Ұлттық аза тұту күніне

980

Жаны алқымға тығылып,
Жете алмай ауруханаға,
Қынадай халық қырылып,
Қырылдап қалды далада!

Кешірші бізді, кәрі ана,
Кешірші бізді, жан-аға!
Зар болып, өлдің далада,
Бір жұтым таза ауаға!

Өзіме қарсы денем бұл,
Шығарма дейді даусыңды.
Коронавирус деген бір
Көрінбес көзге жау сынды.

Бір жұтым ауа... аңсаған,
Шырылдап шыбын жан тәтті-ай.
Мерт болды бүгін қанша адам,
Соғыста кеткен солдаттай?!

Мәйітке толды көр іші,
Марқұм боп қазақ-орысы.
Адам мен вирус соғысы –
Короновирус соғысы!

Қоршауды бұзып-жарып шық,
Соғыста жеңіп, тез орал!
Халқымды аман алып шық,
Дәрігер дейтін генерал!

Бітеді қашан бұл жұт-ай,
Келе ме соңғы сәт таяп?!
Әлемді қырды-ау қу Қытай,
Халыққа бір оқ атпай-ақ!

Зиратта зарлап зәузаттар,
Жанына келе алмадық.
Арманда кеткен аруақтар,
Арулап көме алмадық.

Боздады халық, болдырды,
Шығады қайдан тағы шу?!
Көз жасы ма екен көп жылғы,
Кеудені қысқан сары су?!

Бұл билік – сиыр сүті жоқ,
Малшысы... қой, қой, айтпа, ойбай!
Дәрісін сатты-ау Үкімет,
Соғыста оғын сатқандай!

Түтінін улы жұтып ек,
Зауыттар пешін жаққанда.
Отшашу атты-ау Үкімет,
Оттегі жетпей жатқанда?!

Ауысар қашан бұл билік,
Емес қой елім тілсіз құл?!
«Үнсіздік – дейді-ай – 1 минут?»,
30 жыл халқым үнсіз жүр!

Жылайын десем, жас емес,
Қан толы көздің ішінде, ей!
Жүрегім менің... тас емес
Елбасы ескерткішіндей!

Бәріне «дұғай сәлем» де,
Ауырма, аман бол, балам!
Болайын мен-ақ, әлемде
Бұл дерттен өлген соңғы Адам!

Ауырған жандар түсінер,
Атаңа нәлет, бәріңді!
...Ішіп өл өзің, ішіп өл,
Қоймаңа тыққан дәріңді...

 Алмас Темірбай

12.07.20

Пікірлер
Редакция таңдауы