«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы – оң өзгерістердің алғышарты

2525
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бойынша 2017 жылы 12 желтоқсанда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Аталмыш бағдарлама қабылданғаннан бері ел аймақтарында қолдау тауып, көптеген саланың қарқынды дамуына септігін тигізуде

Мал шаруашылығындағы GPS-навигация

   Биылғы жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Қостанай облысында жылқыларды «GPS-навигация жүйесімен жабдықтау» жобасы жүзеге асырылуда. Бір табындағы, яғни 1000-ға жуық жылқының 30-ы навигация жүйесімен қамтамасыз етіледі. GPS-трекерлерді аздаған жылқыларға орнату өз кезегінде табындағы мал ұрлығының алдын алуға, жоғалған малдың оңай табылуына көмегін тигізеді.12 тамыздағы есеп бойынша, облыстың 6 өңіріндегі 31 жылқыға трекерлер орнатылған.  Жұмыс қызу түрде жалғасып жатыр.

Сыр өңіріндегі жаңашылдық

  Сыр аймағындағы қоғамдық көліктерге электрондық билет жүйесі енгізілді. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетов хабарлады. Оның сөзінше, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде шаһардағы қоғамдық көліктерде электронды түрде жол ақысын төлеу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап, қалалық маршуруттарға сараланған тариф енгізілмек. Яғни, қолма-қол төлем 120 теңге, электронды төлем 90 теңгені құрайтын болады. Демек, көп ұзамай электронды төлемнің тиімділігіне көзі жеткен қала тұрғындары жаппай соған көшеді.

Қордай өңіріндегі кең жолақты интернет

  «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша жұмыстар қазіргі таңда Қордай өңірінде де қызып тұр. Нақтырақ айтқанда, аудандағы 14 ауылда ағымдағы жылдың соңына дейін сапалы интернет желісі таратылады. Бірінші кезекте ғаламторға әлеуметтік маңызы бар нысандар мен мемлекеттік мекемелер қосылады. 8 әкімдік, 13 медициналық мекеме, 19 мектеп, 3 полиция пункті. Артынша, ғаламтор ауыл тұрғындарына да жол тартады. Талшықты-оптика қандай ауылдарға орнатылады деген мәселе бойынша тізім де жасалған. Оған 250-ден кем түспейтін тұрғыны, мемлекеттік білім беру және медициналық мекемелері бар елді-мекендер енген. Бұл дегеніміз - цифрландырудың шарапаты шалғай ауылдарға да тиеді деген сөз. Бүгінгі таңда Өтеген, Қызылсай, Ноғайбай аудан орталығынан шалғайда орналасқан Масаншы, Қаракемер, Бұлар батыр, Ауқатты, Масаншы ауылдарына дейінгі желі учаскесі аяқталып, мектеп пен ауруханаларды кең жолақты интернет желісіне қосу жұмыстары басталып кеткен.

Қарыштаған электрондық сауда

   Цифрландырудың айқын көрінісі – электрондық сауда. Былтырғы жылы елдегі электрондық сауданың үлесі 3,7  пайызға өсіп, 300 млрд теңгені құраған. Биылғы жылғы жағдайды ескерсек, көрсетілген сандардың бірнеше есеге өсетіні анық. Пандемия кезінде оффлайн форматтағы көптегенкәсіптер онлайнға өтіп, тұтынушылардың қажеттілігін қамтамасыз етуде. Азық-түлік, тағам,құрылыс материалдары және күнделікті тұрмыстық материалдарға тұрғындар қолдарындағы смартфон арқылы тапсырыс беріп, керегін сатып алуы қарқынды түрде белең алған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер