Сәкен МАЙҒАЗИЕВ: Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

3949
Adyrna.kz Telegram

Сәкен Майғазиев - өзінен кейінгі буынға үлгі болып, талай жастың өнерге келуіне ықпал еткен әнші. Ол үнемі елімізде болып жатқан кез келген түйіткілді мәселеге азаматтық пікірін білдіріп, қайырымдылық секілді игі істердің басында жүреді. «Адырна» ұлттық порталы қоғам белсендісімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

- Сәкен аға, алғашқы сұрақты елімізде болып жатқан ахуалдан бастасақ. Сіздің ойыңызша біздің мемлекет індетпен күресуге дайын болды ма? Жалпы пандемияға байланысты ойыңыз қандай?

- Бұл індетке тек біздің Қазақстан емес, жалпы әлем дайын болмады ғой. Коронавирус алпауыт елдердің өзін есеңгіретті. Өткенде біреу қалжындап «COVID-19-дың келетінін бірде-бір көріпкел айтпады ғой»,-деп еді. Сол секілді бұл әлемдік пандемияның болатынын ешкім білмеді, оны тіпті күтпеді. Бір жағынан Алла Тағала ненің қайырлы екенін білуші.  Вирус мемлекет болып одан әрі нығайуымызға, ізденістің жолына түсімізге, тәубеге келуімізге себепкер болғандай. Ол барлығымызға бір орында тұрып қалмай, алға жылжу керектігін түсіндірді. Десе де, осы бір қысқа уақытта көптеген ірі тұлғаларымыздан айырылып қалдық. Бүгінде олардың орындары  ойсырып тұр. Алайда, адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады. Адам баласы Алла Тағаланың өлшеп берген ғұмырынан бір минут артық я бір минут кем өмір сүрмейді. Сол себепті, шүбә келтіріп, күпіршілік айтуға хақымыз жоқ. Дұға-тілегімізде ендігі қалған ел жұртымыздың аман болуын тілейміз. Осы бір кезеңде жандарын шүберекке түйіп, вируспен күресіп жүрген ақ халатты абзал жандарға алғыс айтамыз. Алла  індеттен төрт көзіміз түгел, аман-есен шығуымызды нәсіп етсін.

- Халықтың нағыз ауызбіршілігі сыналар шақта біз өзара жұмыла алдық па?

- Халқымызда жылу жинау, асар сынды дәстүрлер бұрыннан бар ғой. Сонымен қатар, биылғы жылды волонтерлар жылы деп жарияладық. Вируспен күресуде қаншама адам өзара бірігіп, қайырымды істер жасады. Елімізде оттегі аппараттары тапшы болған кезде «Шұғыла», «Зекет» қорлары, Айнұр Тұрсынбаева, Дәулет Төлеутайұлы секілді белсенділер білек сыбана ақша жинауға кірісті. Сонымен қатар, BI Group, SemeyCement сынды ірі компаниялар мен кәсіпкерлер қомақты қаржы аударды. Олардың арасында аттарын айтпауды өтінгендері де бар. Осылайша 4000 дана оттегі аппаратын сатып алуға жетерлік қаржы жиналды. Осының өзі біздің ауызбіршілігімізді білдіреді деп ойлаймын.  Жалпы су тасқаны кезінде де, Арыста жарылыс болғанда да біздің халық өзара жұмылып,зардап шеккендерге көмек көрсетті.  Алдағы уақытта бірлігімізді жоғалтып алмай, оны өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетуіміз керек.

- Күні кеше алматылық дәрігерлерге бір тонна қымыз тараттыңыз. Не себепті бұл сусынды таратуды жөн көрдіңіз? Осы орайда «Шұғыла» қоры туралы да айта кетсеңіз.

- Мына бір қиын кезеңде қол қусырып, шет қалмайық деп «Шұғыла» қорымен біріктік. Қорға өнердегі қаншама азаматтар мен азаматшалар атсалысты. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса дакөмектесейік деген ниетпен Ерғали Әбдірайымов, Мейрамбек үшеуіміз ақылдаса отыра,  есепшот аштық. Аллаға шүкір, 10 миллион теңге қаржы жиналды. Бір адамға көмектесудің өзі - үлкен сауап. Ал қымыз таратуға келетін болсақ, бұл сусын біздің бабамыздан қалған мұра ғой.  Медицина қымыздың орасан зор пайдасын әлдеқашан дәлелдеп қойды. Осылайша, күні-түні еңбек етіп жүрген дәрігерлерімізге күш қуат беріп,қолымыздан келгенше қолдағымыз келді.

- Жақында қымыз сату кәсібін қолға алдыңыз. Ұлттық сусынымызды насихаттау идеясы қалай келді?
- Қымыз – ұлы даланың ұлы қазынасы. Мен халыққа пайдасы бар халал өнімдерді шығарумен ғана айналысамын. Бір отырыста қымызымызды ішкен қарындасымыз «Аға, қымызыңыз сән екен»,- деп еді.  Содан бері қымыздың атын«Сәкеннен сән қымыз» деп атап кеттік.  Қазіргі таңда ұлттық сусынымызды насихаттап, табиғи таза өнімді халыққа ұсынуды қолға алған жайымыз бар.
- Ал қайырымдылық шараларына балаңызды ертіп жүресіз бе?
- Әрине, қайырымдылық жасарда балам қасымда жүреді. Тек сөзбен айта бермей, іс жүзінде де көрсетіп, ертіп баратын жерлерім өте көп.  Бизнесімнің аз-көп жұмыстарын атқарарда ұлымның кеңестеріне жүгінемін. Қанша дегенмен, жастар заманауи тұрғыдан ойлайды ғой. Екеуміз бір-бірімізге ақылшымыз деп айтсам да болады. Елімізде «әуп» деп демеп жіберсек, өздері әрі қарай алып кететін алғыр жастар көп. Жақында сондай жандарға көмектесу мақсатында кішігірім бір байқау жарияладым. Оған Алла қаласа баламды да ертіп бармақпын.
- Игі іспен айналысып жүрген жандардың ішінен кімдердің есімін ерекше атай аласыз?
- Енді адамды алалауға болмайтын шығар. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды»,- дейді. Көп адам шамасы келгенінше көмектеседі. Сондықтан да тек осындай адамдар жақсылық жасайды, қалғандары қол қусырып отырады деп айта алмаймын.  Жалпы адамға күліп қараудың өзі  жақсылық жасаудың төресі болып саналады ғой. Жымию - сүннет. Жақсылық тек материалдық тұрғыдан көмек берумен өлшенбейтінін ұмытпау керек. Ата-анаңның бабын табудың өзі, көршіңмен жақсы қарым-қатынаста болудың өзі үлкен сауапты іс болып саналады.  Сол себепті жақсылық жасап жарысайық дегім келеді.
- Жалпы сіздің түсігіңіздегі жақсы адам қандай қасиеттерге ие?
- Жақсы адамды қызметіне қарап емес, жасаған ісіне қарап танимыз. Өз басым кез келген адаммен амандасып өтуге тырысамын. Мен үшін адамның мансабы мен дүниесі маңызды емес. Адам қандай қызметте болса да кішіпейілдігін жоғалтпау керек. Кезінде Қонаев атамыз кабинетіне кім келсе де орнынан тік тұрып амандасқан.  Мен бір үлкен тойхананың автотұрағында жұмыс жасайтын азаматты білемін. Ағамыз мені көргенде «Сәкен, қазақтың жері таласқа түскенде, бірден-бір бас көтерген азаматтың бірі болдың. Сол себепті, көлігіңді қоюға жер табылмай қалмасын деп жұма, сенбі, жексенбі күндері саған орын алып қоямын»,- дейді. Ағамыздың ақ пейіліне, көңіліне еріксіз риза боласың! Қарапайымдық - ең құнды дүние. Алла Тағаланың алдында барлығымыз да бірдейміз. Оны ешқашан ұмытпауымыз керек. Жақсы адам әкесін қастерлеп, анасын ардақтауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, жақсы адам - үнемі шүкіршілік айтып, тәубесіне келіп жүретін адам.
- Коронавирусты жеңгеннен кейін қоғамымыз өзгеріп, адамдар   мейірімдірек бола бастайды деп ойлайсыз ба?
- Ай,қайдам (күліп). Алла Тағала адам баласын ұмытшақ етіп жаратқан ғой. Біз індетті жеңгеннен соң, бұрынғы қалпымызға келіп, еркіндікпен еркелеп кететін сияқтымыз деп те ойлаймын. Десе де, аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді. Мына бір оқиғаны айта кетейін. Өнер адамдары  наурыз, сәуір айларында кәсіпкерлермен бірігіп, көптеген жобалар жасады. Үй-үйді аралаған кезде кішкентай бүлдіршіндердің бастарынан сипап, қазақтың нар тұлғасына айналсын деген ниетпен батамызды бердік. Олармен ойнап-күліп, көңілдерін аулауға тырыстық. Ертең сол балапандар қайырымды адам болып өссе, елімізде мұқтаж жандар қалмайтын еді деп ойлаймын. Әрине, осы тұста коронавирус бізді біріктіре алды.
- Аға буын ретінде артыңыздан ерген өскелең ұрпаққа айтар тілегіңіз болса..
- «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген мақалды үнемі алға тартып, ұрандатып жүремін. Біз бір бүтін ел болуымыз қажет. Идеяларымызды бір арнаға тоғыстырсақ, біраз дүниені жасай аламыз. «Қыз Жібек» фильміндегі «Сол жерге сыймай жүрген жоқпыз, сыйыса алмай жүрген жоқпыз ба?!» – деген сөз әлі де өзектілігін жойған жоқ. Мен әлеуметтік желіде сөз таластырып, белден төмен бағдарламаларды талқылайтынымызғауайымдаймын. Біз керісінше жақсылыққа жаршы болуымыз керек. Ұлы халық екенімізді көрсету үшін бірігу қажет. Осы орайда Елбасының «қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген сөзі ойға оралады.  Аллаға шүкір, кез келген елдің алдында жүзіміз жарық. Бізге тек ауызбіршілік жетпейді. Алла бейбіт елде баянды ғұмыр кешуді нәсіп етсін!

- Сұхбатыңызға рақмет! Аман болыңыз!

Әңгімелескен: Диана АСАНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер