Елімізде көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіледі

2127
Adyrna.kz Telegram

    Елімізде көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек о бастан көрсетіліп келе жатыр. Жылдан-жылға әлеуметтік көмек ретінде бөлінетін қаражат та артып келеді. Көпбалалы аналарғабала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жүргекпұлдан бөлек, әр балаға ай сайын жәрдемақы төленіп, барынша қолдау көрсетіліп жатыр. 2019 жылы көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 365 миллиард қаржы төленіп, президент Қасымомарт Тоқаев көпбалалы және тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларды қолдау жөніндегі әлеуметтік шараларды күшейтуді тапсырған болатын.

    Қазан айында өткен үкімет отырысының бірінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жаңа жылдан бастап табысы аз және көпбалалы отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына арналған әлеуметтік пакет жасалатынын айтқан болатын.

Аталмыш әлеуметтік пакетке не кіреді?

     Балалардың тамақтануы, гигиеналық заттар, балалардың ой қимыл дүниесін дамытатынқұралдар. Ал 6 жастан 18 жас аралығындағы балаларға мектеп формасы мен жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Одан бөлек табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгібалаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетіледі.

     Енді қалай болмақ?

Еңбек және халықты қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамай ұсынған болатын. Бірақ бұл жәрдемақыны алу үшін көпбалалы отбасыларды атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатарынан шығару қажет екен.

   “Біз көпбалалы аналардың мәртебечін көтеріп, әл-ауқатын жақсартуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі 42500 теңгеден 73370 теңгеге дейін сараланған мөлшерде тағайындалады,-деген еді министр Нұрымбетов.

    Минстрдің айтуынша Қазақстанда 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Ал ол отбасыларда бір жарым миллионға жуық бала тәрбиеленеді екен.

Көпбалалы аналарымыз үкімет бөлген қаржыны иеленіп, әлеуметтік көмекті көріп жатыр ма?

Гүлмира ЖАҚЫП: көпбалалы ана:

    -Бізге мемлекет қолдау білдіріп жатқанына қатты қуаныштымын. Егер осы үкімет тарапынан көрсетілетін көмек болмаса балаларыма ақшаны жеткізе алмай қиналатын едік. Бала қарап үйде отыруыма байланысты жұмыссызбын. Жолдасымның тапқан табысы жалдамалы пәтерде тұрғандықтан соны төлеуге кетеді. Ал ай сайын түсіп отыратын көмектің арқасында тамақ пен дәрі-дәрмек алып отырмыз. Әрине, асып-тасып жатпасақ та жан сауғалап, күн көруге болады.

Алима ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ: көпбалалы ана:

     -Мынандай қиын заманда өмір сүру тіптен қиын. Жолдасымның тапқаны мен үкіметтің ай сайынғы көмегі ішіп-жемнен артылмайды. Алдағы оқу жылында балаларым үйде отырып оқитын болды. 1 студент пен 3 мектеп оқушысын техникамен қалай қамтимын деген уайым басым болып тұр. Бұл жолы да үкімет бір шешімін тауып, ол жағынан да көмек көрсететініне сенімдімін. Жылдан жылға көрсетілетін қаржылай көмек қысқармай керісінше үстіне қосылып жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды.

Жайна АМАНҒАЛИЕВА: көпбалалы, жалғызбасты ана:

     Асыраушымыздан айырылып, қазір 5 баламен жалғызбын. Үкімет ақшалай көмек көрсетеді. Балалардың тамағына жетеді. Кейде еріктілер де келіп азық-түлік, балаларға ойыншық, тәттілерін әкеліп қуантып тұрады. Сирек, ара-арасында ауылдың белсенділері, үлкен кісілер де қолдарынан келгенше көмектерін аямайды. Барлығына алғыс білдіремін. Мемлекет бізді ұмытпады. Сіздер берген көмек пен қолдауларыңыздың арқасында балаларым білім алып, қатарынан қалмай келеді. Болашақта елім дейтін азамат болып өсетініне сенімдімін.

Ақылгүл ТЕМІРЖАНОВА: көпбалалы ана:

   -Балаларыма олай да, былай да көмек көрсетіліп жатыр. Мемлекеттің қаржылай көмегінен басқа да әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатыр. Оқу жылының басында балаларыма оқулықтарды қалай аламын деп уайымдамаймын. Әр жыл басында балаларымды кітаппен бірінші кезекте қамтамасыз етіп отырады. Оқу күндері үлкен үзілісте ыстық тамақ ішеді. Бұлардың өзі үлкен көмек. Осының аясында жұмыс істеп жатқан барлық жандарға үлкен рақмет!


Лаура ТҰРСЫНЖАН, 

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер