Елімізде 2025 жылға қарай қолма-қол ақшасыз жасалатын операциялар 90 пайызды құрайды

1030

Ақпараттық технологияның қарқынды дамуы және интернетті коммерциялық мақсатта қолдану соңғы он жылда электрондық сауданың біршама ілгерлеуін көрсетті. Яғни, бүгінгі күні әлем  нарығына  электрондық коммерция нарығы қосылды. Әлем елдерінің көпшілігі дерлік осы нарықтан белгілі бір орнын алып, оның беріп отырған мүмкіндіктерін пайдаланып қалғылары келеді.  Электрондық коммерция арқылы сауда-саттықты одан әрі жандандыра түсуге, бәсекеге қабілетті болуды арттыруға болады. Ол тіпті жалпы экономиканың дамуына мүмкіндік беретін бағдарламалардың бірі десе де болады.

Электрондық сауда - айналымның көлеңкелі көлемін төмендетуге әсерін тигізеді деп күтілуде

Елімізде бәсекеге төтеп беретін өндірісті алға қарай жылжыту аясында, халықтың сапалы өмір сүруін көздейтін, қарапайым халыққа бағытталған нарықтық экономиканың негізін қалау – ол біріншіден тауар түріндегі айналым саласында реформа жасауды талап етеді.

Сауда саласындағы қызмет көрсетулерде кейбір сауда жүйесінің монополистік ұстанымынан арылу, шағын және орта бизнесті қолдауда мемлекеттік саясатты  қолға алу, белгілі бір кәсіппен айналысатындарды заңды тіркеуге қою мен салық салу бойынша жеңілдіктер қарастыру, ішкі және сыртқы саудада кездесетін өзге де әртүрлі кедергілерді жою – осы саладағы бәсекелестіктің дамуына үлес қосады және электронды сауданы іске асырудың пайдалы салалары мен тетіктерін дамытады.

Қазіргі таңда ақпараттық және жаһандық деген экономиканың түрлері күнделікті тіршілігімізге енді.

Адамзат дамуының дәл осы кезеңі цифрлық дәуірге айналып отырғаны жасырын емес. Сол себепті де әлемнің көптеген мемлекеттерінде «Цифрлық экономика» бағдарламалары қолға алынды.

Біздің елде де 2017 жылы  "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралыҚазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданды.

Аталған бағдарламаның мақсаты,оны жүзеге асыру кезеңдері, оның басым бағыттары қандай, жалпы осы бағдарламаны қабылдағанда Үкіметтің көздегені не, бұл бағдарламаның елге тигізер пайдасы,  негізінен қандай бағыттарды қамтитыны туралы толық ақпаратты сілтеме арқылы өтіп оқуларыңызға болады.

Мүмкін сіздің де осы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына береріңіз, қосар үлесіңіз, айтар ойыңыз бар шығар.

Бағдарламаның негізгі бір бағыты, ол – «Экономика салаларындағы цифрлық түрлендірулер», деп аталады. Бүгінгі біздің әңгімеміз, осы бағыттың ішіндеі – «Электрондық сауда» түсінігі  туралы болмақ.

Жалпы электрондық сауда дегенде, көз алдымызға  қолма-қол ақшасыз жасалатын сауда оперциялары келеді.

Электрондық сауда немесе электрондық коммерцияға  арнайы экономикалық әдебиеттердің,  басылымдардың, мамандандырылған сайттардың, көптеген заңнамалық органдар мен  беделді ұйымдардың берген анықтамалары мазмұндас болып келеді.

Электрондық сауда немесе электрондық коммерция – ол интернет арқылы тауарларды, өнімдерді немесе қызметтерді сатып алу және сату.Мұны кейде – интернет коммерция деп те атайды. Бұл қызметтер интернет желісі арқылы онлайн ұсынылады. Ақшамен, қорлармен және деректермен жасалатын операциялар электрондық коммерция ретінде де қарастырылады.  

Бұл іскери операциялар төрт жолмен жүзеге асырылуы мүмкін: бизнес -бизнес (B2B), бизнес-клиент (B2C), клиент-клиент (C2C), клиент-бизнес (C2B).  

Электрондық коммерцияның стандартты анықтамасын – интернет арқылы жасалынған коммерциялық мәміле деп те қарастыруға болады.  Сіз бен біздің AliExpress, Amazon, Flip.kz интернет-дүкендерінің сайттары арқылы жасайтын тапсырыстарымыз осы электрондық сауда болып табылады.

Осы уақытта дамыған және дамушы елдерде электрондық сауда қарқынды дамуда, оның оң әсері бизнес саласына ғана емес, тұтастай алғанда, елдегі халықтың өмір сүру сапасына да әсерін тигізеді.

Атап айтқанда, электрондық коммерцияның арқасында, халықаралық саудаға ену есебінен халық төмен бағалармен көптеген тауарларға қол жеткізе алады. Бизнеске ықпал ету тұрғысынан қарағанда, электрондық коммерцияның өсіп келе жатқан танымалдылығы осы салада өз бизнесін ашуға ниет білдірген адамдар санының өсуіне әкелетіндігін атап кету керек.

Бағдарламаның нысаналы индикаторларының бірі 2022 жылға дейін бөлшек сауданың жалпы көлемінде электрондық сауда үлесін біртіндеп өсіру болып табылады. Бұл көрсеткіш 2020 жылы -2,0 пайызды, 2021 жылы 2,3 пайызға, 2022 жылы  2,6 пайызға дейін арттыру көзделуде.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекетттік бағдарламасы аясында электрондық сауданың дамуын ынталандыру үшін 2018 жылдың  басынан бастап 2023 жылға дейін тауарларды электрондық сатумен айналысатын тұлғалар үшін табыс салығынан толықтай босату түріндегі жеңілдіктер қарастырылған.

Сонымен қатар, заңнамалық қорды дамыту аясында Салық кодексінде «тауарларды  электронды сату», «интернет – алаң», «интернет – сауда», «интернет – дүкен» деген секілді тіркестер енгізілген.  

Заңды және жеке кәсіпкерлер үшін жалпы айқындалған тәртіпте бес жылға электрондық сауда саласында алынатын корпоративті табыс салығын және жеке табыс салығын  төлегеннен түсетін кірістерді босату бөлігінде салық преференциялары күшіне еніп отыр.

Аталған шаралар негізінен электрондық сауда субъектілерін көбейтуге, сонымен қоса осы саладағы жаңа субъектілерді тіркеуге, айналымның көлеңкелі көлемін төмендетуге әсерін тигізеді деп күтілуде.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында корпоративті және жеке табыс салығынан босатылу жеңілдігіне ие болу үшін , интернет дүкен ұстаушылар, кәсіпкерлер мынадай шарттарға сай болуылары керек:

- Тауар үшін есеп айрысуда қолма – қол ақшаның қатысуынсыз жүзеге асуы тиіс;
- Келісім шарт онлайн тәртіпте жасалуы қажет;
- Тауарды жеткізу қызметі немесе тауарды тасымалдаумен, жолдаумен, жеткізумен айналысатын тұлғамен жасалған шарт болуы керек.

Айта кететін бір жайыт, электрондық саудадан түскен табыс заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысынан немесе жеке кәсіпкердің салық кезеңіндегі жалпы жиынтық табысының, аз дегенде 90 пайызын құрауы керек.

Қазақстанда электрондық сауданың дамуы

2019 жылдың қазан айындағы Profit.kzақпараттық порталының мәліметінше 2025 жылға қарай Қазақстанда e-commerce көлемі бір триллион теңгеге жетуі мүмкін екен.

«Электрондық сауданы дамыту экономикалық өсу үшін зор әлеует болып табылады. Ол тауар айналымын шексіз ұлғайтуға, кез келген елдің нарығына қол жеткізуге мүмкіндік береді және транзиттік әлеуетті дамытуды қамтамасыз етеді», делінген мақалада.

Министрдің тапсырмасы бойынша "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасына ұсыныстар енгізу үшін 12 бағыт бойынша топ  құрылған болатын.

E-commerce бойынша жұмыс тобының жетекшілері "Қазпочта" АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов және Chocofamily Holding негізін қалаушы және иегері Рамиль Мухоряпов болып табылады. Топта барлығы 327 қатысушы бар, оның ішінде 240 — бизнес өкілдері болып келеді.

2020 жылдың мамыр айында сол кездегі  Цифрлық нновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен электрондық коммерция жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өткен болатын. Жұмыс тобы белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан үш бағыт - инфрақұрылымды дамыту, ішкі нарықты дамыту және сыртқы нарыққа шығу бағыттарын баса көрсеткен еді.

Инфрақұрылымды дамытудың негізгі идеясы – клиентердің қаражатын алып отыратын маркетингті төлем ұйымдары емес деп ресми тану. Әзірлеушілердің пікірінше, бұл оларды салық салудан босатады.

Қалған бағыттарға келетін болсақ, заңнамалық актілерге бизнесті онлайн режимінде жүргізу рәсімдерін жеңілдету бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылды. Бұдан басқа, БЖТ төлеушілердің табысына қойылатын талаптарды екі есе көтеру үшін курьерлерге бірыңғай жиынтық төлем арқылы жұмыс істеуге рұқсат беру ұсынылады. "Қазпошта" сарапшысы атап өткендей, бұл жұмыс істейтін және салық төлемейтін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды көлеңкеден шығаруға көмектеседі. Осылайша жаңа жұмыс орындары құрылады.

Жүргізілген жұмыстың арқасында бес жылдан кейін Қазақстанда 500 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазақстандық интернет-алаңдарда сатып алу 2 036 млрд теңгеге жетеді, ал қала ішінде курьерлік жеткізудің орташа уақыты 60 минутқа дейін қысқарады деп күтілуде.

Технологиялық даму кезеңінде әлемде қолма-қол ақшасыз төлемдер мен электрондық сауда ерекше орын алады. 2019 жылдың соңында e-commerce әлемдік нарығының көлемі 3,5 трлн долларға жетті. Ал 2020 жылға қарай жаһандықэлектрондық бөлшек сауда 27 триллион долларға жетуі мүмкін делінген ресми ақпарат көздерінде.

Қазақстанға келетін болсақ, бұл бағыттың даму жолы елімізде енді қарқын алып жатыр. Дегенмен, бүгінгі күні тұтынушылардың онлайн – сауда жүргізуге, қолма-қол ақшасыз төлем жасауға қызығушылығының артуын байқауға болады.

Қазіргі таңда электрондық сауда Қазақстан экономикасының басым бағыттарының бірі болып табылады, ол қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшуге, көлеңкелі сауда көлемінің төмендеуіне және кәсіпкерліктің жалпы өсуіне ықпал етеді. Осылайша, 2019 жылы еліміздегі электрондық сауда нарығының жалпы көлемі 702 млрд теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артты, ал бөлшек сауданың жалпы көлемінің үлесі 3,7% құрады (2018 жылы — 2,9%).

Ал, 2020 жылға келсек,  осы жылдың бес айы бойынша қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, электрондық сауданың біршама ілгері жылжығанын байқауға болады.  Бұған  бірден- бір себеп, әлемді жайлаған коронавирус індетінің кесірінен енгізілген карантиндік шаралар мен әртүрлі шектеулер болып отыр. Бұл сарапшылар тарапынан да мойындалған құбылыс.

«Covid-19 пандемиясы еліміздегі электрондық сауданың дамуына оң әсер етті. Карантиннің енгізілуі интернет арқылы онлайн-сатып алудың және белгілі бір төлем операцияларының танымал болуына ықпал етті», делінген Profit.kzсараптамалық – ақпараттық порталында.

Мысалы, 2020 жылғы қаңтар айы мен сәуір айының аралығында елде қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі 2,5 еседен астам  ұлғайып,   7,4 трлн теңгені (2019 жылы-2,8 трлн тг) құраған.  Бұл ретте бес жыл бұрын қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі небәрі 234,3 млрд теңге болған еді.

Ал бұл көрсеткіш 2020 жылғы мамыр айында бірден 34 пайызға немесе 600,4 млрд теңгеге өсіп 2 364,1 млрд. теңгеге жетті. Бұл осы қолма – қол ақшасыз өткізілген операцияларды бақылау тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Өткен, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ 927, 6 млрд теңге болған көрсеткіштен  2,5 есеге дейін өскендігі байқалады.

