Wi-Fi-ды ойлап тапқан Голливуд жұлдызы

1330

Актриса, өнертапқыш Хеди Ламаррдың өмір жолы

Хеди Ламарр – экран арқылы миллиондардың жүрегін жаулаған актриса ғана емес, күллі адамзат игілігіне жарап тұрған GSM, GPS, Bluetooth және Wi-Fi 802.11-дің пайда болуына әсер еткен өнертапқыш. 1942 жылы ол сигнал беру арнасы динамикалық түрде өзгеретін байланыс жүйесін ойлап тапты. Алайда, оның бұл тапқырлығы жарты ғасыр өткен соң ғана мойындалып,  ұялы байланыс пен Wi-Fi-дың пайда болуына негіз болды.

Хедидің өмірі сан сүрлеулі, қызықты. Тірісінде оның артынан талай «аңыз», «миф» еріп, ылғи басы дауға қалып жүрген. Егер оның өмірі жайлы фильм түсірілсе, бұл істі ешкім батылданып қолға алмас еді. Оның ең алғашқы эротикалық фильмге түсуі мен әркімнің бағына бұйыра бермейтін Голливудтағы бас айналдырар атағы, уыс-уыс гонорары, саң мыңдаған табынушылары, мұның бәрі де адамзат өміріне түбегейлі әсер еткен GSM, GPS, Bluetooth және заманауи Wi-Fi жүйелерімен салыстырғанда, екінші деңгейге ысырылып қалады.

Хедвиг Ева Мария Кислер 1914 жылы Венада еврей отбасында дүниеге келген.  Банк жүргізушісі Гертруда мен пианист Эмиль Кислердің жалғыз қызы 16 жасқа толғанда,  театр мектебіне түсіп, киноға түсе бастайды. Еуропалық «Экстаз» фильміндегі ашық сценалы ролімен оны бүкіл ел танып, табалай бастайды. Себебі ол уақыттарда мұндай фильмдер мүлде жоқ, әрі көрермен де қабылдай алмайтын. Нәтижесінде бұл картинаны бірқатар мемлекеттерде көрсетуге тыйым салынып, бірнеше жылдан кейін цензураның сүзгісінен әбден өтіп қана көрерменге жол тартады.

Фильм шыққан жылы ата-анасының мәжбүрлеуімен жас қыз үлкен қару өндіретін австриялық миллионер Фриц Мандлға тұрмысқа шықты. Күйеуі ең бірінші  жанжалды фильмнің бүкіл көшірмесін сатып алуға тырысты.

Мандл Версаль шартын бұза отырып, Германия мен Венгрияның жаңа қару-жарақ жүйелерін сатып, өзінің жағдайын төмендетіп алады. Бұл жағдай

Хеди екеуінің қарым-қатынасына әсер етпей қоймайды.

 

Сыртынан қарағанда Хеди сән-салтанатқа көміліп, ғажап қамалда тұратын, өмірі ертегідей жанға ұқсайтын. Бірақ оған жары Мандл әдеттегідей жоғары классты көлікке немесе асыл тұқымды тұлпарға қарағандай көзқарас танытушы еді. Ал ақылы көркіне сай Хеди құр қуыршақ болуды қаламайтын.

 

Мандл  қуыршақтай әйелін өз серіктестеріне көрсетіп, мақтануды жаны сүйетін. Хеди, тіпті, техникалық жиналыстарға да қатысатын. Сұлулығымен барлық жанның есін алып қана қоймай, жиында айтылған барлық пікір, ойды есіне сақтап алатын. Өйткені оған бұдан өзге интеллектуал орта мен таным кеңейтер әңгіме айтатын кештер жоқ еді.

Мандлдың зертханалары негізінен қару жасаумен айналысатын. Кейін белгілі болғандай, ол сол жерде жүріп техниктер талқылайтын мәселелердің мәнін терең түсініп қана қоймай, көп нәрсені байыптап, жинаған тәжірибесін кейін ұтқыр, әрі қарапайым жаңалық жасауда кәдеге жаратқан екен. Бірақ оның бұл жаңалықтың толықтай бітіп, таралуына әлі деп уақыт бар еді. Сол сәттерде ол алтын тордағы өмірден әбден мезі боп, тек құтылудың ғана жолын қарастырып жүрген-ді.

Төрт жылдық сәтсіз некеден кейін, күтушісіне ұйықтатын дәрі қосып беріп, оның формасын киіп алып, фрау Мандл қосымша есіктен қашып шығады.

Күйеуінің кеңсесіндегі әңгімелерден кейін әскери қауіптің ауқымына әбден қанық ол Еуропада қалуға жүрексініп, «Нормандия» пароходымен Лондоннан Нью-Йоркке қарай бет алады.

Атышулы дебютінің салдарынан оның аты ұмытыла бастағандықтан, ол Голливудтың табалдырығынан да аттай алмайды. Публика жақсы қабылдап, репутациясы дұрыс болуы үшін өз есімін ауыстырады. Сонымен, Хедвиг Кислер бір сәтте Хеди Ламаррға айналып шыға келеді.

 

Бұдан кейінгі оқиғалар адам айтса ғажайыпқа айналады. Ол кезде ешкімнің түсіне де кірмейтін мансап жолындағы алғашқы – ­$ 30 миллионға қол жеткізеді. Айтпақшы, ол осындай табысқа кенелткен алғашқы келісімшартына сол «Нормандия» бортында қол қояды. Кейін MGM студиясының негізін қалаушы Луи Мейермен бірлесе жұмыс істейді.

 

Осы уақытта дүниежүзілік соғыстың алауы жалындап, фашизмнің өрті  Еуропаны жалмаған болатын. Хеди өз отанында болған жайдың бәрін жүрегіне жақын қабылдады. Өйткені ол еврей еді. Сондықтан Құрама Штаттарда қорғаныс қабілетін нығайту шаралары аясында Ұлттық өнертапқыштар кеңесі құрылған кезде, ол бірден кеңеске өз қызметін ұсынуға шешім қабылдайды. Оның басында миллиондаған идеялар өндіріліп жатты және ол бар жүрегімен фашизмді аяғымен жаншуды қалады. Кедергіге төзімді радиобайланыс технологиясын жасау ол үшін оп-оңай болады. Таратқыш пен қабылдағышты қалайда синхорнизциялап, кең ауқымда жиілікті кездейсоқ түрде өзгерту керек екендігін ойлап табады.

Кеңестің бұл идеяға көзқарасын анықтау қиын емес. Олар күлімкөз Голливуд сұлуына қорғаныс облигацияларын сату үшін өзіне табиғат берген сыйды пайдалануға кеңес беріледі.

 

Ол расымен де 7 миллион жинай алды: 25 мың төлеген адам оның сұлулығына қарап, бетінен сүйе алатын. Иә, оған ниет білдірушілер де көп болды. Бірақ оның идеялары Джордж Антейлмен кездескенше сұранысқа ие болмай қалды.

Америкалық авангард композитор Джордж Антейль өзі секілді өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жандар секілді жиырмасыншы жылдардың басында Парижге көшіп келді. Онда даңққа кенеліп, тіпті заманауи өнердің белді өкілі Соломон Гуггенхаймның стипендиясын алды. Пабло Пикассо, Джеймс Джойс, Эзра Паунд сынды танымал адамдармен жақсы араласты. Берлин симфониялық оркестрінің шақыруымен Джордж Антейл Германияға көшіп, Стравинскиймен кездесіп, Гитлер режимінің күшеюін өз көзімен көреді. 1936 жылы Америкаға оралып, екінші дүниежүзілік соғыс туралы болжамды кітап жазады.

1940 жылдың жазында, керемет кештердің бірінде, Хеди Ламарр Джордж Антейлмен танысады. Екеуі де соғыс кезінде адамдарға қалай көмектесу керек екенін ойланып, әңгімесі жараса кетеді. Ламаррды ең алғаш мұқият тыңдаған адам осы композитор болды. Көп ұзамай екеуі қайта кездесіп, Хедидің ұзақ күткен идеясы қолдау тапты.

Ол кезде микроэлектроника атымен жоқ еді. Бағдарламаланатын жалғыз құрал – механикалық рояль! Оның механизмі теңіз торпедасының корпусына сыятындай ықшамды болды. Бұл өнертабыс тағы бірнеше ай бойы егжей-тегжейлі пысықталып, өтінім 1940 жылдың желтоқсанында Ұлттық өнертапқыштар кеңесінің төрағасы Чарльз Кеттерингке жіберілді.

 

Өтінім Кеттерингтің жетекшілігімен дайындалған жүздеген мың басқа өнертабыстардың ішінен іріктеліп, 1942 жылы тамызда «Құпия хабарлама жүйесіне» АҚШ-тың №2,292,387 патенті берілді.

 

Қос автор гонорардан бас тартып, үкіметке сыйға тартты. Өкінішке орай, бұл өнертабыс өз уақытынан әлдеқайда ерте туған екен. АҚШ Әскери-теңіз күштерінің басшылығы патентке күмәнмен қарады. Олар жылдар бойы бұл нәтижелі істі құпияда сақтады. Жиілікті секіру концепциясы тек соғыстан кейін электрониканың дамуымен қайта жанданды.

1957 жылдан бастап Сильвания фирмасының инженерлері механикалық компоненттердің орнына жартылай өткізгіш компоненттерді пайдалана отырып, "құпия хабарламалар жүйесі" идеясымен тәжірибе жасап, "Кеңжолақты сигнал" термині пайда болды. Сексенінші жылдардың ортасында Пентагон бірқатар патенттердің құпиясын ашты, сол сәтте ғана "Кеңжолақты сигналдың" артықшылықтары азаматтардың тұтынуына қол жетімді болды. Бұған CDMA радиотелефоны қазіргі кездегі ең белгілі мысал бола алады.

1959 жылы  Джордж Антейл өнертабыстың тағдырын, келешегін білмесі қайтыс болды. Хеди Ламарр бұдан кейінгі бес сәтсіз некесінен кейін (Фриц Мандлды есептемегенде) бүкіл байлығынан айрылып, Флоридадағы қарттар үйінде қайтыс болды.

 

Енді, осындай нәзік жандының жасаған істерін санамалай отырып, оның көз тоймас сұлу актрисалығынан бөлек, ерекше тұлғасын да танысақ:

- біз оның ойлап тапқан өнертабыстарын күнделікті пайдаланамыз;

- GSM, GPS, Bluetooth және Wi-Fi 802.11 секілді таптырмас жүйелердің негізін жасады;

- ол ашық байланыс арналары үшін ақпаратты шифрлау принциптерін ойлап тапты;

- оның арқасында сіз өз Wi-Fi каналыңызда  өзге біреу "отыр" деп қорықпайсыз.

 

Хеди Ламардың өнертабысы болмаса, әскери спутниктер ұшпайтын, ұялы телефондар жұмыс істемейтін, ал навигациялық жүйелер туралы айтудың қажеті де жоқ.

Иә, бәлкім, мұның бәрін өзге біреу соңына дейін жүзеге асырған болар, бірақ бір факт ­–  идея голливудтық жұлдыздыкі екені даусыз.

Жұлдыздың бұл керемет ісін энтузиастар кездейсоқ біліп, Хедиді Конгресстің құрмет медаліне және IEEE наградасына ұсынады. Бірақ қолдау таппайды.

Тек 1997 жылы Electronic Frontier-дің наградасына ие болды. 82 жастағы актриса «Дәл уақытында бердіңдер!» - деп реніш танытып, марапаттау рәсіміне қатыспайды. Журналистерге сұхбат та бермейді.

Сыйлықты жалғыз ұлы Энтони Лоудер алады.

 

Хеди Ламарр кинемотографияға қосқан үлесі үшін Голливудтың Даңқ аллеясында өз жұлдызын иемденді. Ал 9 қараша – актрисаның туған күні – АҚШ-та өнертапқыштар күні ретінде белгіленді.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы