Қазақстандық ЖОО-дағы білім алу құны қанша?

4195
Adyrna.kz Telegram

Санаулы күндердің кейін білім гранты игерлерінің тізімі шығады. Биыл тегін білім алуға үміткер түлектердің саны 80 мыңнан асады. Олардың ішінен 53 мың қазақстандық талапкер жоғары білімді тегін – мемлекет есебінен ала алады. Ал бұл тізімге іліге алмай қалған түлектер ақылы негізде оқу үшін қолжетімді жоғары оқу орнын іздеп, әлек болатыны анық. «Адырна» ұлттық порталы қазақстандық ЖОО-дағы білім алу құнын анықтады.

КИМЭП университеті

Еліміздегі ең қымбат жоғары оқу орны - КИМЭП университеті. Бұл білім ордасындағы оқу ақысы 2 миллион 700 мың теңгеден басталады.Университет студентеріне ағылшын тілінде оқытатын 31 академиялық бағдарламаны ұсынады.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Ал Қазақстандағы көп салалы университтердің ұлттық рейтингісін бастап тұрған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу ақысы 1 миллион теңгеден 1 миллион 600 мың теңгеге дейін барады. Оқу орны жақында әлемнің үздік 165 университетінің қатарына енді.

Гумилев атындағы ЕҰУ

Егер сіз рейтингте екінші орын алатын Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде оқығыңыз келсе кем дегенде 1 миллион 150 теңге қаржы жинап қойыңыз. 2000 жылдан бастап университет халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орны болып саналады.

Асфендияров атындағы ҚазҰМУ

Болашақ дәрігерлерді дайындайтын Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде оқу ақысы 635 мың теңгеден басталады. Университетте Қазақстанның белгілі ғалым-педагогтары, ҚР Ұлттық Ұлттық ғылым академиясының, Ресей медициналық ғылымдар академиясының, ҚР Профилактикалық медицина академиясының, Халықаралық акадамиялардың академиктері қызмет етеді.

UIB университеті

Алматы шаһарының төрінде орналасқан Халықаралық бизнес университетінде де оқу ақысы арзан емес. Бұл жерде оқу үшін жылына кем дегенде 800 мың теңге төлеуіңіз керек. Сонымен қатар, келесі курсқа аяқ басқан сайын бұл бағаның көтеріліп отыратынын ұмытпағаныңыз жөн.

Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ

Техникалық бағытты таңдасаңыз, құжаттарыңызды Сәтбаев университетіне тапсырыңыз. Ол еліміздегі ең үздік техникалық жоғары оқу орны. Оқу ақысы 635 мың теңгеден басталады.

Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы оқу ақысы 600-640 мың теңге аралығын құрайды. Оқу 12 мамандық және 39 арнаулы мамандық бойынша жүргізіледі.

М.Әуезов атындағы ОҚМПУ

Шымкент қаласында орналасқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті еліміздегі үздік жоғары оқу орнының үштігіне кіреді. Оқу ақысы барлық мамандықтарға бірдей, 360 мың теңгені құрайды.

М.Өтемісұлы атындағы БҚУ

Еліміздің батыс өңірінде оқу әлдеқайда арзанға шығады.  М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде ақылы білім алу 287 мың теңгеден басталады.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ

Еліміздегі ең қолжетімді оқу орындарының бірі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Оқу ақысы - 270-443 мың теңге аралығында.

Экономика, юриспруденция, халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, әлемдік экономика, стомотология мамандықтарының оқу ақысы басқа мамандықтарға қарағанда жоғары.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарынан пандемия кезінде оқу ақысын көтермеуді сұраған еді. Десе де, жоғарыда көрсетілген бағаларға қарап, министрдің өтінішіне құлақ асқан университеттердің саусақпен санарлық екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Диана АСАНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер