Адам анатомиясы мен физиологиясы, олардың құрылымы, әрбір органның атқарарқызметі өте қызық. Әрбірі бір-бірін толықтырып, байланысып жатыр. Деннің саулығы мен барлық ағзаның бүтіндігіне ештеңе жете қоймас, десе де, медицинаның бүгінгі мүмкіндіктерінің арқасында кейбір жандармынадай органдарсыз да өмір сүре алады екен:
Көкбауыр
Бұл орган іштің сол жақ шетінің артында орналасқан. Көбінесе оны жарақаттанғанда алып тастайды. Қабырғаға жақын орналасқандықтан, ішкі жарақатқа өте сезімтал келеді. Оның сыртындағы капсула өте жұқа. Егер капсула жыртылса, көкбауырдан қан ағып кетеді. Мұндай жағдайда көкбауырды алып тастамаса, соңы өлімге әкелуі мүмкін.
Сіз көкбауырсыз да жайлы өмір сүре аласыз. Себебі эритроциттер мен олардың компоненттерін өңдеуде маңызды рөлді бауыр атқарады.
Асқазан
Асқазанда қатерлі ісік пайда болса немесе ауыр жарақаттанып қалса, оны хирургиялық жолмен алу керек. Мұндай жағдайда өңешті тікелей аш ішекке бекітеді. Асқазанынан айрылған жан қатаң түрде диетаға отыруы тиіс.
Жыныс мүшелері
Ұрықтың біреуін, кейде, тіпті, екеуін бірдей, сол секілді аналық безді көбіне қатерлі ісік пен спорт, жол-көлік оқиғалары салдарынан болған жарақатты жою үшін алып тастайды. Әсіресе, әйел затының жатырын алып тастайтын жайттар көп кездеседі. Бұл процедурадан кейін (гистерэктомия) әйел балалы бола алмайды, сондай-ақ етеккір циклі де тоқтайды. Бір қызығы, кейбір ерлер популяциясында екі ұрықты алып тастаған жағдайда өмір сүру ұзақтығы артатын көрінеді.
Тоқ ішек
Қатерлі ісік немесе басқа да аурулардың болуы ішектің бір бөлігін немесе барлығын алып тастауға әкелуі мүмкін. Көптеген адамдар мұндай операциядан кейін өз-өзіне келіп, оңалып кетеді. Бірақ олар ішек қызметінің өзгергенін анық байқайды. Қатаң түрде диета ұстаса, өзін әрқашан жайлы сезіне алады. Бірақ мұндай науқастар үшін кейбір тағамдарға өмір бойы тыйым салынады.
Өт қабы
Өт қабы бауырдың астында, іштің оң жақ жоғарғы бөлігінде, қабырға астында орналасқан. Ол өтті сақтап тұратын қапшық.
Өт құрамындағы холестериннің мөлшері артып кетсе, ол тасқа айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда өт қабын алып тастау керек. Операция холецистэктомия деп аталады. Мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын әлем бойынша жарты миллионнан астам адам осындай операцияны бастан кешеді.
Аппендикс
Аппендикс – пішіні құрт тәрізді, тоқ ішектің бастапқы бөлігінде болатын құрылым. Бастапқыда оны қарапайым қосымқа құрылым деп санап, кейіннен ішек бактерияларының сонда жиналатынын анықтады. Олар сол жерде тыныш өсіп, қажетті уақытта әдеттегі ортаға қайта кіре алады.
Аппендикске бактериялар қатты нәжіспен бітеліп қалса, не ұлғайған лимфалық түйіндер саңылауды бітеп қойғанда қабынуға әкелуі мүмкін. Бұл аппендицит деп аталады. Ауыр жағдайларда аппендиксті хирургиялық жолмен алып тастау керек. Десе де, аппендиксі бар адам операциядан бұрынғы өмірі мен одан кейінгі өмірінің айырмашылығын байқамайды.
Бүйрек
Екі бүйректің бар екендігі белгілі. Бірақ біреуімен, тіпті, бүйрексіз, диализ арқылы өмір сүруге болатынын білсеңіз керек?
Адамның бір немесе екі бүйрегін бірдей алып тастаудың көптеген себептері бар: тұқым қуалайтын жағдайлар, есірткі мен алкоголь салдарынан, кейде инфекция түскен жағдайда болады. Егер екі бүйрек те жеткіліксіз болса, дәрігерлер диализге жүгінуді ұсынады. Диализ арқылы өмір сүру ұзақтығы 5 жылдан 20 жылға дейін созылуы мүмкін.
Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы