Радио - үлкен сала. Ол интернет жоқ кезде ақпарат таратудағы ең жылдам құрал болатын. Десе де, радио сол қызметін әлі де мүлтіксіз атқаруда. Әсіресе, ғаламтор жете қоймаған қойнаудағы қазақ ауылдары мен жолға шыққан жолаушылар радио арқылы жаңалық естіп, ақпарат алып отыр.
«Адырна» ұлттық порталы Ұлттық домбыра күніне орай «Қазақ радиолары ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр ме?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Қазақтың үнін қазаққа жеткізіп жатқан «Қазақ радиосының» орны қашан да ерекше. Оның «Алтын қоры» халық ауыз әдебиеті мен дәстүрлі әндерге бай. Сіз «Атадан қалған асыл сөз» бағдарламасын тыңдай отыра, халқымыздың даналығымен, халық ауыз әдебиеті мұраларын зерттеген Ы.Алтынсарин, М.Әуезов,С.Сейфуллин сынды тұлғалардың еңбегімен етеңе жақын таныса аласыз. «Қазақ радиосының» "Ән-домбыра", "Халық үні", "Сәуле ғұмыр" бағдарламары көпшіліктің көңілінен шықты.
«Шалқар» радиосы – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани-мәдени бағыттағы радио. Радионың халық музыкасын жиі беретіні қуантады. Эфирде "Айтыс" және "Күй шашу" бағдарламалары бар. «Замана бұлбұлдары» айдарынан Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов,ал «Бізге қымбат дауыстар» айдарынан Жамал Омарова, Роза Бағланова сынды саңлақтардың концерттері беріледі.
«Астана» радиосы – жастар мен елорданың тыныс-тіршілігіне арналған радио.
Эфирдегі жалпы уақыты – 19 сағат. Хабарлардың 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде шығарылады. Эфирде ән сапасын талқылайтын «Әнтұмар», халық қалаулылары мен қоғам қайраткерлері ой бөлісетін «Арнайы қонақ» бағдарламалары бар.
«Классик» радиосы – классикалық музыка мәдениетіне негізделген радио. Қазіргі таңда эфирде «Кертолғау» бағдарламасы көрсетіледі. Хабар аптасына 2 рет шығады. Бағдарлама қазақтың ежелден келе жатқан аңыз әңгімелері мен салт-дәстүрлерін музыка арқылы жеткізіп, олардың мән-мағынасын ашады.
Тек қазақ тілінде хабар тарататын радионың бірі - «Жұлдыз FM» радиосы. Жастар арасында танымалдылыққа ие. Ерекшелігі - әр сағат сайын екі мәрте күй ойналады. Бұл радио заманауи форматта болғанына қарамастан, дәстүріміз бен мәдениетімізді насихаттауда.
Өкінішке орай, "NS радиосы", "ORDA FM”, “Love Radio”, “Energy FM”, "Tengri FM” сынды радиоларда ұлттық болмысымыздың сақталуына қызмет ететін бағдарламалар жоқтың қасы. "Неге?" деген сұраққа "Форматымыз басқа" деген жауап алдық.
Осы орайда радионың дамуына үлкен үлес қосып жүрген журналистерден пікір алуды жөн көрдік.
Электронды БАҚ ұлттық құндылығымызды дәріптеуге қаншалықты атсалысып жатыр?
Дулат АБИБУЛЛАЕВ, "Қазақ радиолары" ЖШС Бас редакторы, "Қазақ радиосы" радиоарнасының директоры:
- "Қазақстан" телерадиокорпорациясына қарасты, 100 жылдық тарихы бар «Қазақ» және 60 жылдық тарихы бар «Шалқар» радиоарналары - елдегі ұлттық дәстүрді, қазақи құндылықтарды терең дәріптейтін бірден-бір бұқаралық ақпарат құралы деп айтуға толық негіз бар. Қазақ радиосында қазақтың жыршы-жырауларына, батырларына арналған "Інжу-маржан" бағдарламасының 600-ден астам саны шықты. Бұл хабарда бұрын еш жерде жарияланбаған деректер жырмен өріліп беріледі. Сондай-ақ, Шалқар радиосынан "Күй шашу", "Ән-домбыра", "Абай ғибраты" секілді хабарлар тыңдарианға бұрыннан таныс. Бұдан бөлек, екі радиода да кешке аудиокітаптар оқылады. Қазір Шалқар радиосынан күнделікті "Абай жолы" романы, ал Қазақ радиосынан Х.Есенжановтың "Ақжайық" романы берілуде. Бұған дейін Абайдың қара сөздері, Т.Ахтановтың "Боран" романы аудиокітап ретінде әуе толқынынан шықты. Қазақ радиосының "Алтын қорында" ақын-жазушылардың көптеген дауыстары мен дәрістер сақталған. Біз сол дауыстарды өңдеп, бүгінгі заманның тыңдарманына лайықтап эфирден беріп отырамыз. Қазіргі таңда радиода "Алтын қордан" алынған "Дәуір үні" ,"Жүректің көзі ашылса", "Алтын қордан айтыс" деген радиохабарларымыз бар. Бұл бір ғасырдан бері жүргізіліп келе жатқан жүйелі жұмыстың бір ғана парасы және бұл үрдіс міндетті түрде жалғасады.
Гүлмира НАЛЫБАЙ, Қазақ радиосының журналисі:
- Келесі жылы 100 жыл толатын «Қазақ радиосы» ұлттық құндылығымызды осы күнге дейін насихаттап келді, әрі қарай насихаттай береді де. Біздің әр бағдарламамыз болмысымыз бен мәдениеттімізді дәріптеуге арналған. Мысалы, біз "Армандастар" бағдарламасын жүргіземіз. Хабарда ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, түрлі тақырыптарды қозғаймыз. «Қазақ радиосын» ұлтық құндылықтарымызды құрметтейтін жандар тыңдайды.
Гүлнұр ОМАРХАНҚЫЗЫ, «Шалқар» радиосының журналисі:
- «Шалқар» ұлттық арнасы - тек қазақ тілінде хабар тарататын еліміздің ең қымбат қазынасы. Радионың басты мұраты – халқының асыл жауһарларын, ұлттық мүддесін, табиғи болмысын cүбелі хабарлары арқылы саф күйінде жеткізіп, Алтын қорында сақтап қалу. «Шалқар» радиосының жүгі өте ауыр. Өйткені, елінің сенімін арақалап, үмітін үкілеп келеді. «Атадан қалған асыл сөз», «Ғасыр ғибраты», «Киелі Қазақстан», «Айтыс» «Ән домбыра», «Дәстүр» және елі арқа сүйеген арда азаматтарды, белгілі тұлғаларды тәрбиелеп, небір қиындыққа мойымай, төзіммен жеткізген ананың болмысын суреттейтін «Бесігіңді түзе!», «Әлем әдебиеті», «Шалқар шаңырағында» тағы да басқа эфирде жүріп жатқан бағдарламалардың бәрі зор еңбекпен, үздіксіз ізденіспен жасалады. Радионы бала күнімнен тыңдадым. 2005 жылдан бастап радиожурналист болып қызмет етіп келемін. Радио жүрегімнің әуеніне айналды.
Нұрбек ҚАСЫМ, «Жұлдыз FМ» радиосының журналисі:
- «Жұлдыз FM» радиосының бүкіл болмысы ұлттық құндылықтарды насихаттап, тыңдарман арасында сапалы қазақи контент қалыптастыруға бағытталған. Эфирде "Таңғы шоу", "Кешкі шоу", "Сәлем саған, туған ел" бағдарламалары бар. Әндер арасына жаңаша интерпротациямен өңделген күйлерді қоямыз. Сонымен қатар, келген қонақтардан міндетті түрде қонақкәде сұрап, халық әндерін орындап беруін өтінеміз. Тыңдармандармен үнемі байланыстамыз. «Жұлдыз FM» - нағыз қазақтілді сөйлейтін, қазақша күліп, қазақша мұнаятын радио.
Мұса ЖЕКСЕМБИН, «Classic» радиосының аға редакторы:
- «Classic» радиосының миссиясы – жалпы адами құндылықтарды дәріптеу, мәдениетті дамыту, білім деңгейін көтеру, музыканы насихаттау арқылы академиялық музыкалық өнерді әр қазақстандыққа қолжетімді ету. «Классик» радиосының контентін ұлттық академиялық музыкамен толықтыру мақсатында былтырғы жылы ұлттық музыкалық мәдениетті дәріптейтін "Кертолғау" бағдарламасы ашылды. Сонымен қатар, отандық академиялық музыканың бұрынғы және заманауи өкілдерінің орындауындағы шығармалар туралы "Замана заңғарлары", "Замана жұлдыздары" және "Қазақстанның алтын дауыстары" айдарлары күнделікті эфирде шығуда. Өткен маусымның ортасынан бастап "Тікелей эфирдегі қонақ" бағдарламасында еліміздің ұлттық опера, балет, академиялық музыка өкілдері студиямызға келіп, сұқбат беріп жүр.
Халықтың сүйікті радиосы
Қазіргі таңда елімізде әуе толқындары көп. Ал халқымыз қай радионы сүйіп тыңдайды екен? Назарларыңызға оқырмандарымыздың пікірлерін ұсынамыз.
Қалжан Тарихова:
- Үйде ескі радиомыз бар. «Қазақ» және» Шалқар» радиоларын асүйде жүргенде міндетті түрде қосып қоямын. «Қазақ радиосы» жаңалықтарды өте жақсы береді, ал «Шалқарды» халық әндерін, күйлерді жиі қоятыны үшін тыңдаймын.
Мәди Жанғазиев:
-«Шалқар» радиосын тыңдасам, жастық шақтың ауылына барып қайтқандай болатыным бар. Нағыз ұлтжанды радио!
Серік Утебалиев:
- «Жұлдыз FM-ді» жақсы тыңдаймын. Осы толқындағы жүргізушілердің сөйлеу әдебіне, кез келген адаммен лайықты қарым-қатынас орната білетін біліктіліктеріне тәнтімін.
Жанар Абдишова:
- Бұрын Жасұлан, Мұхтар, Нұрбек деген жігіттер "Шалқарда" жұмыс істеген кезде күнде тыңдайтынмын. Қатысатынмын. Сол Мұхтар мен Жасұланның дауыстарын өте жақсы көретінмін. 2-3 жыл радионы тыңдамай кеттім. Сол балалар әлі сонда ма екен? Дауыстары тамаша, өздері сондай талантты еді. Бақытты болсын, қайда болса да..
Алтынай Нәлібаева:
- «Қазақ радиосын» тыңдаймыз. "Ескірмеген есті әндер", "Халық әндері" айдарымен берілетін бағдарламалар ұнайды. Бірақ, арасында жарнама өте көп болады. Әйтпесе, тәрбиелік бағдарламалары көңілден шығарлықтай.
Гүлнұр Маратқызы:
- «Авторадионы» көлікте жиі тыңдаймын. Заманауи әндері көңілімді көтереді. Сонымен қатар «Классик» радиосын ерекше атап өткім келеді. Классикалық музыкаларды тыңдай отыра, жаным рахаттанады.
Радио тарихын білесіз бе?
Қазақстан аумағындағы алғашқы радиостанция 1912 жылы пайда болды. Республикалық радио тарату тарихында Ташкент радиосының үлесі үлкен. Ол Түркістан өңіріне қазақ және орыс тілінде хабар таратты. 1921 жылы бүгінде ұлттық брендімізге айналған "Қазақ радиосы" пайда болды. Ал 1931 жылы Алматыда кеңтаралымды ұзақтолқынды радиостанция құрылды. Қазіргі таңда "Қазақ радиолары" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне "Қазақ", "Шалқар" , "Астана", "Классик" радиолары кіреді.
Бұл - бүгінгі радионың атқарып жатқан жұмысы. Ғасырлар өтсе де, ол өз құндылығын жоғалтпақ емес, себебі радио– халықтың дауысы. Айтары бар радиоларымызды тыңдар құлақ та көп болса екен..
Диана АСАНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы