Әлемдегі қызықты һәм сорақы ғұрыптар

5196
Adyrna.kz Telegram

Жаһанда талай қызық бар. Нақтырақ айтқанда жаһан жұртында. Кейбір елдің салтындағы басқалық,  итіндегі қара қасқалық, тіпті, жаға ұстатады. Өзгені төмендетуден аулақпыз, әрине. Бізде де өзгеге оғаш көрінетін ырымдардың бар екеніне күмән жоқ. Бізге біртүрлі көрінген өзгедегі кейбір жоралғылар өздері үшін құнды шығар, бәлкім... Олар қандай жоралғылар?

Құмырсқа толы қолғап

   Біраз ел, ә?! Біраз елі несі деп отырған боларсыз? Бразилияны айтам. Теңбіл допты ұршықша иіретін талай марқасқаны шығарған ел – бұл. Сол Бразилияда Сатере-Маве дейтін тайпа бар. Сатере-Мавеліктерде ер бала жігіт боларда бір қиын сынақты бастан өткереді. Сынағының сықпыты мынадай. Жігіт болар жеткіншек шаманның басшылығымен қолғапқа құмырсқа жинайды.Құмырсқа дегенге  сіз бенен біз бала кезімізде неміс пен қазақ деп төбелестіретін қара, қызыл құмырсқалар көз алдыңызға келгенде болар. Алайда, олар емес. Бал арасынан бірнеше есе қатты шағатын – парапонера құмырсқалары. Парапонера толы қолғапты бір киіп, демде шеше қоймайды әлгілер. 11 сағат бойы қолғап ішінде сабырын сынайтын көрінеді. Сәл қимылдасаң шағып, дуылдата жөнелгені. 11 сағат бойы қыңқ етпей,шыдап бақсаң, жігітсің. Айналаңда сені солай қабылдайды. Ал осалдық танытсаң, жігіттіңде шикілік бар деген сөз. Бізше айтқанда – мігітсің!                                  

Тыныш жатқан арыстанды...

   Жоралғы атаулыға кенделік танытпайтын елдің бірі – Африкадағы Масай жұрты. Аталған тайпада жеткіншектердің жігіттігін дәлелдеуі күрделірек өзгелерге қарағанда. Тапсырманы орындап не от боласың, не жоқ боласың. Мүйізтұмсықты 3 мәрте тебу немесе ақырған арыстанның құйрығынан тарту негізгі міндет болып табылады. Көрер көзге, естір құлаққа қызық болуы мүмкін, сынақ тапсырушы үшін оңайға соқпасы анық.

Саусақ кесу ғұрпы

  Ұрының саусағын шабады немесе шауыпты дегенді естіген шығарсыз. Ал жерлеу рәсімінде саусағын «құрбандыққа» шалады дегенді естуіңіз бар ма? Онда мынаған зер салыңыз! Жаңа Гвинеяның Балием алқаптарында Дани (Ндани деп те айтылады) атты тайпа бар. Дәл сол тайпаның адамдары  жақыны қайтқанда күлді немесе балшықты беттеріне жағып, саусақтарын шауып,оны өлген кісімен бірге көмеді. Көбінесе әйелі немесе күйеуі өмірден өткенде. Бұл артында қалған адам үшін қазаның қаншалықты ауыр болғанын және жақынына деген сүйіспеншілігін білдіреді-мыс.

Эль Колачо

   Пиреней түбегі дегенде есіңіз түсер бір ел бар ғой. Иә, нақ өзі! Испания! Эль Колачо испан халқында орындалатын ғұрыптың бір түрі. Сайтан бейнесінде киінген ерлер төсеніш үстіне жатқызылған нәрестелердің үстінен секіреді ары-бері. Наным бойынша, бұл рәсімнен кейін сәбиге зұлым рухтар жоламайды.

Нәрестені биіктіктен лақтыру

  Сандаған ғасырға жалғасқан кезекті қауіпті рәсім Үндістанда орындалады. Келісім берген жұптар 15 метр биіктіктен немесе шіркеудің төбесінен 2 жасқа толмаған сәбиін лақтырады. Ырым орындалуы барысында барлық қауіпсіздік шаралары сақталады-мыс. Жерде қаумалаған халық жаюлы кездемемен нәрестені қағып алады. Кейбір адамдар мұны жабайылықтың сарқыншағы десе, орындаушылар аталған жоралғы сәби ғұмырының сәтті, денсаулығының мығым болуына әсер етеді деп сенеді.

Зорлық-зомбылыққа ұшырайтын биші балалар

Сорақы дәстүрдің бірі-Ауғанстанда. Иә, кәдуілгі Ауғанстан. Әйелдерін тұмшалап, діншілдіктің Эверестіне шыққан бұл елде жасөспірімдерді саудалайтын «жеңгетайлар» бар. Жетім балаларды немесе тұрмысы төмен отбасылардың балаларын сатып алып, бишілік өнерге «баулиды». Қыздың киімін киіп билейтін балаларды Бачаази деп атайды. Еркектерінің көңілді жиындарында Бача-базилар «өнер» көрсетіп, артынша көп пұл төлегендері әлгі балалармен бірге түнеп, құмарын қандырады. Осындайда, сарттың қызы бетін бүркеп жүреді, артына бәле тіркеп жүреді. Қазақтың қызы жүзін ашып жүреді, бәледен қашық жүреді деген аталы сөз ойға оралады. Қыздарының дидарынкөруді, көшеге шығуын күнә санайтын ауғандар бұл мәселеге қатты қымсына қоймайды. Олар үшін бұл жай ғана – дәстүр. Бүйткен дәстүріңнің дерсің...

 

Ағын АЙДЫН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер