Күзде болатын екінші толқын халықты әбігерге салмақ

2619
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі уақытта Жапония коронавирустың екінші толқынын өткеруде, жұқтыру қаупі түгелдей дерлік сейілді. Бірақ елде індеттің төртінші толқыны болады деп күтілуде. Ал Қазақстан әлі екіншісінен өтіп үлгерген жоқ.  Күзде қатты күшейетін індеттен қалай аман қаламыз? Балалар коронавирусы расымен қауіпті ме? 

Екінші толқынға дайынбыз ба?

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат ҚОЖАХМЕТ:

“Коронавирустық инфекция және пневмониямен ауырғандарға арналып, дәрі-дәрмектің бір айлық қорын жасақтау үшін жалпы құны 8,7 млрд теңге болатын 91 түрлі препарат дайындалуда. Мұндай көлемдегі қор 40 мың науқасты емдеуге жетеді”

Сонымен қатар, ресми өкіл 15 тамызда қосымша екі айлық қор жасақтауға кірісеміз деген болатын. Бұл дегеніңіз стационардағы 200 мың науқасқа арналған дәрінің 50 түрі.

Күзде коронавирус инфекциясын жұқтырушылардың саны күрт көбеюі мүмкін

«Өткен жылы және оның алдыңғы жылдары, орта есеппен, Қазақстанда қазан мен наурыз айлары аралығында 600 мыңнан 1 миллионға дейін қазақстандықтар тұмау мен ЖРВИ жұқтырды. Міне, күзде де осынша адам ЖРВИ мен тұмауға қайта шалдығуы мүмкін, бұған коронавирус қосылуы ықтимал» - деді министрлік өкілі. 

Кавасаки синдромы деп аталатын балалар коронавирусы расымен қауіпті ме? 

Елімізде 11 балаға аталмыш синдромның диагнозы қойылған болатын. Балалар коронавирусты жеңіл өткеретіндіктен және иммунитет тез қалыптасу үшін олардың вирус жұқтырғаны жөн деген пікірлер айтылды. Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешованың сөзінше, инфекция жұқтырған бала вирус таратушыға айналады. Шетелдік ғалымдардың "балаларда коронавирус салдарынан сирек кездесетін Кавасаки синдромы пайда болуы мүмкін" деген мәлімдемесіне сүйенген дәрігер вирусты балаларға әдейілеп жұқтырудың өте қауіпті екенін айтты.

Кавасаки синдромының алдын алудың бір ғана жолы – баланы коронавирустан сақтау: қоғамдық орындарда маска тағу, қолды жиі сабындап жуу, бөлмені жиі желдетіп тұру, дұрыс әрі уақытылы тамақтану, баланың өзгелермен байланысқа түспеуін қадағалау.

Дәрігерлер жұмбақ синдромнан үрейленбеуге шақырады. Ауруды асқындырып алмау үшін ауру белгілері байқалғанда балаға әртүрлі дәрілер мен вирусқа қарсы препараттарды ішкізе бермей, дереу дәрігерге қарату керек.

Аяулым ӘБІЛДА,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер