – балаларымыз бен немерелеріміздің көз алдында күнде көлбеңдеп көш түзеп өтіп жатыр. Қазақтың ақпараттық сана аясын қорғауға мемлекеттің шамасы жетпеді. Оны қорғауды ойлаған мемлекет те болмады. Әлемнің құбылмалы сорақы ақпараттық легі қазақ елін таптауырынға айналдырды. Қазақ мемлекетінің ақпараттық қуат күші жаңалық айтуға ғана азар жететінін көрсетті. Өз ойы, өз ұстамы, биік өміршең идеалы жоқ, қазақтың ақпараттық аясы, өзге түгілі қазақтың өзін қызықтырмайтын болды. Бұл үлкен трагедияның басы ғана. Қазақтың ақпарат жүйелеріне, бойларында намысы бар, талантты жас азаматтарды тарту керек. Жаңа қазақ теледидарын тудыру керек. Қазақ үкіметінің басты мақсаты да осы аяда көрінуі тиіс. Танауын жерден көтермейтін шошқаға ұқсамай, көзімізді көтеріп, еңсемізді жимаймыз ба? Әлемдік ақпараттық ағымға қазақ болып қосылмаймыз ба?!
Ортамызда жүрген қазақтың хас батырлары туралы сөз жазып, кино түсірмейміз бе?
Телерадиогазет мінберлерінен жоқты бардай қылып өтірік сөйлемей, ақиқатқа жүгінген жөн болмас па? Өз ақпаратыңда өз-өзіңді жөнсіз мақтау арға сыя ма? Алдымызға берік мақсат қойып, сол мақсатты орындауға жанымызды салмаймыз ба?
Әлемдік ақпараттық кең әлемге Қазақ елі болып қалай кіреміз? Қазақ елін жайлаған әр ұлттың артында өз мемлекеттері бар. Олар – Ресей, Беларусь, Украина, Кавказ халықтарының өкілдері.
Қазақстан Республикасы деген елде  қазақ деген ұлт жоқ. Сұмдық!
Палестинаның жерін тартып алып, Израиль елін жасауға жандарын салған еврейлердің жанкешті еңбегін немен салыстыруға болады? Голда Мейер Премьер-министр кезінде, Еврей елін жаяу кезіп шаршап-шалдығып келіп, түнде төсекке құлағанда:
«О менің анам да, әкем де болған Еврей елім, мен сен үшін аз қызмет істедім-ау. Құдай да кешірсін, Сен де кешір, Еврей елім. Сәл мызғып алуға ғана мұрсат бер, таңертең қайта тұрып, қайта сапар шегемін. Жеріңді кеңейтем, еліңді өсірем, рухыңды көтерем! Кешір, қызыңды» деп дұғаларын оқиды.
Еврей елінің тұңғыш Премьер-министрінің музейін аралап шыққан соң, есімді жия алмай, есік алдынан отыратын орындық іздедім, таппаған соң, шаңы шығып жататын еврейлердің сортаң жеріне отыра кеттім.
Премьер-министр мырза нағыз елін сүйген асыл азамат екен. Отанын ондай сүйген адам, бұл дүниеде сирек кездесер. Тірлік аясы, үй қопсысы ең кедей еврейдің шамасынан аспаған екен. Үстіне киер жалғыз ғана костюмі болған көрінеді. Жем-жем болған сол костюм қабырғада ілулі тұр. Онан өткен байлығы болмапты. Жаны мен тәнін еврейлеріне арнапты.
Бүкіл Қазақ даласын жайындай жұтып болған корей, еврей, үндіс, жемірлерді есіме алып, Еврей елінің асыл ұлының есігінің алдында шоқиып отырып алып жыладым.
Қазақ халқын адам құрлы көрмей сабылтып сан соқтырарсыңдар, бірақ жер бетінен құртып жібере алмассыңдар. Қазақ халқының намысын таптап болдыңдар, қазаққа артқа шегінуге енді жол да жоқ. Қазақ елінің тәуелсіздігіне бой көтертпей тұншықтыруға барларыңды саларсыңдар, бірақ қазақ елінің киесіне иелік ете алмассыңдар. Қазақтың киесі туласа, тақтарыңды таптауырын жасар. Қазақ халқы ешқашан құл болмайды.
Шенеуніктері құл болған.
Ел басқарушылары құл болған.
Халқы құл болмаған.
Азаттық біздің киеміз болып қалады. Сол үшін қазақ күресуі керек.
Мен орнымнан әзер көтерілдім.
Бұл 1995 жыл еді.
1995 жылдан бастап мен жалғыздық атты кең құдыққа түсіп, үнсіз қалдым. Ақыл адасып, сана уланып, тірлік келмеске кетіп бара жатты.
Үшінші әлемге айналған, жасыл ақшадан көздері шатынаған ТМД елдерінің шенеуніктері қашан естерін жиып, жүрек санасын іске қосады.
Қазақтың жүрек санасы оянып ашық айқасқа шықпаса, бұл қазақ елінің таусылмайтын қалың қайғысының бірі болып қала бермек.
Сонан да қазақ халқына керегі:
Ой айқасы!
Жан айқасы!
Таза тілек айқасы!
Эволюция айқасы!
Дербестік пен даралық айқасы!
Үрей мен үміт айқасы!
Қазақтың қазақ болып қалу айқасы.

Роллан Сейсенбаев

qazaquni.kz

Пікірлер