"Мәңгі Путинге жол жоқ!" акциясына шыққан жүзден астам адам ұсталды (видео)

2337
Adyrna.kz Telegram

15 шілде күні кешкісін Мәскеуде өткен "Мәңгі Путинге жол жоқ!" акциясының жүзден астам қатысушысы ұсталды.Акция Ресей Конституциясына өзгерістерді енгізуге қарсы болған белсенділер тарабынан ұйымдастырылды.

Шара кешкі сағат жетіде Пушкин алаңында басталды. Оған жүздеген адам қатысты. Акция ұйымдастырушылар Мәскеу мэриясына митинг өткізу жөнінде өтініш түсірген. Бірақ билік рұқсат бермеді. Осыдан кейін ұйымдастырушылар кездесу форматында өткізуді шешкен.

Акция басталғаннан екі сағат өткеннен кейін қатысушылар Тверь көшесін бойлай жүріп өтпек болды. Бірақ олардың жолын полиция жасағы бөгеді. Ұсталғандардың көбі дене жарақатын алғанын жеткізді.

Жалпы Мәскеу бойынша 103 адамның ұсталғаны хабарланды. Олардың арасында Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Марина Литвинович, "Ашық Ресей" ұйымының атқарушы директоры Андрей Пивоваров, Мәскеу мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Сергей Фёдоров, муниципалдық депутат Юлия Галямина және оның қызы бар.

Акцияға бірнеше сағат қалғанда, Мәскеудің Таган аудандық соты Галяминаны митинг өткізу тәртібін қайталап бұзды деп танып, 200 мың рубль көлемінде айыппұл салған.

Акция Санкт-Петербург қаласында да өткен. Әзірге онда ұсталғандар жөнінде мәлімет жоқ.

Ресейдің Конституциясына өзгерістер енгізу жөнінде биыл қаңтар айында ел президенті Владимир Путиннің өзі ұсынған. Ол өзгертулер жалпы халықтық дауыс беру бойынша өту керек екенін айтқан.

Орталық сайлау комиссиясы таратқан ресми мәліметке сәйкес, дауыс беру нәтижесі бойынша өзгерістерді сайлаушылардың 78 проценті қолдаған, 21 проценті қарсы болған. Дауыс беруге сайлаушылардың 65 проценті қатысқан.

Өзгертулер күшіне енгеннен кейін Ресейдің Конституциясы халықаралық құқықтардан жоғары болып, ел басшысының осыған дейінгі президенттік мерзімі жойылады. Бұл Владимир Путинге тағы екі рет президенттік сайлауға түсуіне мүмкіндік береді.

"Адырна" тілшісі  бұған дейін Путиннің империялық  пиғылын айқын көрсететін қағидаларын жазған болатын.

Centralasia.org

Пікірлер