Елімізде 2025 жылға қарай қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесін
90% - ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қоса, Қазақстандықтардың қолданыстағы төлем карталарының  да саны өсуде. Төлем карталарының қазақстандық нарығы өсудің оң серпінін көрсетуді жалғастыруда. 2020 жылдың басында айналыста 32 млн төлем картасы болса, оның ішінде 57% немесе 18,2 млн белсенді болып табылады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Бұл көрсеткіштің өсуінің негізгі факторлары -халықтың карточкалық өнімдерге сұранысының артуы, мобильді сервистерді дамыту және банктердің ниеттестік бағдарламаларының іске қосылуы болып отыр.

"Төлем карталарын пайдалана отырып, тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін инфрақұрылымды дамыту процесі жалғасуда. Төлем карталарымен төлем қабылдайтын кәсіпкерлер саны артып келеді", - деді Ұлттық Банктің төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

2019 жылдың қорытындысы бойынша 96 428 кәсіпкер 161 690 POS-терминалдарды 134 484 сауда нүктелеріне орналастырды. 2018 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда кәсіпкерлер санының  17 пайызға , сауда нүктелерінің 22 пайызға,  POS-терминалдар санының  27 пайызға өскендігі байқалады.

Не дегенмен де, бүгінгі таңда электрондық коммерция әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі болып отыр. Кейбір бағалаулар бойынша, ол жыл сайын шамамен 23% - ға өседі. Болжам бойынша, осы онжылдықтың соңына қарай бұл сала 27 триллион долларды құрайтын болады.

Электрондық сауданың артықшылығы мен кемшілігі

Электрондық сауданың артықшылықтарына тоқтала кетсек, ол әрине біріншіден сатушылар үшін географиялық кедергілерсіз, яғни сатып алушының орналасқан жеріне қарамастан қызмет көрсете алуында. Бір сөзбен айтқанда жаһанды қамтуға мүмкіндік береді.  Электрондық сауда транзакциялық шығындарды айтарлықтай төмендететуге септігін тигізеді. Бұл қандай да бір ғимаратты, кеңсені пайдалану үшін  кететін көптеген шығындарды жояды.

Тағы да бір үлкен артықшылығыол электрондық сауданың сатып алушылар үшін ұсынатын қолайлылығы. Яғни клиент күніне 24сағат аптасына 7 күн  қажетті затын сатып алаалады. Сайт үнемі жұмыс істеп тұрады, оффлайндүкен сияқты  белгілі бір уақытқа шектелген жұмыс уақыты жоқ.

Электрондық коммерцияның кемшіліктерінекелетін болсақ, бұл көбінесе сол интернет дүкендердің иелеріне тиесілі болып отыр.

Электрондық коммерция порталын іске қосу құны жоғары. Жабдықтар мен бағдарламалық жасақтаманы орнату, қызметкерлерді оқыту құны, үнемі техникалық қызмет көрсету және осының бәрін ұйымдастырып, ұстап тұру - өте қымбатқа соғады.

Кейде электрондық сауда жасағанда, мұның артында расымен де тірі адам отырмағандай сезілуі мүмкін. Осыдан болып, көптеген брендтер мен өнімдер үшін маңызды болып келетін тұлғааралық қатынастардың жылуы жетіспей тұрады

Қауіпсіздік - бұл электрондық саудада алаңдаушылық тудыратын тағы бір мәселе. Соңғы кездері клиенттердің жеке ақпараттарының ұрланғандығына байланысты қауіпсіздікке нұқсан келтірген, заң  бұзушылықтар болғандығы жасырын емес. Несие карталарын ұрлау, жеке деректерді ұрлау, жеке есеп шоттарды бұзып ақша алу  және осы тектес  мәселелер  клиенттер тарапынан әлі өзекті болып тұр.

Қорыта келгенде, біз виртуалды әлемге аяқ бастық,  енді ары қарай сол  әлемнің талабына сай болып, содан өз үлесімізді алып қалу үшін әрекет етуіміз керек.

Біз қаласақ та қаламасақ та, тіршілік ету үшін, онлайнды  меңгеріп, қолдана  білуіміз керек.  

Дәл қазір «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы қолға алынып жатқан іс-шаралардың ауадай қажет екендігіне көзіміз жете түсті.

Аталған бағдарламаның  ішіндегі электрондық сауда – ол ел экономикасын «қалайтын кірпіштің» біріне айналып отыр. Сол себепті де еліміздің кәсіпорындарында,  экономикасында электрондық сауданы дамыту үшін мемлекеттік саясатты бағдарлау оң бағыт болып табылады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы