Ғарифолланы тізімнен сыздыру кімге керек?

866

Кім білер, кімдер болар мейірім қанар,

Рухым сөнген менің қайта жанар.

Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп,

Кейінгі ұрпақтарым есіне алар, – деп Мұхит бабамыз жырлағандай, дәстүрлі ән өнері дүлдүлдерінің есімін ұмытпай, ел арасында насихаттап, ұлықтау – бізге парыз.

 

Дәстүрлі әнді сөз еткенде оның түп-тамырын, шығу тарихын айналып өте алмаймыз. Әрісі «Айнамкөз» деп ән салған Мұхит Мерәліұлы, сондай-ақ Ғарифолла Құрманғалиев сынды дүлдүлдер дүниеге келген өлкеде дәстүрлі әннің қанаты қайырылып, біраз уақыт кенже қалғаны да рас.

Осыдан тура екі ай бұрын газетіміздің №17 санында (Қаратөбе өңірі - ред.) «Мәдениет үйіне Ғарифолла есімі сұранып тұр» атты мақала жарық көрді. Бұл бастама әлеуметтік желіде қызу қолдау тауып, бізді бір қуантып еді. Аталған мәселені аяқсыз қалдырмай, әнші, жерлесіміз, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Сағадат Рахметжанов облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөліміне жолыққан болатын. Сөйтсе, ондағылар: «Соңғы бірер жыл көлемінде Мәдениет министрлігіне облыстан бірталай тарихи тұлғаның тізімін жібердік. Сол тізімнен Ғарифолла Құрманғалиевті Мәдениет министрлігі сызып тастапты»,  – депті. Сонда министрліктегілер Ғарифолланың еңбегін елемегені ме? Есімін тізімнен сызса, былтыр республикалық көлемде тойланған Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығы көзбояушылық болғаны ма? Бұл жағдайдан біздің аудан әкімдігі қалайша бейхабар?

Дәстүрлі ән мәселесі – жеке өнер адамдарының ғана емес, сол өнердің қанат жайып, тиісті бағалануына негіз болатын жалпы халықтық мәселе. Дәстүрлі ән өнері – халықтың рухани азығы, мәдениетіміздің ұлттық ерекшелігін айқын таныта алатын шоқтығы биік бөлігі. Алайда бәзбіреулердің көкелері мен туыстарына тұлғалар тізімінен ойып тұрып орын берілуі, ұлттық нақышты ысыра бастағаны, ұлт руханиятына осылайша қастандық жасалуы бізді шын ойландырады. Міне, осындай олқылықтарға байланысты дәстүрлі ән өнері төңірегінде ой қозғауды жөн көрдік. Өйткені баба есімі тізімге енуі керек, ел арасында насихатталуы қажет.

Қаратөбе өңірінде небір дүлдүл әншілер, күйшілер өмір сүргені бәрімізге белгілі. Өкініштісі, олардың басым бөлігінің мұрасы, есімі кешегі қанқұйлы саясаттың құрбанына айналды. Кеңес өкіметі кезінде рухани құндылықтарымыздың аса қатігездікпен, зорлықпен жойылуында астарлы саясат бар еді. Есімі ұмытылып кеткен тұлғаларымыз қаншама?

Елбасы «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры, тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп, жаңғырудың ұлттың рухани құндылықтардан, рухани тамырдан нәр алуы керектігін баса айтқан болатын.

Ұлттық кодымыз бізге қазақтың мәдени әлемі арқылы жетті. Әсіресе ұлттық музыка – ерекше қымбат қазынамыз, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні. Қаратөбе өлкесі – сал Мұхит пен әйгілі Ғарифолла сынды ұлы тұлғалардың туған топырағы. Сол ұлы бабалар мұрасы бүгінге кімдер арқылы жетті, зерттелу жайы қалай, лайықты деңгейде насихаттап жүрміз бе, сол мұраны рухани жаңғыру өзегіне айналдыру мақсатында алда қандай істер қолға алынуы керек? Міне, осы бағытта бастама көтеріп, үн қатқанымыз сол еді, артынша естіген жауабымыз осы болды.

Ғарекеңді тізімнен сыздыру кімге керек болды екен? Бұл жөнінде білмек болып, шәкірттері Сағадат Рахметжанов, Қайрат Какимов, Қажбек Бекболсыновқа, зиялы қауым өкілдері Ақұштап Бақтыгерееваға, қызы Меруерт Құрманғалиеваға хабарластық. Себебі біз бұны жылы жауып қоя алмаймыз. Өйткені біздің баба алдындағы парызымыз, ел алдындағы міндетіміз осындай ұлы тұлғаны дәріптеу, насихаттау болып табылады.

Бұл күндері Ғарекеңнің мектебі өзінің жалғасын тауып, өркендеу үстінде. Қазақстанның көптеген оқу орындарында оның атында сыныптар ашылып, сабақтар жүргізілуде. Шебердің өнерін жалғастырушылар қатарында елімізге белгілі әншілер Қ.Бекбосынов, Қ.Құлышева, Қ.Берді­ға­лиев, К.Тасболатов, Қ.Өтеғалиев, С.Жан­пейі­сова, С.Мырзабаева, С.Таудаева, С.Рахмет­жанов, С.Абдрахманов, А.Қоса­нова, т.б. бар.

 

Қалай десек те, Қаратөбе ән мен жырдың, сал-серіліктің, қазақ әнінің туы тігілген қасиетті мекен екені анық. Батыс ән дәстүрінде сал Мұхит, Ғарифолла Құрманғалиев, Жақсылық Сәрсенғалиев, кейінгі толқын Сағадат Рахметжанов, Серік Абдрахманов, Сабырғали Исмурзин, Асхат Оразов, Фархат Оразов, Мереке Есқайыров, Армат Исламғалиевтердің дара болмысы, сара жолы бар. Осындай арда азаматтарымыз барда, дәстүрлі ән өнері ешқашан өлмейді деп ойлаймыз.

Маралбек  АМАНТАЕВ

 

Сағадат Рахметжанов,

Мұхит Мералиев атындағы қоғамдық қордың директоры,

Ғарекеңнің шәкірті,

Қаратөбе ауданының құрметті азаматы:

– Өткенде Қаратөбе ауданы орталығындағы мәдениет үйіне ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші-сазгер, опера әншісі, ұстаз, Мұхит ән мектебінің негізін қалаушы Ғарифолла Құрманғалиевтің есімін беру туралы бастама көтергенбіз. Аудан әкімдігі, мәдениет бөлімі,  депутаттар бұл шешімді қабылдауға қарсылығымыз жоқ деген. Бірақ Ғарекеңнің есімі тарихи тұлғалардың тізімінде жоқ деп айтты дегесін, жұмыс қылып әдейі Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөліміне бардым. Бөлім басшысы Ізбасар Мэлсұлын әуелден танитынмын. Оның айтуынша,  соңғы бірер жыл көлемінде Мәдениет министрлігіне облыстан бірталай тарихи тұлғаның тізімі жіберілгенімен, сол тізімнен Ғарифолла Құрманғалиевті Мәдениет министрлігі сызып тастапты. Міне, «ғажапты» қараңыз. Ғарекеңнің есімін тарихи тұлғалардың тізімінен неге алып тастаған? Оралда Ғарекеңнің атында филармония мен қаланың шет жағында бір шақырымға жетпейтін шолақ көше ғана бар. Сол да жетеді деп ойлады ма екен? Айтпақшы, Ғарекеңнің 100 жылдығына орай Оралда ескерткіш орнатылып еді. Оны да қалалық мәдениет үйінің шарбағына жасырып қойған. Ол жер арнайы біреу іздеп бармаса, көптің көзіне түспейтін орын. Еліміздің батыс аймағындағы әрбір облыс орталығына Ғарифолла Құрманғалиевтің ескерткіші орнатылып, көше берілсе де артық емес. Өйткені батыс аймақтағы облыстардың кәсіби ән мектебінің негізін қалушы Ғарекең екені айдан анық. Ғарекеңнің көзі тірісінде үндей алмаған кейбіреулер ол кісі өмірден өткен соң әнін ұрласа, тіпті ол ақын емес, музыкалық сауаты жоқ деп әні мен сөзіне өзгерістер енгізіп, Ғарекеңнің атына күйе жағып, қиянат жасап жүргендер де баршылық. Нұр-Сұлтан қаласынан көше атауын беруді сұрағандарға да Ғарекеңнің есімі тізімде жоқ деп айтады екен. Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі, өнерге жақын жерлес ініміз Нұрғиса Дәуешов осы мәселені назарға алып, оң шешім шығарады деп есептейміз.

 

Меруерт ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

Ғарифолла Құрманғалиевтің қызы:

– Қазіргі таңда біз Президент  Қ.Тоқаевқа, облыс әкімі Ғали Есқалиевке және Қазақстанның мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға хат дайындап отырмыз. Жауабы және хат көшірмесін редакцияға да жолдайтын боламын. Әкемізді насихаттап, ұмытпай қолдау білдіріп, бастама көтеріп жатқандарыңызға көп рақмет!

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы